Жаңалықтар

Мені Дмитрий Биволға ұқсататындар көп - павлодарлық 19 жастағы боксшы қыз

Мені Дмитрий Биволға ұқсататындар көп - павлодарлық 19 жастағы боксшы қыз
Фото: Коллаж El.kz 28.08.2024 12:00 2904

Азия құрлығында әйелдер боксы айтарлықтай дамыған. Қазақстан қыздары әлемдік додалардан жүлде алып, жанкүйерлерін жиі қуантып жүреді. Жақында екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Парижде қола медаль еншіледі. Қазіргі таңда Назымның жолын қуамын деушілердің қатары артуда. Соның бірі 19 жастағы боксшы әрі жаттықтырушылықты қатар алып жүрген Аделина Мұханжаровамен  El.kz тілшісі тілдескен еді.

Спортшы ару Павлодар қаласында туып өскен. Жастайынан боксқа қызыққан көрінеді. 

Мені Дмитрий Биволға ұқсататындар көп - павлодарлық 19 жастағы боксшы қыз

сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Отбасында үш баламыз. Екі қыз, бір ұлмыз. Мен Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінде оқыдым. 12 жастан бастап бокспен айналысаа бастадым. Қазіргі таңда 19 жасқа толдым, – дейді ол.

Бұл спортты таңдауға әкесі себепкер болғанын тілге тиек етті. Айтуынша, бастапқа дайындықты әкесі үйретіп бастаған екен.

Мен 6 жасқа толғанда әкем Ермек Қабенұлы менің жаттықтырушым болды. Осы кезден бастап спортқа деген қызығушылық және талпынысым ояна бастады. Әкемнің үйретуінің арқасында әріқарай шыңдала түстім. Әкем дзюдодан спорт шебері, КСРО тұсында жеңіске жеткен және еркін күрестен еңбек сіңірген жаттықтырушы, – дейді жас жаттықтырушы Аделина.

Спортқа деген құлшынысын бала кезден байқаған әкесі Аделинаны бар күш-жігерін салып жаттықтырады. Жас боксшы қыздың сөзінше, спортқа келгенде әкесі сияқты емес, қаталдық танытқанын айтады.

Әкем бізге қатал қарап, қатты жаттықтырды, жалаңаяқ құмның үстінде жүгіртетін, 20 рет турникке тартылатын едім. Сол кезде менің рекордым 36 болған. Кейін жаттыға келе 50 рет тартылатын болдым. Ептілік үйлестіру, жылдамдық ол бала кезінен бізде дамыды. Тек 12 жасымда ол мені боксқа берді. Бокстан басқа мен фристайл акробатикасымен айналыстым. Бірақ мен боксты жақсы көрдім, бала кезімнен жауынгер қыз едім, – дейді Аделина Мұханжарова.

Ата-анасының берген тәрбиесінің арқасында шыдамдылыққа, салауатты өмір салтын ұстануға үйрендім деп отыр.

Мені Дмитрий Биволға ұқсататындар көп - павлодарлық 19 жастағы боксшы қыз

сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мен шамадан тыс қозғалыс белсенділігімді бокс жаттығуларына жұмсадым. Бүгінде бокстан спорт шеберінің кандидатымын, сондай-ақ халықаралық турнирлердің жүлдегерімін. Бұдан өзге жеңіл атлетикадан өткен спартакиада жеңіске жеткенім бар, – дейді ол.

Талабы таудай спортшы қыздан ата-анасы да үлкен үміт күтеді. Осылайша Аделина жаттықтырушылық қызметті 18 жасынан бастайды.

Менің көптеген идеяларым мен тәжірибелерім болды. Еліміздің атын шығаратын чемпиондарды тәрбиелеп, оқушыларға осы уақытқа дейін алған тәжірибемді үйретуді шештім. Қазіргі уақытта Алматы қаласында орналасқан «7rays boxing» залында жаттықтырушы болып жұмыс істеймін, – дейді ол.

Жас боксшының айтуынша, бокс қиын спорт түрі, төбелес емес. Оның да ережесі, белгілі бір тәртібі бар. Бокс адамды шыңдап қана қоймай, тәрбиелейді деп отыр.

Онда қаншама айла-тәсіл жетеді. Төзімділік, жеңіске деген құлшыныс, мінез және күшті рух қажет. Бірақ мұның барлығын тек қана мықты жаттықтырушымен үйренуге болады. Қыздар үшін бұл хоббиге де, дененің әрбір жасушасының дұрыс жұмыс істеуіне әсер ететін толыққанды спортқа айналып келе жатыр. Сонда ғана сіз өзіңізді толыққанды сезіне бастайсыз, – дейді.

Жас боксшы өзінің бокстасу стилін шетелдік боксшы Дмитрий Биволға ұқсататынын айтты.

Мені Дмитрий Биволға ұқсататындар көп - павлодарлық 19 жастағы боксшы қыз

сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Оны өзім де байқай бастадым. Сонымен менің сүйікті боксшыларым Бивол мен Ломаченко. Маған Василий Ломаченконың бокс стилі, оның соққыларының күші ұнайды. Таңғы уақытта сабағыма барып келемін. Одан кейінгі уақытта жаттығып, бокска қызығушылық танытып үйірмеге келіп жүрген жеткіншектерді жаттықтырамын. Сағат кешкі 19:00-ден 21:00-ге дейін мен өзім жаттығамын. Демалыс күндері де жаттығуды үзбеймін, – дейді Аделина Мұханжарова.

Болашақта Аделина өз спортшыларға арналған өз базасын, залын ашуды армандайтынын атап өтті.

Мен оны «Аделина boxing» деп атаймын. Өзімнің шағын корпорациямды ашып, жаңа қозғалысты құрып, Қазақстанда боксты жетілдіргім келеді. Басты мақсатым – әлем чемпиондарын тәрбиелеу, – деді бокстан жас жаттықтырушы Аделина Мұханжарова.

Әйелдер боксының тарихы

Әйелдер боксы – Олимпиада ойындарында алғаш рет 1904 жылы демонстрациялық жекпе-жек ретінде өткізілген. Алайда XX ғасыр бойы көптеген елдерде тиым астында болған. Әйелдер боксының қайта жандануы швециялық әуесқой боксшылар бірлестігінің 1988 жылы жарыс өткізуімен байланыстырылады. Ұқсас британдық ассоциацияның санкциалауымен әйелдер арасындағы бокс біріншілігі 1997 жылы өткізілген.

2009 жылдың 13 тамызында Халықаралық олимпиада комитеті әйелдер боксын 2012 жазғы Олимпиада ойындары бағдарламасына еңгізуге шешім қабылдайды. Соның нәтижесінде қазақстандық боксшы Марина Вольнова Лондонда өткен XXX жызғы олимпиада ойындарында қола медальге қол жеткізеді. Ал 2016 жылы Рио олимпиадасында Дариға Шәкімова қола медаль иеленген. 2024 жылы Париж Олимпиадасында 50 келі салмақта сынға түскен Назым Қызайбай қол медальға қол жеткізді. Осылайша, бұл Қазақстанның әйелдер боксынан олимпиада ойындарында алған үшінші қоласы. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға