«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздары – Құлсариевтер отбасы
Бүгін «Қазақстан» концерт залында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Биыл байқауға 2285 жанұя қатысқан. Оның 1700-ден астамы ауыл тұрғындары. Конкурсқа қатысуға ниет білдерген аталмыш отбасылардың арасынан үздік 16 әулет таңдалып, марапатқа ие болды. Ұлттық байқаудың жеңімпазы атанған маңғыстаулық Құлсариевтер отбасы 25 мың 751 дауыс жинаған. 12 бала, 46 немере, 41 шөбере тәрбиелеп отырған бақытты отбасы ұлттық байқаудың ең үздік аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды.
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөз сөйледі.
«Отбасы шағын мемлекет. Отан отбасынан басталады дегенді ескерсек, алдымен отанды құрайтын отбасы мықты болу керек. Отбасылардың ең басты құндылығы - олардың күнделікті өмірінен білініп жүрген патриоттық сезімі, үлкендерді құрметтеумен байланысты және бала тәрбиесінде, оқуда, еңбекте көрсетілген рухани-өнеге негіздерін ұрпақтан ұрпаққа жалғастыруы. Осынау байқау шынында бүкілхалықтық және сүйікті мерекеге айналды, ал оның қатысуышылары мен жеңімпаздары-еліктеуге тұрарлық жарқын үлгі екенін атап өту керек. Ең алғашқы жылы осы байқауға 1298 отбасы қатысса, биыл бұл көрсеткіш 2 есеге өсіп отыр. Биыл 2285 жанұяның 1700-ден астамы ауыл тұрғындарын құрайды. Олардың қатарында жетім-жесірге қолдау бола білген жандар мен көпбалалы отбасылар бір шаңырақ астында бірлігі жарасқан көпұлттылар мен ата-дәстүрді жалғастырған түрлі династия өкілдері бар», деді ол өз сөзінде.
Сондай ақ, мемлекеттік хатшы салтанатты мараптау рәсіміне қатысушыларға Елбасының құттықтау сәлемін оқып берді.
«Қымбатты қазақстандықтар, құрметті салтанатты жиынға қатысушылар! Баршаңызды менің Жарлығыма сәйкес қыркүйек айының 2-ші жексенбісінде аталып өтілетін Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын. «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының мәресі осы айтулы күнге орайластырылған. Әрбір шаңырақтағы береке түптеп келгенде тұтас елдің берекесі. Адамға еңбекқорлық, отансүйгіштік, жасампаздық пен мейірімділік сияқты асыл қасиеттер отбасы арқылы дариды. Менің бастамаммен қолға алынған «Мерейлі отбасы» конкурсы қысқа мерзім ішінде жалпыхалықтық байқауға айналғанын ризашылықпен атап өтемін. Былтырғы жылға қарағанда биылғы жылы байқауға көп балалы отбасылар екі есе, жас отбасылар 1,5 есе көп қатысты. Сондай-ақ конкурсқа жалпы қатысушылардың 80 пайызға жуығы ауыл тұрғындары болып табылады. Олардың арасында әртүрлі мамандық иелері, ата кәсібін ұрпақтан-ұрпаққа мирас еткен еңбек әулеттері бар. Барлығы да құрмет пен мадаққа лайық. Бүгінгі мерейлі күнде әрбір қазақстандық отбасына қажырлы еңбек, тағлымды тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын лайықты жалғастырып келе жатқаны үшін зор ризашылығымды білдіремін. Берік отбасылық құндылықтар арқылы ғана мемлекеттің іргесі мығым, ғұмыры мәңгі болады. Баршаңызға зор денсаулық, береке-бірлік, жақсылық тілеймін! Шаңырақтарыңызға махаббат пен татулық салтанат құрсын!», - делінген ҚР Президентінің құттықтауында.
Әр облыстан үздік атанған 16 әулет те бүгін сый-сияпатқа ие болып, арнайы дипломдармен марапатталды. 25 мың 751 дауыс жинап, үздік атанған киелі маңғыстаулық Құлсариевтер отбасына байқаудағы жеңісі үшін арнайы мүсін мен диплом сондай-ақ Қазақстанда жасалған IVECO шағын автобусы сыйға тартылды.
–Құрметті отандастар! 84 жасқа келіп, осы байқауға қатысу мен үшін үлкен мәртебе, үлкен бақыт. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында еліміз көркейіп келеді. Басшымыз Қазақстанды мәңгілік елге айналдыру үшін барлық жағдайда жасап отыр. Бұл байқау елді ұйытып, ұйыстыратын, көңілімізді ыстық ықыласқа бөлеген байқау болды. Отбасының нығаюы – елдің нығаюы. Өз атымнан, 100-ге жуықтаған ұрпғымның атынан, немере, шөберлерімнің атынан зор ризашылығымды білдіремін, – деді отағасы Орын Құлсариев.
Орын ата дәстүрлі өнерді, оның ішінде күй өнерін жанына серік еткен адам. Атамыз тіпті 77 жасында институтқа түсіп, жоғары білім туралы диплом алыпты. 50-ші жылдары музыкалық училищені бітірген ол бірнеше жылдан соң еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанады. Әйгілі «Маңғыстау маржандары» ансамблінің негізін қалаушы, Алжирдегі Х Халықаралық фестивальдің (1986 ж.). дипломанты.
Орын атамыз жасы 84-ке келгеніне қарамастан әлі күнге дейін жұмыс істейді. Кенттегі халық оркестрін басқарып, күй өнерін дәріптеуге үлес қосып жүр. Атамыз шәкірт тәрбиелеп, өнерпаздарды күй тартуға баулиды. Атамыздың «Құрмет» орденімен марапатталған, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, «Аға домбырашы» құрметті атағы бар.
Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Арман ҚАЛИБЕКҰЛЫ