Жаңалықтар

Мерзімінен бұрын түрмеден шыққан Кентаудың экс-әкімі қайта қамалды

Мерзімінен бұрын түрмеден шыққан Кентаудың экс-әкімі қайта қамалды
Фото: Кентау қаласы әкімдігінің ресми сайты 10.11.2023 09:00 1119

Осыдан екі ай бұрын бостандыққа шыққан Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Мақажанов қайтадан колонияға жіберілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2022 жылдың шілдесінде Мақажанов миллиондаған доллар пара алғаны үшін өмір бойына мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынып, жалпы режимдегі колонияда 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін Қонаев қаласының соты оның жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Экс-әкім 2 қарашада қамаудан босатылды.

Алайда Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасы төменгі соттың шешімін бұзды. Жаңа қаулы орындау үшін Астана полиция департаментіне жіберілді.

Алматы облысы сотының мәліметіне сүйенсек, бүгінде Мақажанов жазасын одан әрі өтеу үшін ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «№64 мекемесіне» жеткізілді. Бұған дейін Қонаев қалалық соты Мақажановқа қатысты жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы қаулы шығарған болатын. Алайда Алматы облыстық соты бұл қаулының күшін жойды. Сот жаңа қаулыны орындау үшін Астана полиция департаментіне жіберді, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, былтыр ғана 10 жылға сотталған Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Махажанов 2 қараша күні 1 миллион 988 мың теңге айыппұл төлеп, бостандыққа шыққан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға