Жаңалықтар

Мейрамның мазмұндық мән-мағынасы

МЕЙРАМНЫҢ МАЗМҰНДЫҚ МӘН-МАҒЫНАСЫ
05.11.2015 06:17 17763

Мейрам ұлттық және мәдени дәстүр формасы ретінде

Мейрамның мазмұндық мән-мағынасы

Мереке адамзатқа тән құбылыс ретінде ғалымдар назарынан тыс қалған жоқ. Оның этнографиялық мәні, сипаттамасы, ұлттық түрлері, әлеуметтік –көркемдік мәні, социологиялық нысан, педогогикалық құрал және кәсіби әрекет ретінде ғылыми мәселелері қарастырылады. Олардың әрқайсысының өзіндік мақсаты орындалып, тиесілі бағаланды. Алайда, осы күнге дейін мерекелердің адамзат мәдениетінің бір саласы ретінде, оның ішінде ұлттық мәдениетті қалыптастырудағы орны арнайы талдау нысанына алынбаған.

Археологтар, тарихшылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар пайымдауынша мереке - мәдениеттің ең көне формаларының бірі. Мәдениет тарихын зерттеуші, атақты ғалым М.М. Бахтин ойынша “мерекенің қандайы болмасын – адамзат мәдениетінің алғашқы формасы”. Мерекені зерттеуші ғалымдардың алғашқысы Д.М. Генкин – “мерекелердің терең тамыры адамзаттың балалық шағынан бастау алады”, - дейді. Мерекелердің туындау көзін қарастырған кезде тек қана бір этностың бастау көзін зерттеп үйрену мүмкін емес, өйткені біз тарих тереңіне бойлаған сайын халықтар арасындағы белгілер мен айырмашылықтардың іздері де соғұрлым өше береді. Сондықтан белгілі бір халықтың, ұлттың, этностық мерекелерінің бастауын, қайнар көзін тұтас тарих тереңінен және тарихи тағдыры ортақ немесе жақын халықтардың тарихынан іздестіреміз.

Мерекелер демократиялық мәдени құбылыс ретінде ел, дәуір, халық туралы ой-пікір қалыптастырады. Мерекелердің тарихи-мәдени дамуы мен халықтық сипатына талдау жасап, жоғарыда айтылған пікірге дәлел таба аламыз. Мерекелер тарихын, тіпті үстірт шолудың өзінде, мерекелеу барысында көркем шығармашылықпен айналысу халықтың табиғи қажеттілігі болғанын аңғарамыз. И. Шароевтың айтуынша, бұқаралық мерекелер тарихы отыз ғасырға жуық бұрын бастау алған. Тіпті Көне Грецияда “эортология” (грек. έορτή мейрам + грек. λόγος, сөз, ақыл, пікір деген мағынаны білдіреді. Яғни мерекелерді зерттейтін ғылым саласы) - мерекелер туралы ғылымның дамуы да қаралып отырған мәселенің түп тамыры тереңде жатқанын дәлелдейді. Адамзаттың тарихи қалыптасуын зерттеген Ю.И.Семенов палеоантроптардың зкзогамиялық қарым-қатынастарын сипаттай келе, оргиастикалық промискуиттік мерекелердің туындау себебіне тоқталады.

Көшпелілер өмірінде мерекелеу, тойлау, рәсімдік әрекеттерінің қалыптасуы туралы мәліметтерді тек археологиялық қазбалардан емес, сонымен бірге дала галериясы іспеттес сақталып қалған тасқа қашалып жазылған көне дәуірден келген суреттерден де анықтауға болады. А.Ц. Медоевтың “Наскальные гравюры”, Р.Л. Садоковтың “Тысяча осколков золотого саза”, Ө. Жәнібековтың “Эхо”, Т. Қоңыратпаевтардың “Көне мәдениет жазбалары” еңбектерінде келтірілген қазақ мәдениеті қалыптасуының бастауалды мәліметтерінде мерекелеу, тойлау, халықтық рухани қажеттілігі болғандығы дәлелденеді.

Мереке ұғымы барлық халықтардың сөздік қорында бар. Латын тілінде – festa – табынушылыққа арналған ерекше күн, көпшілік ойын-сауығы, ләззат алу, тіршілік қуаныштары.

Көне еврей тілінде – хаг, хагаг – билеу. Орыс тілінде – жұмыс істемейтін, мерекелік уақыт.

Қазақстан ғылымында “мереке”, “мейрам”, “той” - қоғамдық құбылыс ретінде арнайы зерттеу нысаны болмаған. Сол себептен анықтама мен ұғымдарды сөздіктерден ғана іздестіруге мәжбүр боламыз.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде “той – қуанышты жағдайға байланысты ел шақырылып өткізілетін ырду-дырду жиын, ойын-тамаша” , - деп түсінік берілген. Бұл түсінік бойынша той – халықтың қуанышты оқиғасының атауы, тек эмоционалдық тұрғыдан сипатта берілгендегісі. Сонымен бірге “той”, “тойыну” сөзінің екінші мағынасы өтеу сөзінің де түсіндірмесі, тек “тойыну” сөзінің екінші мағынасы тамаққа ғана емес ләззатқа бөлену, қанағат табу ұғымы да бар. Қазақтың “қызығына тоймаймын”, - деп бал қуанышына бөленуін білдіреді. Сонда қазақтың “той” деген сөзі тек тамақтану ғана емес, сонымен бірге рухани қанағатты да сипаттайды екен. Ендеше, қазақ тіліндегі “той” сөзі біріншіден, орыс тіліндегі “пиршество” сөзінің мағынасымен салыстырсақ, басты компонеттері дастархан мәзірі мен ойын-сауыққа негізделген мәдени әрекет те, ал екіншіден “праздник” сөзінің мағынасына – қуанышты оқиғаға қоғамдық сипат беру болып отыр. Ал қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде “мереке – салтанатты жиын, ойын-тамаша” , - деп анықтама берілген. Әл Бирунидың “Памятники минувших поколений” еңбегінде мереке туралы мәліметтер берілген. Соғды мерекелерінің тізбегін келтіріп, сауда мен базар, жүзімнен жасалған сусындарды ішу, өлгендерді еске алу мерекелері мен хорезмдік сыртқы киімдерді шешу, от жағу, халықты қорғау үшін шыққан патша, жыл басы, жыл ортасы, суға табыну, қысқа үйлерге қоныстану мерекелерінің шығуы мен тойлану мерзімі, тойлану әдістері жайлы маңызды естеліктер қалдырған. Осында “күн мен түннің күзге теңелуін парсылар “меһрен” деп атаған” , - делінген. “Наурыз” бен “Меһрен” парсылардың негізгі мейрамдары болған. Парсылардың көне тіліндегі “меһрен” сөзі мен “мейрам” сөзінен тек үндестік қана емес, мазмұндық сәйкестік табуға да болады. Алдыңғы ұрпақтың қалдырған рухани мұрасы – мерекелерге табиғат өзгерістері ықпалымен ауысып тұратын еңбек формаларына байланысты мерекелермен қатар өз заманының діни көзқарасымен пайымдалған табынушылыққа байлынысты мерекелер де сипатталған. Сонымен, шығыс сөздік қорында қолданылатын мереке, мейрам, меһрен, той – бір мағына білдіріп, қуанышты жағдайдың сипат алуы, ұйымдастырылу аясымен ғана ерекшеленетінін анықтадық. Ал біздің зерттеуімізде той және мереке ұғымдары бірдей мағынада қолданылмайды. Өйткені, мерекенің тойға қарағанда алатын орны ауқымдырақ. Ол жөнінде төменгі тақырыпшаларда толығырақ айтамыз.

Мереке немесе мейрам кез келген мәдениеттің әмбебап және маңызды феномені, өйткені қазіргі кездегі ұлттық, мемлекеттік және кәсіби мерекелер қоғамның құндылықтар жүйесін біріктіреді, сонымен қатар мемлекеттің және оны мекендейтін халықтардың өркениеттер арасындағы орнын анықтайды.

Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында қалыптасқан мерекелік практикаларды зерттеген Штефан Плаггенборг мейрамның ықшам және мазмұнды анықтамасын берген. Оның айтуынша, “праздники можно назвать высшей формой репрезентации, так как при их проведении соединяются в одно целое, в ансамбль разные уровни выражения: слово, изображение, движение, инсценировки”.

Мәдениеттегі Мейрамның алатын орны.

“Игі істер атқару мақсатында көңіл көтеру дұрыс, себебі көңіл көтеру – демалыс, ал үнемі үздіксіз жұмыс атқаратын адамдарға демалыс өте қажет” - ,  деп Анахарсис айтпақшы, мейрам дегеніміз – күнтізбедегі белгілі бір жағдайға немесе маңызды бір оқиғаға сәйкес сакральды (қасиетті) ұғымды иеленетін, мәдени және діни салттармен байланысты уақыттың бір бөлшегі. Сонымен қатар бұл сөз өзінің мағынасына лайықты басқа жағдайларда да қолданылады.

1.      Күнделікті күндерге қарсы, күнтізбеде қойылған ресми демалыс күні;

2.      Бос уақыттың қызықты өтуіне орай, бұқаралық сауықтық іс – шара;

3.      Белгілі бір қуанышқа арналған күн;

4.      Жалпы адамдардың рухани күйінің тынығуы. Біздің сөз тіркесімізде “өмірдің мерекесі”;

5.      Адамдардың қызықтай жүріп, демалуына қажетті атқарылатын шаралар жиынтығы;

Э. Дюркгейм мен М. Элиаданың көзқарастары бойынша мейрам – адамның күнделікті өміріне мүлдем қатысы жоқ сакральды және бейбіт өмірінің кезеңі. Мейрамның күнтізбелік табиғаты адам өмірінің ритмдары және жаһанның ритмдарымен жарасады, ол қоғамда орын алып жатқан тәртіпсіздікті ретке келтіруге көмектеседі. Мейрамның әртүрлі типтері болады, бірақ оның бәрі адамдардың көңіл - күйіне, қуаныштарға, ән-би мен мерекеге қатысты жағдайлармен сипатталады.

Негізінен алып қарасақ мейрамның басты қасиеті - адамдарды біріктіреді және мейрам болған күні адамдар өзін еркін сезініп, бойларындағы күш-қуаттары тасып, бір-біріне қуаныш сезімдерін білдіруге тырысады.

Мейрам мемлекет тарихындағы ең маңызды күндер мен діни культтармен байланысты. Қазіргі ғылыми энциклопедияларға сүйенсек, ерте заманда мейрам қандай рөл атқарса, қазір де сондай адам өміріндегі маңызды рөлді иеленеді. Мереке – бір адамның құрметіне немесе белгілі бір жағдайға байланысты ұйымдастырылатын қуанышты күн. Ол адамның күнделікті өмірінде үзіліс жасап, қуаныш пен көңіл-күйді жақсартып, ең бастысы - адамның жеке эмоциясын көпшілік ортада сыртқа шығарады. Мерекелерге талдау жасаған кезде, олар әр кезеңге сәйкес тарихи құндылық болып саналады. Маңызды оқиғаларды еске түсіру арқылы мереке - әдет-ғұрыптарды атадан-балаға мұра ретінде қалдырудың маңызды механизмі болып есептеледі. Көптеген елдің тәжірибесіне келетін болсақ, мереке бұл - тек қана мейрамдату емес, сонымен қатар, тән мен жанның тынығуы, адамның өмірінің қуанышы. Мерекенің басты қызметі – қоғамдық мәдени ықпалдастықтағы адамдар қауымдастығын нығайту. Кез-келген деңгейдегі мерекелiк спектакль отбасылық мерекенiң түрi бойынша құрылады, сонымен бірге адамдар арасындағы ықпалдастықты күшейтуге талпыныстар жасалынады. Мысалы, басқарушыны бағынушыларға, елбасын халыққа жақындатады. Жалпы алғанда, бiр әлеуметтiк ортақтықты біріктіреді.

Жалпы, мейрамның негізгі коммуникативті, идеологиялық немесе тәрбиелік, интегративті, регулятивті, компенсаторлық және эстетикалық қызметтері бар.

Мейрамның коммуникативті қызметіне тоқталатын болсақ, оның ерекшелігі қоғамның жадында сақталып, үнемі әлеуметтік кеңістікке трансляцияланатын рәміз, рәсім және мәдениеттегі циклдік қайталануы арқылы көрініс табады (мысалы, Ораза айт, Құрбан айт, Наурыз мейрамдары сияқты).

 Мейрамның идеологиялық (тәрбиелік) қызметі арқылы ұрпақтың салт-дәстүрден алшақтамауы, ата-бабамыздың сенімі мен ой-идеяларын жоғалтпауы қамтамасыз етіледі. Негізінде идеологиялық сипат мейрам табиғатына тән нәрсе, сондықтан оны әрқашан үстем тап өкілдері қоғамдағы бірлікті, мемлекет ішіндегі ынтымақтастықты нығайтуға үнемі қолданып келгенін адамзат тарихынан байқаймыз. Қазақстандағы дәстүрлі, ұлттық және діни мерекелермен қатар, жаңа мерекелер де идеологиялық, яғни тәрбиелік сипатқа ие болуда.

Интегративті қызметі арқылы мейрам қоғамды, соның ішінде (аймақтық, кәсіби, этникалық, діни және т.б) топтарды біріктіреді.

Мейрамның регулятивті қызметі де адам өмірінің негізгі кезеңдерін стандарттайды. Бұл қызмет түрі мейрамның көптеген түрлерінде кездеседі, соның ішінде – туған күнді рәсімдеу, адамның дүниеге келуін, өлім және оны жерлеу салттары,  күнделікті қоғам өмірін қалпына келтіру, қандай тамақты пайдалану сияқты халық үшін маңызды қыметтерді атқарады.

Мейрамның компенсаторлық қызметі адам организмінің еңбектену және күнделікті күйбең тіршілік барысында сарқылған күш-қуатын толықтыру барысында көрініс табады. Күн сайынғы қайталанатын процесстерден ада болған адам, басқа бір әлемге енгендей күй кешіп, психологиялық және рухани компенсация алады.

Мейрамның эстетикалық қызметі тек мейрамдарға ғана тән емес, ол адам өміріндегі кеңістік пен уақытты қайта рәсімдеу, оларға қуаныш пен үйлесім кіргізу арқылы адамдарды қоғам өмірімен байланыстырады. Бұқаралық мәдениеттің ішкі көрінісі анықтық, тиімділік, ауқымдылық сияқты кең көлемдерімен бұқара санасының мүмкіндіктеріне еніп, идеалды, эстетикалық қағидалар мен құндылықтарды белгілейді. Қай кезеңде болмасын, мейрамдар қоғамның  эстетикалық идеалдарын нығайтуға ерекше қызмет етті.

Мейрамның әртүрлі қызметтерінің айқындалуы барысында, көптеген ғалымдардың мейрамға берген түсініктері мен концепцияларын атап кете аламыз.

Мейрам өзінің күрделілігімен және артықтығымен бойына көп түрлі аспекттерді жинақтайды. Бастапқыда бұл мәселеге, антикалық философтар Аристотель, Платон, Сократ, Пифогор көңіл аударып, мейрамның мәнін қоғам өмірі мен адамдар үшін белгілі бір оқиғаның уақытша және қорытындылаушы жағы деп дәйектеме келтірген болатын. Ал теориялық жағына тоқталатын болсақ, мәдениеттанушылар, этнографтар, философиялық және мәдениеттанулық антропологтар мейрамның табиғаты мен мәнін анықтайтын мифологиялық немесе циклді (М. Элиаде, А.Н. Афанасьев, А.А. Потебня және т.б.), еңбектік (В.И. Чичеров, В.Я. Пропп және т.б.), антропологиялық (Д. Фрезер және т.б.) және ойын (И. Хейзинга, М. Мосс және т.б.) концепциялары кеңінен таралған. Э. Лич, Э. Тайлор, В. Тэрнер сияқты ғалымдардың еңбектерінде мейрамды мифтік және салт-дәстүрлік бастама деп қарастарады. Олар “мейрам”, “мереке”, “думан” феномендерінің пайда болуын әртүрлі түсіндіреді. Бірақ мейрамның атқаратын функцияларын анықтауда жоғарыдағы ғалымдардың ойлары бір жерден шығады. Яғни, Штефан Плаггенборг ерекше атап кеткен репрезентативтілік мейрамның атқаратын міндеттері арқылы жүзеге асатынына келіседі. Сол концепциялардың әрбіреуіне жекелей тоқталып кетсек:

Мейрамның антропологиялық концепциясын ағылшын ғалымы Дж. Фрезер өзінің “Алтын бұтақ” еңбегінде көрсеткен болатын. Ол да басқа ғалымдарға еліктеп мейрамды дінмен, мифологиямен байланыстырған болатын. Дегенмен бұл еліктеу, Элиадамен салыстырғанда, ол құдайларға емес, табиғатқа еліктейді. Яғни, табиғаттың туылуы, өсіп-өнуі сияқты мәселелерді қозғайды. Мысалға алсақ, вавилондық Таммуз, египеттік Осирис, фргигийлік Аттис. Бұл құдайлар да табиғат секілді, көктем кезінде тірілу үшін, қыс мезгілінде өледі. Адамдар мейрамды сол үшін ойлап тапқан деседі. Әр мезгіл болған сайын, сол мезгілге арнап, белгілі бір мейрамды ойлап тапқан, егер сол мезгілдегі мейрамды жақсы өткізсе, келесі келетін мейрам өз жақсылықтарын алып келеді деп сенген. Джеймс Джордж Фрэзер адамның рухани дамуының 3 сатысын көрсетеді: магия, дін және ғылым. Фрезер бойынша діннің келуімен магия түгелімен жойылып кетеді. “Магия” сатысында адамдар өздерінің бойларындағы күштеріне сеніп, қоршаған әлемді магияның күшімен өзгерткісі келеді. Бірақ адамдар кейін өздері де түсінеді, себебі әлем тек құдіретті күшке ғана бағынады. Үшінші сатыда бұл ойларынан да бас тартады. Себебі олар табиғаттың тылсым күштерін танып біле бастайды. Олар табиғатты толықтай танып білген соң, әлемді басқарып отыратын Жаратқан емес, “табиғаттың заңдарымен” деп ұғынды.

Ал құрылымдық антропологияның негізін салушылардың бірі К. Леви-Стросстың пікірінше мейрам мәдениетті тудырушы “тіл”, “мәтін” деген сөздермен анықталады. Ол француз этнографы Жан Жак Руссо сияқты алғашқы қауымдық құрылыстың адамгершілік негіздерін аса жоғары бағалай келіп, қазіргі заман өркениетінің салдарынан қаймағы бұзылған адам бойындағы сезімдік және рациональдық бастаманың бірлігін қалпына келтіру қажеттігі туралы ойға келеді. Осы орайда ол “миф - коллективтік сананың басты мазмұны, тұрақты әлеуметтік құрылымның негізі” дей келе мейрамды мифпен байланыстарады. Тағы айта кетерлік жайт Р. Барт, М. Блок, Ж. Деррида, М. Фуко бізге мейрамның феноменін - қазіргі заман мәдениетінің құрамдас бөлігі есебінде ұсынады.

 Ал мейрам мен күлкі мәдениетінің байланысы бар екендігін М.М. Бахтин, Д.С. Лихачев, Ю.М. Лотман, A.M. Панченко, В.Я. Пропп, Б.А. Успенский өз еңбектерінде атап көрсеткен болатын.

Ары қарай менің қызығушылығым нидерландтық философ-мәдениеттанушы Й.Хейзанганың ойын концепциясын мейраммен байланыстыруына түскен болатын. Оған дейінгі көптеген зерттеушілер мейрамды ойынның ажырамас бөлігі ретінде қарастырса, бұл ғалым мейрам ойынның ең негізгі бөлігі және адам мәдениетінің эпицентрі деген болатын. Мейрам қасиетті ойындардың жарқын және толық көрінісі ретінде көрінеді.

Й. Хейзинга өзінің жоғарыда  аталған еңбектерінде ойынға тән қасиетті ерекшеліктердің бірнеше түрін нақты көрсетеді. Оның түсіндіруінше, ойын – мағынаға толы функция. Ойын өмірге өзіндік рең, сипат береді. Ойын элементін мәдениеттен іздесек, онда мәдениет құбылысы ойындық сипаттарға толы екенін байқаймыз. Ойын мәдениеттен бұрын қалыптасқан, ол мәдениет даму кезеңдерінің бәрінде дерлік кездеседі, оларға нәр беріп тұрады. Адам күнделікті тіршілігінде ойынмен кездеседі. Ойын нақты өмірден, күйбең тіршіліктен дараланып тұрады, ойын олардан асқақ, биікте тұрады.

Й.Хейзинганың концепциясы бойынша, ойын табиғатының ерекшеліктері мынадай: ойын ең алдымен еркіндікке, бостандыққа негізделеді, ойын шын мәніндегі еркіндіктің өзі. Ол – еркін әрекет, онда күштеу жоқ. Ойын шектілік сипатқа ие, ол кеңістіктің бір нүктесінде және алдын ала нақтыланған уақыт аясында жүзеге асады. Ойынның басты сипаты оның ойналатындығында, белгілі бір келісілген уақытта басталып, аяқталып отыратындығында. Ойын рухани құндылық ретінде есте сақталып дәстүрге айналады, кез-келген уақытта қайталанады. Ойынға сәттілік, құштарлық, бәсекелестік, тәуекел элементтері тән. Бұл элементтер ойында бәс тігу, қызымпаздық, қатыгездік сияқты жағымсыз қылықтардың тууына себепші болады. Мейрамда да да сәл сондай концепциялар орын алғандықтан екеуін бір-бірімен байланыстырған болатын.

Бұл келтірілген мысалдар мәдениеттегі мейрамның маңыздылығы мен көпқырлылығын білдіреді. Көптеген жаңа замандық авторлар мейрамның әлеуметтік мағыналығы жағынан әлсіреуін құндылықтар сферасының сапасының төмендеуімен көрсетеді.

Кез келген мәдениетте алғашқы мейрам түрлері, шығу тегінің ерекшеліктеріне қарамастан, дәстүрлі шаруашылық сипатқа ие. Уақыт өте келе, соның ішінде ХХ ғасырда орын алған жаһандану және батыстану ықпалымен, мейрамның ұлттық және мәдени формалары өзгеріске ұшырады.

Көшпелі қазақ қоғамынан салт-дәстүрге негізделген той-думандарымен бірге (үйлену тойы, бесік тойы, сүндет тойы және т.б.), бізде тек Наурыз мейрамы ғана сақталды. Қымызмұрындық, Мизам, Соғымбасы сияқты мерекелік іс-шаралар өзінің мейрамдық сипатын жоғалтты. Кенес дәуірі кезінде қазақтын мерекелік мәдениетіне өзге өркениеттік және тарихи оқиғалар ықпалының нәтижесінде жаңа мерекелер енді (Жаңа жыл, Женіс күні, Қазан төнкерісі күні, 1 мамыр, 8 наурыз және т.б.). Егемендік алғаннан кейін кейбір мейрамдар жойылып  (Қазан төнкерісі, 23 ақпан), біразы жаңа заманауи сипатқа ие болды (Жаңа жыл, 8 наурыз, 1 мамыр). Сонымен қатар, егемендік алғаннан кейін діни мейрамдар жанданып, дәстүрлі той-думандар инновациялық өзгерістерге ұшырады.

Дегенмен, қазақ мәдениетіндегі кез келген мейрам өзінің социомәдени ынтымақтастық міндетін атқарып келуде. Осы мерекелік мәдениеттің  интеграциялық міндетін біз келесі параграфта қарастыруды жөн көрдік.


Құндыз ХАИРҒАЛИЕВА

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға