Жаңалықтар

"Менің Әуезовім" түрік тілінде жарық көрді

Орайлы жерде айта кеткен абзал, Мәдениет және спорт министрлігі жыл соңына дейін Мұхтар Әуезовтің 5 томдық шығармалар жинағын жарыққа шығарады.
"Менің Әуезовім" түрік тілінде жарық көрді
08.08.2022 22:31 1930

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстанның халық жазушысы, филолог-ғалым Зейнолла Қабдолов жазған «Менің Әуезовім» атты роман-эссе түрік тіліне аударылды, деп хабарлайды EL.KZ.

Мәдениет министрлігінің мәліметіне қарағанда, Мұхтар Әуезовтің болмысы мен шығармашылығы жайлы құнды дүниенің насихатталу шекарасын кеңейтуге «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы атсалысты. Кітаптың таныстырылымына ақын-жазушылар, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері мен қоғам белсенділері қатысты.

Әуезов жайлы іргелі еңбектің тәржімалануы – бауырлас түрік халқы үшін де үлкен олжа. Ендігі уақытта осы  кітап арқылы түрік тілі қауымдастығы, оның ішінде жас буын Әуезов әлеміне еркін саяхаттап, тұшымды ой түйеріне сенімдімін. Орайлы жерде айта кеткен абзал, Мәдениет және спорт министрлігі жыл соңына дейін Мұхтар Әуезовтің 5 томдық шығармалар жинағын жарыққа шығарады. Ұлы даламызда ғұмыр кешкен, түгел түркі жұртына ортақ данышпан тұлғалар қашанда кеңінен дәріптеле берсін, – деді кітаптың тұсаукесеріне қатысқан Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Сондай-ақ, министр кітапты аударуға атсалысқан шығармашылық-редакциялық ұжымға, еңбекті түрікше сөйлеткен ақын Әсем Ережеқызына, бауырластық ниетпен бастама көтерген «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевқа алғыс білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін М.Әуезовтің 50 томдық академиялық жинағы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға