Коллаж El.kz

Мейірбике Әйгерім Берназар: Бұл сала – өмірімнің мәні

Бүгін – халықаралық мейірбикелер күні. Адам жанына шипа беріп, сырқатпен күнде бетпе-бет келетін маман иесі болу үлкен жүректілікті қажет етеді. Астана қаласындағы №12 қалалық емханада 7 жылдан бері медбике болып қызмет атқарып келе жатқан өз ісінің шебері Әйгерім Берназар үшін мейірбике болу – жай ғана мамандық емес, өмірлік миссия.  El.kz тілшісі өзінің кәсіби жолы, бұл саланың жауапкершілігі мен мәні жайлы Әйгеріммен сұхбаттасқан едік.

El.kz: Бұл салаға қалай келдіңіз?

Әйгерім Берназар: Қазіргі уақытта Астана қаласы №12 қалалық емханасында медбике болып жұмыс істеймін. Саладағы еңбек өтілім — 7 жыл. Кішкентайымнан анашым «үйде бір медик болуы керек» деген еді. Сол анашымның қалауымен және қолдауымен медицина саласына қадам басып, қазір бұл сала өмірімнің мәні деп есептеймін. Адамдарға көмек көрсету мен үшін үлкен қанағат пен ләззат сыйлайды.

El.kz: Мейірбикелердің денсаулық сақтау жүйесіндегі рөлі қандай? Дәрігермен бірге жұмыс істеудің ерекшеліктері бар ма?

Мейірбике Әйгерім Берназар: Бұл сала – өмірімнің мәні

жеке мұрағат 

Әйгерім Берназар: Мейірбикелердің денсаулық сақтау жүйесіндегі рөлі өте маңызды. Олар тек дәрігердің тапсырмасын орындаушы ғана емес, науқасқа күтім жасауда, психологиялық қолдау көрсетуде және алдын алу шараларын жүзеге асыруда үлкен рөл атқарады. Мейірбике — науқасқа ең жақын адам, ол адамның жағдайын үнемі бақылап, уақытылы көмек көрсетеді. Дәрігермен бірге жұмыс істеудің өз ерекшеліктері бар. Бұл — сенім мен командалық жұмысқа негізделген қарым-қатынас. Дәрігер диагноз қойып, ем тағайындайды, ал мейірбике осы емнің дұрыс орындалуын қадағалап, науқастың жағдайын дәрігерге жеткізіп отырады. Екі маманның тығыз байланысы емдеу нәтижесінің сапасын арттырады.

El.kz: Мейірбике болудың қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар?

Әйгерім Берназар: Мейірбике болудың артықшылықтары да, кемшіліктері де бар.

Артықшылықтары: Бұл мамандық арқылы адамдарға нақты көмек көрсету, жанашырлық таныту және қоғамға пайдалы болу мүмкіндігі. Сонымен қатар, мейірбике әрдайым сұранысқа ие маман, тұрақты жұмыс пен кәсіби өсуге жол ашық.

Кемшіліктері: Физикалық және эмоционалдық жүктеме, ауысыммен жұмыс істеу, кейде науқастар мен олардың туыстарынан түсетін қысым. Дегенмен, шын жүректен осы мамандықты таңдаған адам үшін бұл қиындықтар жеңуге болатын нәрсе.

El.kz: Сіздің ойыңызша, қазіргі уақытта мейірбикелердің кәсіби білімі мен дағдылары қаншалықты маңызды?

Мейірбике Әйгерім Берназар: Бұл сала – өмірімнің мәні

жеке мұрағат 

Әйгерім Берназар: Бұл сұрақ өте өзекті. Қазіргі уақытта мейірбикелердің кәсіби білімі мен дағдылары ерекше маңызды. Медицина үнемі дамып отырады, жаңа технологиялар мен емдеу әдістері пайда болуда. Сондықтан мейірбике тек теориялық біліммен шектеліп қалмай, үнемі кәсіби біліктілігін арттырып отыруы керек. Заманауи мейірбике — бұл инъекция жасаушы ғана емес, науқастың жағдайын бағалай алатын, шешім қабылдай білетін және күрделі техникалармен жұмыс істей алатын маман.

El.kz: Мейірбикелерге арналған арнайы оқу немесе біліктілікті арттыру бағдарламалары бар ма?

Әйгерім Берназар: Иә, қазіргі уақытта Қазақстанда мейірбикелерге арналған арнайы оқу және біліктілікті арттыру бағдарламалары бар. Бұл бағдарламалар мейірбикелердің кәсіби біліктілігін арттыруға, заманауи медициналық талаптарға сай білім мен дағдыларды меңгеруге бағытталған. Мейірбикелердің білімін жетілдіру сапалы қызмет көрсету мен науқастың қауіпсіздігінің кепілі болып табылады.

El.kz: Мейірбике болғысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Әйгерім Берназар: Мейірбике болғысы келетін жастарға мен мынадай кеңес берер едім. Бұл мамандық үлкен жауапкершілік пен жүректен шығатын мейірімділікті талап етеді. Адамдарға көмектесуге дайын, сабырлы, жанашыр әрі төзімді болсаңыз — бұл сала сізге лайық. Мейірбике болу тек кәсіби шеберлік емес, адам жанын түсіне білу, қолдау көрсете алу. Сондықтан, білім алуға құштар болыңыз, үнемі ізденіңіз, тәжірибе жинаңыз. Медицинада үздіксіз даму маңызды. Өз ісіңізді сүйіңіз — сонда бұл мамандық сізге тек жұмыс емес, өмірлік миссия болады.

El.kz: Сіздің ең үлкен мотивацияңыз қандай? Жұмысыңыздағы жетістігіңіз туралы айтсаңыз? Әйгерім Бекназар: Менің ең үлкен мотивациям — адамдарға көмектесу және олардың денсаулығының жақсарғанын көру. Науқастың күлімдеп, «Рақмет» деп айтуы — бұл мен үшін ең үлкен марапат. Күн сайын біреуге пайда әкелу — менің жұмысымның басты мағынасы.

Жұмысымдағы ең үлкен жетістігім деп — қиын жағдайдағы науқастарға көмектесіп, олардың сауығып шыққандарын көруді айтар едім. Сондай-ақ, жас мамандарға тәлімгер болып, өз тәжіриеммен бөлісіп, олардың кәсіби өсуіне ықпал ету — мен үшін үлкен жетістік пен мақтаныш.

El.kz: Сұхбат бергеніңізге көп рақмет!