pexels.com

Ми мен жүректі қорғау үшін қандай дәрумен ішу керек?

Адам ағзасындағы маңызды процестердің көпшілігіне қатысатын В тобының дәрумендері денсаулық үшін аса маңызды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Тафтс университетінің мамандары жүргізген зерттеу нәтижелері бұл дәрумендердің жүрек пен миды қорғауда үлкен рөл атқаратынын көрсетті. Ал олардың жетіспеушілігі деменция мен қан тамырлары ауруларына себеп болуы мүмкін. Зерттеу қорытындысы университеттің ресми сайтында жарияланған.

Ғалымдар В12 мен В9 (фолий қышқылы) дәрумендерін ерекше атап өтті. Бұл дәрумендердің тапшылығы жүйке жасушаларын зақымдап, қандағы гомоцистеин мөлшерін арттырады. Нәтижесінде инсульт пен есте сақтау қабілетінің төмендеуі секілді қауіптер туындайды. Тағы бір маңызды мәселе – қарапайым қан талдаулары В12 дәруменінің жасырын жетіспеушілігін әрдайым көрсете бермейді. Сондықтан метилмалон қышқылы мен гомоцистеинге арнайы тест тапсыру – дәрумен тапшылығын уақытында анықтауға көмектеседі.

Мамандар В тобының дәрумендері есте сақтау қабілетінің әлсіреуін баяулататынын, жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін төмендететінін алға тартады. Мәселен, В2 (рибофлавин) кейбір адамдарда қан қысымын төмендетсе, В6 ағзадағы қабынуды басуға ықпал етеді. Ғалымдар дәрігерлерге бұл дәрумендердің маңызын ескеріп, қажетті деңгейде ұстап тұруды ұсынады. Себебі мұндай қарапайым түзету шарасы денсаулықты едәуір жақсарта алады.

Айта кетсек, бұған дейін зерттеушілер С дәруменінің де ерекше әсерін анықтаған. Аскорбин қышқылы тері жасушаларының өсуін белсендіріп, эпигенетикалық өзгерістер арқылы терінің қорғаныш қабатын күшейтетіні байқалған.