facebook.com/therealfrankcaprio

Мейірімділігімен желіде танылған судья өмірден өтті

Сот залындағы жүректі тебірентетін әрекеттерімен танымал болған судья Фрэнк Каприо 88 жасында ұйқы безінің қатерлі ісігінен көз жұмды. Бұл туралы оның ресми Facebook парақшасында жарияланған мәлімдемеде айтылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Род-Айленд штатының Провиденс қаласының судьясын көпшілік «Провиденсте ұсталғандар» атты телесериал арқылы біледі. Оның үзінділері әлеуметтік желілерде, әсіресе TikTok-та кең таралып, миллиондаған көрермен жинады. Сол жерде Каприоның 1,6 миллион жазылушысы болған.

Оның мұрасы шабыттанған адамдардың сансыз ізгі істерінде сақталады. Біз де оның құрметіне әлемге аз да болса мейірім әкелуге тырысамыз, – делінген мәлімдемеде.

Каприо соттағы адамгершілігі мен айыпталушыларға түсіністікпен қарайтыны үшін «әлемдегі ең мейірімді судья» атанған. Сериал 2000 жылдан бастап көрсетіліп, төрт рет «Эмми» жүлдесіне номинацияланған.

Фрэнк Каприо 1985 жылдан 2023 жылға дейін Провиденстің муниципалдық сотының судьясы қызметін атқарды. 2023 жылдың желтоқсанында, 87 жасқа толғаннан кейін көп ұзамай, ол әлеуметтік желіде өзінің қатерлі ісікке шалдыққанын жариялаған еді.