Жаңалықтар

Мейірімді қоғамды қалай қалыптастыруға болады?

Мейірімді қоғамды қалай қалыптастыруға болады?
Фото: El.kz 03.04.2023 10:48 3645

Биылғы оразаның наурыз мейрамымен тұспа тұс келуінің символдық мәні бар секілді.

«Біз еліміздің ауызбіршілігін сақтай білсек, кез келген қиындықты еңсереміз. Әділетті Қазақстанды құрып, елімізді одан әрі өркендете береміз деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!» деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған орай қазақстандықтарды құттықтауында.

Алланың адамзатқа сыйлаған ерекше шапағаты – мейірімділік ораза кезінде айтылатын басты әңгімеміз болып отыр. Мейірімділік. Бұл – жай сөз емес. «Сұлулық әлемді сақтайды» деген сөз бүкіл әлемге тарап кеткені белгілі. Бірақ оның арғы жағында тұрған мейірімділік мәселесін ескере бермейміз. «Негізі әлемді бірінші кезекте мейірімділік сақтайды» десек артық болмас еді. Осы мейірімділік мәселесін зерттей келе Алланың адамзатқа артқан басты аманаты осы екендігіне көз жеткізген жанмен ораза кезінде әңгімелесуді жөн көрдік.

Моңғолияда ірі қызмет атқарып, тәуелсіздіктің арқасында Қазақстанға келіп, осындағы зиялы қауым өкілдерімен араласып, газет журналдарға көлемді мақалалар беріп жүрген Үзбен Құрманбайұлы ағамыздан көз жазып қалған едік. Сөйтсек үш жыл Түркияда тұрып келіпті. Бәйбішесі қайтыс болып, осында әкеліп жерлепті.

Үзекең Түркияда жүргенде бос жатпаған. Үш жыл бойы «Мейрімді қоғамды қалай қалыптастыруға болады» деген сұрақпен бас қатырған. Талай кітап ақтарған. Шығыс пен Батыс философтарын індете оқыған. Сөйтіп, Батыс философиясының бұл сұраққа жауап бере алмайтындығына көз жеткізген. Қайта бұл сұраққа жауап іздеуде сонау әл-Фарабиден басталатын шығыс философиясының мейлінше жақын келетіндігін аңдаған.

Мейірімді қоғамды қалай қалыптастыруға болады?

Осындай ой үстінде жүрген Үзекеңе қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықты тыңдайтын мемлекет», ашық қоғам құру бағытындағы сөйлеген сөздері ұнайды екен. Сәті келіп тұрған сұхбат болып тұрған соң жақында Үзекеңмен әңгіме-дүкен құрған едік.

«Президенттің бұл бастамасы адамдарымыздың аңсаған мейірімді қоғамын меңзеп отыр.  Ал, мейірімділікті кім аңсамайды, бүткіл жаратылыс бір-бірінен мейірімділік аңсап тұрады, сол мейірім тірлік болып жалғасады. Егер жаратылысты жаратып, оларды бір-біріне үйлестіріп, сәйкестіріп, басқарып тұрған Жаратушының «Мейірімділік заңдылығын» түсініп, оған бағынған күннен бастап, адамзат баласы басқаша өмір сүретін болады. Алланың мейірімділік заңдылығын танып, оны өмірде қолдана білсек сонда ғана алдымызды  аша аламыз» дейді Үзекең. 

- Ал енді осы ойыңызды тарқата айтыңызшы.

- Айтсам былай:Тіршіліктегі жалғыз ғана ақыл ой иесі адамзат баласы сан миллион жыл бойғы өмір азабын арқалап бүгінгі дәуірге жетті, бірақ тірліктің нақты көзі Алланың мейірімділік заңдылығында екенін тани алмады. Өмір азабын арқалап деуіміздің де өзіндік мәні бар. Тарихшылардың өзі дөп басып айта алмайтын қауымдық қоғамда олар билеуші тапсыз болғандықтан еркін өмір сүрген шығар, бірақ табиғат қиыншылықтарынан (ыстықтан, суықтан, жыртқыш хайуандардан қорғанудың) азап тартқаны анық.

Құлдық, феодалдық қоғамдардағы әділетсіздік, теңсіздік айтпаса да түсінікті. Осы бір азапты өмірден құтылып, рахат тірлікке кенелу жолында адамзат баласы үнемі іздену, талпыну, күресумен болғанын білеміз. Адамдардың жаппай бақытты өмір сүруін армандаған ойшылдар қоғамдық жаңа құрылымдар ойлап табуға талпынды. ХV ғасырдағы Томас Мор, Томмазо Кампанелла сияқты Италия ойшылдары қоғамда адамдардың жақсы өмір сүруіне, бостандығына кедергі келтіретін өз дәуіріндегі қоғамдық құрылымды кемелдендіруге қатысты ұсыныстарын ортаға салғаны белгілі.

Алайда олар  утопиялық ойлардан аса алған жоқ.   Өйткені ғаламды жаратқан жаратушы күшті толық танып біле алмады. Дегенмен дін философиясында ілгерлеушілік болмады емес, болды. (Гегелдің «Дін философиясы туралы конференциялар»  атты еңбегі 1832 жылы жарық көрді). Ол негізінен христиандық нанымға негізделді.  Ал әріден бастасақ, әлемдік философияның  ұстазы саналған Аристотельдің өзі құдай мен қоса субстанцияны да (заттың біртұтастығының мәнділік қасиетін, тіршіліктің түп тамырын) мәңгілік санады.

Антикалық философия тұсында христиандық және исламдық сияқты дамыған діндердің болмауы салдырынан атақты философ Платон құдайды кейде «тәңір», кейде «тәңірлер» деп  жазды. Жаратылысты Жаратушы өзінің мейірімінен жаратты деп бір де біреуі айта алмады. Міне, осындай себептерден, менің ойымша, адамзат баласы «ізгіліктің нақты жолын» бүгінге дейін аша алған  жоқ. Мұнда дін философиясын негіздеушілердің  ұстанымы да әр түрлі. Мысалы атақты неміс философы И.Кант «адам адамға қасқыр» деп таныды.

- Дегенмен соған қарамастан, біз қазір саяси жүйелер арасында адамзатқа жайлылығы баламасыз болып есептелетін демократиялық құндылықтардың батыс елдерінен бастау алғандығын көріп отырмыз ғой.

- Иә, солай дегенмен буржуазиялық қоғам ойшылдары ойлап тапқан адамның еркін өмір сүруіне жол ашады деген демократиялық қоғам өткен қоғамдардан пышақ сырты ғана артықшылығы болғанымен әділеттің, еркіндіктің, теңдіктің берік қазығы бола алмайтынын философтардың өздері әлдеқашан мойындағанын білеміз. Осыны айғақтағандай бүгінгі бәріміз өмір сүріп отырған демократиялық қоғам өзінің әділдік, теңдік мәнінен мүлде айырылып қалды десек те болады.

Тіпті бертінде ғана өмір сүрген, ақша емес, тиынмен санасқан капиталистік қоғамның қолдан жасаған қайыршылығынан күдерін үзген Карл Маркс философияға диалектикалық материализмді әкелді. «Әділетті» коммунистік қоғам қатынасының жоспарлы экономикалық, ғылыми коммунизм теориясын жасады. Бірақ одан да қайыр болмады.  «Париж  коммунасы»  70  тәулік, «Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы» 70 жыл ғана өмір сүре алды. Сол жетпіс жыл жырланған «коммунизмнен» бүгіндері жұрнақ, жұғын да қалмады.

- Ендеше, әлемдегі ізгіліктің жолын сілтеген ғұлама Конфуцийдің отаны Қытай неге сол дана іліммен көгермей, коммунизм мен капитализмнің құйрығынан қатар ұстап жүр?

- Мұның да себебі түсінікті. Әлем халқы тығырыққа тірелетінін, соғыс өрті жайлайтынын, адамдар арасындағы қатыгездік, азғындық, бей-берекетсіздік етек жаятынын, жалпы адамзат өміріне қауіп төнетінін, жер бетінде бір адам тірі қалатын болса, кім қалатынын олар жақсы біліп отыр. Мұның ұшығы өзімізді де шарпыды, қоғамды тығырықтан шығарып, халықты тыныштандыру кезек күттірмейтін өзекті мәселеге айналғанын көріп отырмыз.

Ендеше, тірліктің кілтін қасиетті Құран кәрімнен, Алла жолынан іздейміз бе? Мұхаммед пайғамбар заманынан бері Алла жолынан таймаған арабтар əлемінің де жайын білеміз. Баяғы жалғыз себеп; араб əлемі ынтымақ-берекенің аздығынан алпауыт державалардың қармағына ілінді. Солардың азғыруымен қаншама ағымдар пайда болып, жан-жаққа тартты. Бұған дәлел бүгінгі таңда өз еліміздің де басын қатырып отырған  вахабиттер мен сопылық ілімнің тайталасы. Мұсылмандық ілімінің қайнар көзі арабтардың өзі Алланы толық тани алмай отыр.   Бұл менің жеке пікрім емес, еліміздегі көрнекті дін танушы 8 ұлттың тілінің білгірі Мұртаза Бұлұтай былай дейді: «Біздер Ауғанстан, Пәкістан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай жақтан немесе кейбір Араб елдері арқылы келіп жатқан ағымдардан аулақ болып, Құран кәрімнің өзін жақсылап зерттеуіміз қажет» дейді. Ендеше, біздің мұсылмандықтың негізі деп жүрген елдерде де түрлі секталар кесірінен Құран   кәрімді бұрмалаушылық жаппай етек алғанын түсінуге болады.

- Олай болса тірліктің нақты көзі әділетті, мейірімді қоғам жолын ашатын, мейірімділік заңдылығын кімнен қайдан іздеуіміз керек?

Əлбетте, өзімізден іздеу керек еді. Осы тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі қоғамды түбегейлі жаңарту үшін «Жаңа-Қазақстан, Әділетті Мемлекет» құру бастамасын көтерді. Бұл дегеніміз Азаматтық қоғамның бастамасы Мейірімді қоғам құру деген сөз. Философиялық  тұрғыдан ойланып, ізденіп көрсек, алдымызды ашатын бұдан өзге  жол жоқ екенін.

 Қазақ деген халық – ақыл мен даналықтың иесі, Жаратушысын атам заманынан танып білген халық. Жаратылысты бір Жаратушы Өзі жаратқанын және оны өзінің шексіз мейірімінен жаратқанын жақсы біледі. Жаратылысты жаратып, өзінің Мейірімділік заңдылығы арқылы ұйыстырып, ұштастырып тұрғанын да жақсы біледі. Он сегіз мың ғалам, галактика, жер, жеті қат көк бәрі ғалым Жорж Леметердің айтқан бармақтай затынан да, Эдвин Хабблдың ашқан жойқын жарылыс теориясынан да жаралған жоқ. Адамдар Ф.Энгельс айтқандай маймылдан да жаратылған жоқ, осының барлығына Қазақ философиясы нүкте қоятын дәрежеге жетті, дәлелі де айқын.

Дегенмен бұған бұрынғы басқыншылар мұрсат бермеді, содан болып философиямыздан, тарихымыздан, экономикамыздан, өркенімізден кенже қалғанымызды жасырмаймыз. Дегенмен орнында бар оңалар, орны да толар деген ойдамыз. Осы тұрғыда жаңа оқу құралдары дайындалып жатқанын да айта кету дұрыс деп ойлаймын.

 Философия дегеніміз ойлану, толғанудан басталады. Адамзат баласы ойланып, толғанып, жаратушы Алла деген теңдессіз құдіретті күшке күмəнсіз сенуге тиіспіз. Бірақ адамзат баласының бір жартысы әлі де Аллаға сенбейтіні өкінішті. Ең бергісі әлемді түпкілікті танып білуге саналы ғұмырын сарп еткен ұлы философтардың бір жартысы  диалектикалық материализмді қолдап, сананы матеряның туындысы деп есептесе, екінші жартысы идеалистік бағыт ұстанып, сананы алға шығарды.   Осы екі дау ғасырлар бойы жалғасып келеді. Бірақ осылардың бірінің негізінде адамзатқа бақыт сыйлайтын әділетті қоғамға әлемнің бір де бір елі қол жеткізген жоқ.

Бұл жерде неге деген сұрақ туындайды. Бұл сұрақтың жауабын мен ғылым мен дін пайымының арасындағы келіспеушілікпен түсіндірер едім. Қарапайым жолмен айтсақ, ғылымның негізгі бағытын ұстанушылар күні бүгін материалистік философия ілімі бойынша материя алғашқы, сана екінші деген қорытындыны алға тартады да Жаратушы Алланы  мойындамайды. Бұл жердегі басты кемшілік  адам санасы мен Алланың санасын шатастыру. Алайда ғаламның пайда болуына қатысты  ғылым саласын ұстанушы ғалымдардың пікірі де әр алуан, әрі нақты дәлелденген ұстаным күні бүгін жоқ десек артық айтқандық емес.

Мысалы: Белгиялық физик Жорж Леметрдің болжамынша әлем (он сегіз мың ғалам) осыдан  13,799 млрд. жыл бұрын жоқтан пайда болған. Ал бұдан бұрын ештеңе болмаған. Уақыт та, жұлдыздар да, тіпті кеңістік те, қараңғы да, жарық та бәрі болмаған.  Дәл осы сәтте көзге көрінбейтін өте кішкентай, өте тығыз, іші энергияға толы «зат» пайда болып, ол сұмдық жылдамдықпен үлкейе келіп жарылған дейді. Мұны ғылымда «Жойқын жарылыс» теориясы деп атайды. Осы жарылыстан шашыраған кішкентай бөлшектер бүгінгі галактикалар, бір ұшқыны жер планетасы, онда өмір сүріп жатқан тіршілік иелері деп көреді. 

Қысқасы, әлгі он сегіз мың ғалам осы көзге көрінгісіз кішкентай нүктенің ішіне сыйысып тұрған. Ол ноқат энергиядан тұрған, әрі ол энергия тепе-теңдікті сақтаған деп дәлелдейді. Бұл жаратылыстың (материяның) пайда болуын жоқтан бар болуға әкеліп тірейді. Бірақ «энергияға толы кішкентай затты» (нүктені) кім жаратқаны, қайдан пайда болғаны айтылмайды. Философияның материя жоқтан пайда болмайтын, бар дүниенің жоғалып кетпейтіні, тек бір түрден екінші түрге алмасатын заңдылығын ұстансақ, жоқтан бар жасау құдіретті Алла тағаланың ғана қолынан келеді деп есептейтін діни көзқарасқа ғана жақын.  Сол кішкентай бөлшекті Алла жаратқан болып, ғылым мен дін ұштасып жатыр. Бірақ Леметр де, өзге ғалымдар да жаратушы Алланы мойындамайды.

Ендеше, біз метафизиктер айтқан екен деп Құран кәрім аяттарында айтылатын он сегіз мың ғаламды Алла тағала жаратты деген тұжырымнан неге бас тартамыз? Бұл тұжырым дәлелсіз де емес. Алла тағала ғаламды жай ғана жарата салған жоқ, он сегіз мың ғаламды бір-біріне тығыз байланысты етіп, сәйкестікпен, аса шеберлікпен жаратты. Әрі ғаламды өзгермейтін, мәңгілік етіп жаратқан жоқ, уақыт пен кеңістік бірлігінде үнемі өзгеріп, дамып, жетіліп, кемелденіп отыратын етіп жаратты. Ал ғылым болса, мұны енді  ғана танып біле бастады. Мәселен  Жорж Леметрдің «Жойқын жарылыс» теориясын жетілдіруші АҚШ ғалымы Эдвин Хаббл 1929 жылы астрономиялық түзетулер мен есептеулер арқылы жер шарынан алыс жұлдыздар мен галактикалар үздіксіз алыстап бара жатқаны туралы жазады. 1949 жылы белгілі физик-ғалым Фред Хайл Хабблдың болжамын онан сайын жетілдірген соң бұл «болжам-теория» ғалымдар, әсіресе физиктер арасында кеңінен таралып, әлемнің бастау «нүктесі» бар деп қабылданған. Бұдан шығатын қорытынды жұлдыздар (галактикалар) бір кездері өз ара өте жақын, тіпті, бір нүктеден шыққан деген тұжырымға жетелеп алып келеді. Осы негізде ғылымда «кеңейген әлем» деген түсінік пайда болды. Бұл теория ғалымдар, әсіресе, физиктер арасында кеңінен таралып, қазіргі әлемнің басталу тарихы бар деп қабылданды. Бұл  ғылымдағы бұрынғы шексіздік туралы түсінікті шектеп,  әлемді жаратушы Алла тағала деген Құрани кәрімдік ілімнің дұрыстығын көрсетеді. Тіпті, бастапқы кезде «Жойқын жарылыс» теориясы «динамикалық эволюцияланған үлгі» деп те аталған. Британия астрономы Фред Хайл кейіннен әлемді түсіндіретін теориялар ішінде осы «Жойқын жарылыс» теориясына қарсы шығуы бұл теорияның нақты дәлелді еместігін көрсетеді. Қалайда ғаламның басталу «нүктесі»  бар болса ол нүктені жаратушы Алла екені де шындықтан алыстамайды.

- Жалпы ғалымдардың ғаламның пайда болуы жайлы тұжырымдарының барлығы да толық дәлелді еместігін аңғару қиын емес.

- Бұл жерде ғаламды танып білудегі адам ойының, ғылымның әлсіздігін ғалымдардың өздері де мойындайды. Мәселен  бүгінгі ғаламдар «Жойқын жарылыс» теориясын растап, ары қарай жетілдіруге талпынғандарымен нақты дәлелге қол жеткізе алмай келеді. «Кеңейген әлем» деген түсінікті жақтаушы ғалымдарымыздың өздері: «Қазіргі технологияның шектемесінен, әсіресе ірі үдеткіштердің мүмкіндігі әлі де шекті болғандықтан, әлем кеңеюінің алғашқы сәтін тіке жанама тәсілмен айқын түсіндіру әлі де қиын болып тұр»  дейді. Жойқын жарылыс теориясы әлемнің алғашқы кезеңі туралы әлі ештеңені нақты түсіндіре алмайды, оның бар мүмкіндігі сол алғашқы кезеңнен кейінгі өзгерістерді жорамалға негізделген күйде түсіндірумен ғана шектеледі» деп жазады Фред Хайл. 

Бұған дәлел бүгінгі ғылым толық дәлелдей алмай отырған «қара құрдым», «ақ құрдым» ұғымдары.  Бұл – өте қызықты және толық зерттеліп, сыры ашылмаған жұлдыз іспетті ғарыштық денелер. «Қара құрдым» асқан шексіз жылдамдықтағы өзіне бар затты, тіпті, алып жұлдыздарды, бүтін галактикаларды сорып, жалмап жұтып қоятын жойқын гравитациялық тартылыс күші бар, жарықтың өзі ұшып шыға алмайтын әлемдік құпия. Ал «ақ құрдым» - оған керісінше сырттағы заттарды ішке қабылдамайтын, тек өзінен денені сыртқа шығаратын  алып дүниелер. Бұл екеуінің қай-қайсысы да галактикалардың орта шенінде орналасқан.  «Қара құрдым» мен «ақ құрдым» арасында қарапайым түсінікпен айтқанда бірі жұтып, екіншісі сыртқа шығарып тұрған екеуінің ортасында порталды коридор бар тәрізді түсінік. Ол коридор мүмкін басқа әлемдерге апарар «төте» жолдар шығар деген де болжам бар.

Демек бұл ғаламның жаратылысы туралы ғылыми зерттеудің әлі де балаң екенін, дін мен ғылымның біртұтастығы жоқтығын тағыда көрсетіп отыр.

Жоғарыдағы ғылыми жаңалықтардың бәрі қасиетті Құран кәрімде бұдан 1400 жыл бұрын меңзеп берілгеніне ғалымдар назар аудырмай келе жатқаны өкінішті. Тіпті галактикалардың уақыт өткен сайын бір-бірінен алыстап бара жатқанын дәлелдейтін ғылымдағы «кеңейген әлем» теориясы Алланың заңдылығы екенін Құранның Зариат-51 сүресінің 47-аятын оқысаңыз толық түсінесіз. Аятта: «Аспанды күш құдіретімізбен жасадық, біз оны кеңейте береміз» деп жазылған.  Яғни бертін ХХ  ғасырда белгілі болған «Хаббл заңы» 1500  жыл бұрын  Құран кәрімде көрсетілген. Сонымен қатар «жойқын жарылысқа» ең алғашында не түрткі болды? Себепшісі не деген сұраққа ғалымдардың теориялық болжамдарында бір ізділік жоқ. Осы ретте ғана бір жаратушының, бір Алланың бар екенін кейбір ғаламдар мойындаған. Яғни сол «жойқын жарылыстың» детонаторы қозғаушы күші  болуы мүмкін деген ұғымға келген. Бұл Құранның «Ясин» сүресінің 81, 82- аяттарында былай беріледі. «Көк пен жерді жаратушының, солар сияқты жаратуға құдіреті  жетпей ме? Әлбетте жетеді, ол ерен жаратушы, аса білгір. Ол бір нәрсені (жаратуды) ниет етсе, оның бұйрығы оған «бол» деу ғана. Сонымен ол «бола қалады» дейді. Яғни «жойқын жарылыстың» бастау – түрткі күші дегеніміз жаратушының қалауымен, бұйрығымен «бола қалған» дегенді меңзейді. Бұл «жаратылыс» теория-моделін ислам дінімен қатар католиктер де, христиан дінінің православиялық протестанттық ағымдары, будда діні конфессиясы мақұлдап қабылдағаны белгілі.

Соңғы есеп бойынша ғаламда 350 миллиардтан астам алып галактикалар бар, тек біздің күн системамыз жер шарымыз орналасқан бір ғана «Құс жолы» галактикасында 200-400 миллиард жұлдыз бар деп есептегенде қазіргі адамзаттың ой-өрісі жеткен ғарыш кеңістігінде неше миллиард триллионнан астам  жұлдыздар бар болуы мүмкін. Осыншалық шетсіз-шексіз әлемнің жаратылысы «Ұлы Жаратушының шексіз құдіреті» дегенге жер бетіндегі көптеген ғалымдар сенбейді.

- Олардың ортасында Нобель сыйлығын алған, дүние жүзінің озық ойшылы, жаңалықты білімімен мойындатқан атақты ғұлама ғалымдар да баршылық.

 - Бірақ біздің көтеріп отырған мәселеміз  ғаламның жаратылуын ғылыми негізде дәлелдеу емес,  он сегіз мың ғаламды Алла тағала жаратқанын, Алланың мейірімділік заңдылығы негізінде жаратылғанын мойындау. Мұны біз қазақ деген халықтың даналығы, ғылымға қосқан үлесі деп бағалаймыз. Өйткені жаратылысты Жаратушы өзінің мейірімінен жаратты деп кім деген ғалым жаңалық ашты, Алланың мейірімділік заңдылығын бұрын соңды кімдер танып білді. Осы заңдылық негізінде бүгінгі әлемнің көп елдерінде басты ұстанымға айналған демократиялық қоғамды мейірімді қоғамға айналдыруды қоғамтанушы ғалымдар қолға алса деген ізгі ниет. Ал өзімізде еліміздің ата заңында көрсетілген «Азаматтық қоғамға» жетудің жолын мейірімділік заңдылығы өзі ашып беретін мүмкіндік туып отыр. Бұл  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан, Әділетті Мемлекет құру» идеясын жүзеге асырудың бірден бір жолы болуға тиіс.

 - Жалпы біздің бұл айтып отырғаныңыз әл-Фараби бабамызды «Ізгілікті (қайырымды) қала тұрғындары» туралы трактатына келетін секілді.

 - Әрине, әңгімеміздің басында менің мейірімдік философиясына батыс философтарының оншама жақындай алмағандығын, сондықтан мұның бастаулары шығыс философиясында тұрғанын айтуым бекер емес. Әл-Фраби бабамыз өз трактаттарында ізгілікті қала тұрғындары, содай-ақ оған қарама-қарсы надан қалалар тұрғындары болатынын, адасқан қоғамдардың қалыптасу себептерін сол заманның өзінде жазып кеткен. Біз бүгін сонда айтылғандай қоғамдардың адасуларына куә болып отырғандаймыз. Батыс философиясының даму негіздерінің бірі болып табылатын католик дінінің, әсіресе оның протестант тармағының қоғамдағы жеке адамның рөлін жоғары қоюы – буржуазия идеологтарының сол жеке адамға шексіз еркіндік бере отырып, ұлан-асыр байлық жасауын насихаттауына мүмкіндік берді. Сондықтан мен батыс философиясының даму сипаты мен табиғатының өзі мейірімділік мәселесін жеткілікті дәрежеде қамтуға қабілетсіз болды деп есептеймін.

Мейірімділік заңдылығын бүгінгі қоғамда қалыптасқан қарапайым ұғыммен алып қарасақ: Заңдылықтың халықаралық термині – легитимділік (лат. заңдылық, шындық) деген сөзден шыққан. Бұл қоғам, мемлекет тұрғысында  үстемдік етіп отырған саяси билікті халықтың мойындауы, оның шешімдерін растауы. Мейірімділік заңдылығы да осы жүйемен іске асуы қажет. Бұл ретте ғалымдарымыз «Мемлекеттік биліктің  заңдылығы қандай жағдайда орындалады?» деген сауалға, біріншіден, билік халықтың қалауынан, көңілінен  шығатын, көпшілік қауымның өмір тіршілігіне кері ықпал етпейтін аса мейірімді шешім қабылдауы, екіншіден, Мемлекеттік билік конституциялық қағидаларға сәйкес жүзеге асырылуы қажет» деп санайды.

Немістің көрнекті ғалымы Макс Вебер билік басына келудегі легитимділіктің абсолютты түрлері ретінде үш үлгі ұсынады. 1.Әдет-ғұрыптық легитимділік. Бұл қазақ менталитетінде толық қалыптасқан легитимділік. 2.Харизматикалық легитимділік. Өзінің ерекше батырлығымен, адалдығымен немесе басқаға үлгі қабілет-қасиеттерімен көзге түскен адамды басшы етіп жариялап, халық соған еру. 3.Ақыл-парасат, құқықтық легитимділік – саяси биліктің пайда болуы және өмір сүруі демократиялық талаптарға сай келе ме, сонымен анықталады. Мемлекеттік құқықтық тәртіп легитимділігінің ең биік дәрежесіне конституция тұр.  Бұл тұрғыда референдум арқылы Ата заңымызды мейірімді, әділетті қоғам құруға толығымен сай етіп өзгерте алдық. Басқаша айтқанда Конституциямыздағы суперпрезиденттік жүйені дәріптейтін баптардан толығынан бас тарттық.  Қазақстан Республикасының конституциясына Қазақ елінің түп мақсаты азаматтық, яғни, мейірімді қоғам құру екенін толық айқындадық. Өйтсе біздің мейірімді қоғам құруға мүміндігіміз толық.

Ендігі мақсат бұл істі (мейірімділікті) лауазым иелері басшылардан, солардың рухына, жүрегіне мейірім ұялатудан бастауымыз қажет. Біз басшыны сыйлап өткен, айтқанын екі етпейтін халықпыз. Ендеше бар билікті қолына ұстап отырған Президентіміз қол астындығы лауазым иелеріне «Сендер ең әуелі өз рухтарыңа мейірімділік қалыптастырыңдар, екінші қарапайым халыққа мейірім аясында қатынасыңдар» деген тапсырмасы жетіп жатыр. Басшылардан басталған мейірімділік қатынас бүкіл халықтық қатынасқа айналады, сол күннен бастап халықпен мемлекет бірге бола алады, бүгінгі сенбеушілік, қатыгездік түп-тамырымен жойылады. Ұлттық мүдде, ұлттық идеология осы бағытта жұмыс жасайды. Ол үшін арнайы концепция әзірлеу қоғамтанушы ғалымдарға міндеттелу керек.  (Жалпы Ғалымдардың жолын ашатын, соларға сүйенетін кез жеткенін айта кету дұрыс деп ойлаймын. Кеңес Үкіметі кезінде Саяси Бюро Мүшелерінен кейінгі орында СССР-дің Ғылым Академиясы болғанын білеміз).

Сөйтіп, адамның, қоғамның, табиғаттың жаратылысындағы Алланың құдіреті өмірде қалыптасып, үйлесім табуын мейірімділік заңдылығы деп атап отырғанымыз осыдан. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: он сегіз мың ғалам «бармақтай заттан да», «жойқын жарылыстан» да жаралған жоқ, егер жаралды деп көрсе Алланың қалауымен болды. Жаратылыс Алланың мейірімінен жаратылды, сол жаратылысты үйлестіріп, ұштастырып, сәйкестіріп, басқарып тұрған  ұлы күшті Алланың мейірімділік заңдылығы деп атаймыз. Бұл заңдылық қолдан жасалмайды, адамзат баласына  Алланың мұғжизасымен келеді. Бұл заңдылықтың шамасы бәріне жетеді, оңайды, түзейді, адамзат баласының алдын ашады, байлық пен бақытқа жеткізеді. Бұлар Қазақ даналығы екенін алда дәлелдейтін боламыз.

Осы қағидатты ұстанса, қоғамда адамдар арасында мейірімділік қатынас орнайды, барлық нәрсе мейірімділік аясында шешіліп, адамдарымыз үрейсіз, емін-еркін өмір сүретін болады. Мейірімді қоғам құруға адамдарымыздың бір-бірімен қатынасындағы қанына біткен асыл құндылықтары, менталитетіндегі қайырымға толы мейірімділік қасиеттері зор мүмкіндік болып саналады.

Жалпы жаратылыс заңдылығында мейірімсіз адам, мейірімсіз табиғат болмайды. Сол мейірімді адамдар мейірімді қоғамды өз рухтарына сүйене отырып қалыптастырады. Сөйтіп, бүкіл қоғам мейірімділік аясында тірлік етеді. Мұны қысқаш: Мейірім – тірлік – мейірім  (М-Т-М) деп таңбалауға болады.

- Шығыс пен батыс ілімін қатар оқыған біздің Абай атамыздың ойшылдығы, сол ойшылдығын сыртқа шығара білген тіл шеберлігі мен ақындық құдіреті әлі күнге дейін адамдарды тәнті етіп келеді. «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті» демей ме данышпан Абай.

- Әрине, осының бәрін Абай атамыз өзіне жақсы таныс Шығыс философиясынан және сонымен қатар туған халқының бастапқы болмысынан, соған сай қалыптасқан салт-дәстүрінен алғаны анық. Қазақ халқы өткен қоғамдарда да мейірім мен қайырымға сүйеніп өмір сүріп келді. Бір сөзбен айтқанда, қоғамымызда мейірімділіктің ірге тасы бар. Кейбіріміз тірліктің тірегі береке-бірлік деп көріп, оған сүйенуді мансұқтап жатамыз. Әрине, бұл да орынсыз емес. Бірақ береке мен бірлік адамның жаратылысымен келмейді. Ол тәрбиемен келеді. Ал мейірімділік жаратылыста ананың құрсағынан пайда  болып, ананың ақ сүтімен, ата-баба дәстүрімен толығады. Табиғаттың мейірімділігі көзімізді ашқаннан бастап, аттап басқан сайын, көрініп тұр. Ал қоғамның, мемлекеттің мейірімділігі – биліктің, басшы тұлғалардың  мейіріміне тіке байланысты. Олар қарапайым халыққа мейірімділік аясында қатынасу арқылы мейірімді қоғам қатынасын пайда болдыра алады.  Тек Алланың мейірімділік заңдылығын басшылыққа алу шарт.

Енді Алланың мейірімділігін түсіндіріп көрейік. Алланың мейірімділік заңдылығы деген не? Ол – он сегіз мың ғаламды бір-біріне нық байланысты әрі мейірімді етіп жаратқан Алланың ерекше мұғжизасы.

Жаратылыстың мейірімі болмаса, барлық ізгілік болмайтын еді. Біз он сегіз мың ғаламның өзі Алланың мейірімінен жаратылғанын әлі толық түсіне алғамыз жоқ. Күннің нұры болмаса, жер-көк тоңға айналып, жер бетінде тіршілік болмас еді. Сол үшін жаратушы күнді жаратты. Күн жер бетіндегі тоңды жібітіп бу пайда болды, бу бұлтқа айналды, ол қайтып жауын ретінде тірліктің көзін ашты. Бұл жалғыз ғана мысал. Абай атамыз өзінің жоғарыдағы өлеңінде осыны меңзеп отыр деп түсінемін.

Жаратушы біз көрмек түгіл естіп білмеген миллиардтаған галактика мен планеталарды жаратты. Бұларды бір-бірімен мейірімділік заңдылығы арқылы ұштастырады. Өйтпегенде үнемі қозғалыста жүрген миллиондаған планеталар бір-бірімен соғылысып, жердің өзі сол қақтығыстан ұшқан сынықтың бір бөлшегінің құрбаны болып кетер еді.  Сөйтіп он сегіз мың ғаламның өзін жаратушы өзінің мейірімімен үйлестіріп, өзінің мейірімі арқылы бір-біріне қақтығыстырмай реттеп, ұштастырып қойды. Өйтсе шексіздік заңы, тепе-теңдік заңы,  биологиялық, тағы басқа көптеген заңдылықтардың аржағында мейірімділік заңдылығы барлығын басқарып тұрғанын көзбен көрмеген соң бірден түсіне салу оңай емес.

Мейірім тек адамға ғана емес, хайуанаттарға да тән екенін де білеміз. Ал біздің айтайық деп отырған мейіріміміз Алланы, Жаратушыны меңзейді.  Қысқасы бір Жаратушының бар екеніне сену –  әділетті қоғам қалыптастырудың түп  қазығы. Адамзат баласы құдайсыз болған сайын қасірет шеге беретінін көріп отырмыз. Енді «көр соқыр» болуға болмайды. Мұны күллі ғаламды Алла жаратқанын қасиетті Құрани-Кәрімге сүйене отырып дәлелдей аламыз. Бір сөзбен айтқанда Жаратушының өзі – мейірім.  Он сегіз мың ғаламның бір-біріне деген үйлесімін, тепе-теңдігін, сақталуын, ұйысуын, жаратылысын ғылым жүзінде зерделесек те, қарапайым көзбен қарасақ та бәрі айқын көрініп, адамзат баласына сезіліп тұрады. Жаратушы барлық жаратылысты бір-біріне тәуелсіз етіп, жеке-жеке жаратса өз ара үйлесім таппаған бейберекет хаос болар еді. Сол үшін Алла біріне-бірін мейірім арқылы  үйлестіріп, ұйыстырып, біртұтастықты сақтатқан.

Ең бергісі Жер мен табиғатты Алла адам үшін, сонан соң күллі тіршілік иесі мақұлықтардың өмір сүруі үшін жанды, жансыз әр дүниені бір-біріне тығыз байланысты етіп жаратты. Қазақша айтсақ «бірінің бірінсіз күні жоқ». Шыбынды құртып жіберсек, жердің көктемей қалатыны, қасқырды құртып жіберсек малдың жұқпалы індеті көбейіп кететінін айтсақ та жетіп жатыр. Мұндай шеберлік, құдірет Алладан өзге еш нәрсенің қолынан келмейді. Біз тек Жаратушының теңдессіз құдіретін сезініп, толық түсіне алмай жүрміз. Қараңыз, жаратушының бүкіл жаратқан дүниесінен бір-біріне қарама-қайшы келіп тұрған, кері әсер етіп тұрған немесе артық я кем жаратқан еш нәрсе бар ма?

Табиғат, қоғам, адам бәрі мейірім арқылы өсіп, жетіліп кемеліне келіп отырады. Мейірімнің орнын өзге еш нәрсе толтыра алмайды. Мейірімділікбүкіл адамзат баласына, хайуанаттар әлеміне Алладан берілген қасиеттердің ішіндегі бір-бірін жақын тартып, шексіз жақсы көрудің нышаны тұрғысындағы ең құнды ұғым. Мейірім болмаса, ақыл парасат та, әділет теңдік те, ынсап, қанағат та – кембағал дүние, қоғамды толық ізгілендіре алмайды.

Шын мейірімнің не екенін түсіну үшін Алла Тағаланың Рахман, Рахим деген сипаттарына зер салсақ, Жаратқан Алланың бүкіл болмыстағы жанды-жансыз, ірілі-ұсақты барлық жаратылысқа, ол мейлі адам баласы болсын, жан-жануар, өсімдіктер болсын, бәріне түгел мейірімін төгіп тұрған Ұлы Құдірет Иесі екеніне назар аударуды ғана көздеп отырмыз.

Шындап келгенде, Алланың мейірімі бұл дүниеде адамның иманды-кәпір, жақсы-жаман, арам-адал болуына қарамай, теп-тегіс түгел берілетінін білудің  маңызы зор. Олардың бәрінің жоқтан бар болуы, ең алғаш пайда болуларының өзі Алланың шексіз мейірімі екенін ұғыну қажет. Қасиетті аятта: «Менің рақымым барлық нәрсені түгел қамтиды» делінген. Олай болса, ғаламдағы барша жаратылыс Алланың мейірім шуағынан құр қалған емес. Түп атамыз Адам Пайғамбардан бері қарайғы барлық заман, дәуірлерде осы мейірімділік заңы күллі әлемде көрініс беріп келген. Өз құлына шексіз рақыммен қараған Алла Тағаланың Мұхаммед Пайғамбарды (с.ғ.с.) ең соңғы елшісі һәм мейірім жаршысы етіп жіберуі де, оған Құран кәрімді түсіруі де мәнсіз, тегіннен-тегін іс емес. Бұл жерде әр кім әртүрлі айта берер, бірақ қазақ құдай жолынан, құран жолынан таймаған халықпыз. Ал Пайғамбарымызды Алла Тағала мейірімі мен рақымдылығының жер бетіндегі дара өкілі ретінде осы екі қасиетті шебер қолданып, барлық жерлерге жол тапқан. Өйткені, мейірімділік, жұмсақтық және кеңпейілділік пен қайырымдылық сияқты қасиеттер жұртшылыққа тікелей әсер етеді де көңілдеріне иман нұрын ұялатып, ақиқатты мойындатып, қабылдаттырады. Тіпті, Пайғамбарымыз өзіне қастандық жасап, өлтірмек болғандарға кешіріммен қарап: «Аллаһым бұларды кешір, себебі олар мені әлі толық білмейді» деп рақымдылығымен Алла Тағалаға жалбарынып дұға еткен.

  Жаратушыдан мейірімді ажыратып ұғып, оған басқаша қарауға әсте болмайды. Біз осылай қарамағаннан үлкен қателік жасадық, Алланың өзін мейірім деп ұға алмадық. Алланың мейірімі адамзат баласының бойына жаратылысынан беріледі, қаны арқылы жалғасып, менталитет ретінде қалыптасады да  сол мейірім  адамдарға халықтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпына айналады.  Мұның түп негізі көркем, жұмсақ мінез. Мінездегі қатыгездік мейірімге апармайды. Керісінше жұмсақ қайрақтың қатты темірден жасалған пышақтың жүзін жұқартатыны сияқты жұмсақ мінез қатыгездікті, тәкаппарлықты жұмсартады.

 Қазақ ғұрпында қатыгездікке апаратын салт-дәсүр болмаған. Ылғида мейірім, қайырымды, ізгілікті дәріптегенін біз жақсы білеміз.  Өйтсе, пәлсапа тілімен айтсақ салт-дәстүрдің арғы тегі – мейірім. Сөйтіп өмірде салт-дәстүр, әдет ғұрып арқалы әр адамның бойына дарыған мейірімділік жаппай қоғамдық  мейірімді қатынасқа айналады. Басқаша айтсақ, бүкіл ұлттық сипатқа ие болады. Біз қазақ осылай Алланың мейірімін салт-дәстүр арқылы қабылдаған халықпыз.

Абай атамыз өз философиясын қазақтың осындай ежелгі дәстүрлерінен алып өрбіткен секілді.

- Адамзат баласының тағы бір осал тұсы ғылым мен дінді ұштастыра алмауында жатқан секілді. Астанада өтуі дәстүрге арналған бүкіләлемдік діндер сезіне бірнеше рет қатысқанда осындай ой түйдім. Дәстүрлі діндер өкілдері қазір ғылымды мойындап отырғанымен, ғылым өкілдері діннің шындығын және оның ақиқат  жолы екендігін мойындай қойған жоқ. Бұл туралы не айтасыз?

 - Алланың адамдарды ғылым білім үйренуге шақыратын ізгі қасиетін шынайы танып білген мұсылман ғалымдары да  бұл күнде Алланы (Жаратушыны) тануда физика математика ғылымдарына сүйенеді.  

Нью-Йорктегі Колумбия университетінде дәріс оқитын  ливандық ғалым  Д. Салиба.  “Ислам мен ислам өркениеті астрономияның өзге де ғылыми сала сияқты физикалық құбылысты математикалық тілмен түсіндіруі қажет. Исламда бұл өте маңызды”, - дейді. Бұл ғылым мен діннің бір-бірінен алшақ кетпейтінін, ұштасып, бірін-бірі жетілдіріп отырғанын көрсетеді. Қазақша айтқанда «илегендері бір терінің пұшпағы». Ол «пұшпақ» – дінде Алланың шексіз құдіреті, ғылымда ғаламның шексіздігі.

 Алайда әлемдік бүгінгі үрдісті пайымдасақ ғылымға сенген адам дінге, дінге (Аллаға) сенген адам ғылымға немқұрайлы қарайды, екеуін бір-біріне қарсы қоюға бейім тұрады. Мәселен адамзат баласы ғылым, білім дамымаған балаң дәуірде геоцентрлік көзқарасқа имандай сеніп, гелийцентрлік заңдылықты ұсынған ғалым Галилейді өртеп жібергенін білеміз. Бұл адамның сол кездегі Алла тағаланы да толық түсінбеген соқыр сенімнің салдары болатын. Шын мәнінде Алла тағала Құран кәрімнің өн бойында адамзат баласына ғылым, білім игеруді дәріптейді. Бұл ғылым арқылы менің мұғжизамды танып білсін деген ишара.

Ал ғылымға сенетіндер күні бүгін ғалымдар ашқан қандай бір заңдылықты Алланың құдіретінен тыс деп есептейді. Кеңес Үкіметі кезінде Құдайды ауызға алғандарға ала көзімен қарады, соның қалдығы күні бүгін өзімізде жалғасып келеді, басшылардың көбісі мұрнын шүйіреді. Адамзат баласының әлем жайлы түсінігін түбірімен өзгерткен «бүкіл әлемдік тартылыс заңын» Исак Ньютон, салыстырмалылық заңын Альберт Эйнштейін ашты. Сол себепті өзге жұрт,  былайғы ғалымдар біз ғылымға сенуіміз керек деп, Алланы жоққа шығарады. Ньютон кез келген екі бөлшек бір-біріне өздерінің массаларының көбейтіндісіне  тура прпорционал, ал арақашықтығының квадратына кері пропорционал күшпен тартылатынын дәлелдеді. Сөйтіп, аспан денелерінің қозғалысы жайындағы ғылым – аспан механикасының ірге тасын қалады. Осы заңның көмегімен аспан денелерінің қозғалу траекториясы есептелініп, олардың аспан күмбезіндегі орындары анықталды. Бірақ мәселе қайда жатыр? Аспан денелерін осындай заңдылықпен кім орналастырды. Әрине, аспан денелерін Ньютон тәртіппен орналастырған жоқ, Ньютон тәртіппен қозғалтқан жоқ. Бұл Алланың жасаған ісі, Алланың жасаған заңдылығы. Ньютон сол заңдылықты адамзат баласы ортасынан бірінші болып танып білді.

Ал неміс ғалымы Альберт Эйнштейін заманауи физиканың екі тірегінің бірі болып есептелінетін, уақыт кеңістігі құрылымын зерттейтін  салыстырмалылық теориясының негізін қалады.  Салыстырмалылық теориясы да Алла тағаланың бүкіл әлемді бір-біріне үйлестірген заңдылығы еді. Эйнштейн де  бұл заңдылықты қолдан жасаған жоқ, тек Алланың заңдылығын танып білді.

Алайда Эйнштейннің бұл жаңалығының өзі халықаралық Нобель сыйлығына сан мәрте ұсынылса да, комиссия мақұлдамады. Неге? Бұл заңдылық сол кезде салыстырмалылық теориясы эксперименталды түрде расталмаған болатын. Демек Эйнштейн де Алла тағаланың бүкіл салыстырмалылық заңын кезінде толық дәлелдеп шыға алмаған деген қортынды жасауға болады. Өйткені Алланың заңдылығын толық түсінуге дәрменсіз болды десек, артық айтқандық емес. Тіпті, Эйнштейннің өзі "Салыстырмалылық теориясына математиктер кірісе бастағаннан бері мен оны енді өзім түсінбейтін болдым." дейтіні бар.

Алланың құдіреті сонша – жарық жылдамдығы 300 000 км/сек екенін жақсы білеміз. Материалдық нысандар үшін жарық жылдамдығына жету мүмкін емес екенін, ғаламда ешқандай дене жарық жылдамдығынан артық жылдам қозғала алмайтынын адамзат баласында бірінші болып Эйнштейн түсінді. Бұл жай ғана шек емес, Алланың жаратуы. Оны адамзат баласы өзгерте алмайды.   Әрі жарық жылдамдығына жеткеннің өзінде әрі қарай бұл күндері ғаламдардың басын қатырған жоғарыда айтқанымыздай кванттық механика, қара құрдымнан (черная дыра) аса алмайсыз. Бұл адамзат баласының бүгінгі таным шегі.  Тек «қара құрдымды танып білсек, арғы жағында о дүние болуы мүмкін» деген болжамнан аса алмай отырмыз.  Сондықтан мейлі нақты ғылымдарда, мейлі қоғамтану ғылымында болмасын Алланың заңдылығымен жүруден өзге жол жоқ.

Ал қоғамтану ғылымының негізі Алланың мейірімділік заңдылығында жатыр.  Біз Алланың мейірімділік заңдылығын қолдан жасай алмаймыз, тек оны танып білуіміз, осы тұрғыда қоғамды сол жолға бастауымыз керек. Соңғы кезде дін мен ғылымның көз қарасы бір-біріне жақындап келеді.

Осы ретте айта кететін тағы бір қызық жай,  атақты ғалым А. Эйнштейнді Алланың мейірімділік заңдылығын бірден-бір танып білген адам десек, артық айтқандық емес.  Ол оның қызына жазған «Құдай туралы құпия хаты». Тек ерекшелігі бұл хатта ол мейірімді «махаббат» деп атаған. Махаббат дегеніміз адамдардың басқаға (Отанына, Еліне мен жеріне, ата-анасына, туған-туысқанына, жарына) деген шексіз мейірімі екенін бес жастағы бала да біледі. Махаббат – мейірім сөзінің синонимі.  Махаббат пен мейірім бір сөз, бір түсінік.  Ұлы Абайдың «махаббатсыз дүние бос» дегенде айтып отырғаны да мейірім. Хатта былай дейді: «Салыстырмалылық теориясын алғаш ашқанымда, мені өте аз адам түсінді. Енді менің сен арқылы адамзатқа ұсынатын бұл нәрсем де, сол баяғы түсінбеушілік, сын, күмән мен сенімсіздік тудыратыны хақ. Ол ғылымда әлі ресми түсіндірме таппаған әлдебір алып Күш туралы түсінік болмақ. Бұл Күш, Әлемдегі барлық құбылыстарды басқаратын керемет нәрсе, яғни бұл Әлемнің Күш-Махаббаты. Ғалымдардың Әлемнің біртұтас теориясын іздеу барысында осы көрінбейтін және қуатты Күшті елемейтіні өкінішті. Махаббат – оны кім бере және ала алса, оған жарық шашатын нұр. Махаббат – бұл тартылыс, өйткені ол адамдарды бір-біріне  тартады. Махаббат  – бұл күш,  ол біздегі бар жақсы қасиеттерді арттырады және адамзатты соқыр өзімшілдіктен қорғайды. Адамдар Махаббат  үшін өмір сүреді және өледі. МАХАББАТ дегеніміз – Құдай, Құдай дегеніміз – Махаббат. Бұл Қуат көп нәрсені түсіндіріп, өмірді мәнді болдырады.  Бұл – біз ұзақ уақыт бойы жоққа шығарған және біз қорқатын ауыспалы күш» дейді хатында.

Міне, қандай озық сана! Қазақ пәлсапасының ұстанымымен тұра ұштасып отыр.  Тіпті Алланың мейірімділік заңдылығын осыдан артық түсіндіретін теория жоқ шығар.  Олай болса, біз қоғамды неге осы заңдылық негізінде өзгертпеске. Эйнштейн айтқандай қорқамыз ба?

Қорыта айтқанда, бүгінгі заман қандай да бір жаңа нәрсеге  «Батыста немесе Шығыста көзқарас қандай, орыс қалай қарайды, қытай тарапы ше, басқа елдердің ойшылдары, ғалымдары не дейді» деп алды-артымызға  қарап немесе  біреу бірдеңе айтса, соған бас шұлғып, жалтақтайтын заман емес. Олардың ұстанымы, заңдылығы, теориясы бәрі өздеріне.  Біз әу бастан Құдайды танып білген, Құдайға имандай сенген халықпыз. Әрі бұл соқыр сенім емес, нақты терең түсінік. Бабалардан жалғасқан рух. Мұны біз бұза алмаймыз. Бұл бүгін көктен түскен даналық, пәлсапа емес, әл-Фарабиден, Асанқайғыдан, жырау шайырларымыздан жалғасып, Абайға, Шәкәрімге жеткен даналық. Дінсіз коммунистер    қиып тастаған, санамыздан өшіруге тырысқан «асыл ілімді» (Мейірімділік заңдылық жолын) Президентіміздің  «Жаңа Қазақстан, Әділетті Мемлекет» идеясы негізінде жаңғыртуымыз керек.

 Халқымыз үшін тәуелсіз мемлекет құрдық. Сол халықтың ұлылығын, даналығын қастерлейтін, асқақтататын  Алла берген мүмкіндікке ие болып отырмыз. Мейірім пәлсапасын бүкіл адамзат баласының нәрлі, құнды азығына айналдыруымыз керек. Сол үшін мейірім пәлсапа кітабын жаздық. Енді, Алланың мейірім шуағына бөлену үшін қазақ даласында мейірімділік заңдылығы  тіршілік тынысына айналуы керек. Қоғамдық қатынас ең әуелі қазақ баласы бірін-бірі жақсы көруден, шынайы күліп жүруден басталуы керек. Адамдар арасындағы негізгі қатынас қоғамда мейірімділік қатынас болуға тиіс. Адамдар арасында мейірімділік қатынас қашан орнығады, сол күннен бастап қоғам тығырықтан шығады, адамдар тынышталады.

Қысқасы Жаңа Қазақстан, Әділетті Мемлекет құру арқылы қоғамда ірі бет бұрыс жасаймыз, тірліктің жаңа жолын өзіміз ашамыз. Біздің алдағы мақсат Алланың мұғжизасымен келген мейірімділік заңдылығын ұстанамыз, қоғамда адамдар арасында мейірімділік қатынасын орнатамыз, бұл қатынас барлығымызды жақсылыққа, байлыққа, бақытқа жетелейді. Мұны мейірімді қоғам деп атаймыз. Бұл мейірімді қоғамға Президентіміздің билік басындағыларға, басшыларға «ең алдымен өздерің мейірімді болыңдар, әрмен қарапайым халықпен мейірімділік аясында қатынасыңдар, адамдарды мемлекет қамқорлығына алып, барлық жақсылықты, байлықты соларға арнаңдар» деген жалғыз ауыз жылы сөзімен «Ізгіліктің жаңа жолы» ашылып адамдар «атасында көрмегенді ботасында көре» бастайды. Ізгіліктің бұл жолын қалай бастап, нәтижеге жету жолдарын келесі кезекте анығырақ айтатын боламыз. Президентіміздің «ізгілік жолын» жүзеге асыру жолында Ғылым және оқу министрліктері мен Ғылым Академиясы да бейжай отырмайды, Президент жанынан табылады  деп сенеміз.

Қазақ баласын осылай бақытқа бастайтын Алланың мейірімділік заңдылығы тек Қазақстанда ғана емес, тығырыққа тірелген әлем елдерінің алдын ашатыны сөзсіз.

- Осы ретте айта кететін бір мәселе, орыс-украин қақтығысына байланысты қазір әлемде русофобия тақырыбының өзекті бола түскенін көріп отырмыз. Бұл туралы не айтасыз?

- Негізі халықтардың бір бірін жек көрушілігі немесе халықтарды бір біріне қарсы айдап салу саясаты ешбір опа бермейді. Жаман саясаткер, ниеті бұзық идеологтар болуы мүмкін, бірақ жаман халық болмайды. Осыны ұғынумыз керек.

Мен жалпы осы сұхбаттың өзі сіздің қойған бұл сұрағыңызға толыққанды жауап деп ойлаймын. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деп Абай атамыз ұрпағына қандай өсиет айтып кетті, осыны есте ұстауымыз керек.

Қазақ пен орыс халықтары ежелден араласып келе жатқан халықтар. Мәселен қазақ пен орыстың достығы туралы «тамыр» деген сөз қайдан шыққан. Біле білсек, мұны халықтың өзі шығарған. Бұл ешбір саясатшының немесе идеологтың сөзі емес, халықтың өз сөзі.

Рас, халық болған соң оның арасында жақсылы-жаманды адамдар болады. Олардың айтып жүргенін елемеуіміз керек. Түбі мейірімділікті ту етсек, адаспаймыз. Өз ұлтымызға тән бет-бейнемізді сақтап қала аламыз. Сталин заманында басқа халықтарды қазақ даласына көшіргенде ата-әжелеріміз олардың алдынан нан ұстап шыққан. Мұны неміс, шешен, кавказ, корей халықтары жыр етіп айтуда. Біздің қандай мейірімді халық екенімізді әлемге танытуда. Міне, осы дәстүрімізден, бағытымыздан жаңылмауымыз керек. Өйткені мейірімділік «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деп данышпан Абай айтқандай, ол – ең әуелі Алла жолы және Алланың адамзатқа артқан аманаты.

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға