Жаңалықтар

«Меңіреу әйелден меңіреу ұрпақ туады!». Қарақат Әбден әйелдерге лауазым беруді талап етті

«Меңіреу әйелден меңіреу ұрпақ туады!». Қарақат Әбден әйелдерге лауазым беруді талап етті
Фото: Мәжіліс 27.09.2023 12:40 2514

Гендерлік саясатты іске асыру еліміздегі өзекті бағыттардың біріне айналып отыр. Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден корпорациялар мен әкімдіктердегі басшылыққа әйелдерді тағайындау мәселесін көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың айтуынша, халқымыздың 51 пайызын әйелдер қауымы құрайтынын ескерсек, елдегі саяси өмірге де барлық азаматтың тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету маңызды.

Әрине, қазір мемлекеттік басқару ісінде, саясатта, бизнесте де әйелдер үлесі біршама артқанын мойындауымыз керек. Жаңартылған министрлер кабинетінің өзінде 4 әйел бар. Шүкір, өткен жылдармен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Бірақ, «бірді көріп «шүкір» айт, бірді көріп «пікір» айт» деген нақыл бар ғой, қазақта, - деді Қарақат Әбден.

Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жетілдіруге мемлекет басшысы баса назар аударды. 

Мәселен, Президент квазимемлекеттік компанияларды басқарудағы әйелдердің үлесін 30%-ға арттыруды тапсырған еді. Бірақ, әлі күнге дейін мемлекеттік компаниялардың басқарушы санатындағы әйелдердің үлесі небәрі 6-7 процентті құрайды. Тіпті «Қазақстан Темір Жолы», «KEGOC», «Қазақтелеком» сынды  ірі компаниялардың директорлар кеңесінде бірде-бір әйел жоқ, - деп нақтылады депутат.

Ал халықаралық ашық статистика индексінде Қазақстан әлемнің 146 елін қамтитын жаһандық гендерлік теңдік бойынша Оңтүстік Африка, Ямайка, Мозамбиктен кейінгі 62-орында тұр.

Осы орайда, «Ауыл партиясы» барлық жергілікті атқарушы органдар бойынша мәліметтер жинақтады. Мысалы, Түркістан облысын алсақ, әкімнің 5 орынбасары бар, бірақ оның ішінде бірде-бір әйел жоқ. Облыстағы аудан әкімдерінің саны – 17, оның біреуі ғана әйел. Облыста 21 басқарма болса, оның біреуіне ғана әйел жетекшілік етеді.

Бұл көрініс, басқа өңірлерге де ортақ деуге болады. Басшы әйелдердің жалпы үлесі 17,8 пайызды ғана құрайтынын көрсетіп отыр.

Тіпті ең мықты кадрлар шоғырланған Астананың өзінде бір де бір әкім орынбасарлары жоқ,  5 аудан ішінде әйел - әкім тағайындалмаған. Біз заман талаптарына сай болуымыз керек! Дейтұрғанмен, арамызда «Әйел бастаған көш оңбайды», «Шашы ұзынның – ақылы қысқа» деген архаикалық, патриархалды ұстанымдағылар әлі де көп. Керек десеңіз, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мектептер мен жоғарғы оқу орындарында ұлдарға қарағанда, үздік оқитын қыздар көп. Саясат сахнасы білек емес, білімнің сыналар майданы емес пе?! Жалпы халықтың 50 пайыздан астам үлесін құрап отырған әйелдер неге басшылықта 50 пайыз орынды алмайды деген заңды сұрақ туындайды. Көп ойланудың қажеті жоқ: Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жолында  біз 30 пайызға жетіп, 50 пайызға ұмтылуымыз керек, - деді ол.

Осыған байланысты, Үкімет басшысынан келісідей ұсыныстарды назарға алуды сұрады.

  1. Әкімдердің қызметін бағалайтын рейтингке өңірдегі топ-менеджменттегі әйелдердің үлесін анықтайтын көрсеткіш қосылсын.
  2. Үкімет тарапынан әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту бойынша нақты бағдарламаларды даярлау қарастырылсын.

Қазақстандық әйелдердің ел үшін маңызды шешімдерді қабылдауға білімі де, біліктілігі де жетеді. Ия, әйелдің ең ұлы миссиясы – ана,  жар болу,  саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бірақ  «Меңіреу әйелден меңіреу ұрпақ туады!»  деген ғұлама Мәшһүр Жүсіптің сөзін ұмытпайық. Сондықтан тас керең болашаққа тас атпайық десек, Домалақ ананың көзіндей болған сауатты, саналы әйелдің бүгінгі үні мінбеден естілуі тиіс!, - деді Қарақат Әбден.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға