Жаңалықтар

Менің мамандығым - жүректі нұрландырар сәулелі мамандық.

«Адамгершілікке тәрбиелеу құралы — еңбек пен ата-ана үлгісі» Ыбырай Алтынсарин
20.05.2015 10:35 9098

«Адамгершілікке тәрбиелеу құралы — еңбек пен ата-ана үлгісі» - деп Ыбырай атамыз айтпақшы қазіргі бесік жырын естімей өскен, әжесінің түрлі-түрлі ертегілеріне сусындаудан ада қалған біздің өскелең ұрпақтың ертеңгі халі не болмақ? Еліміздің ертеңі де осы ұрпақтың қолында емес пе?! Ендеше болашағымызды бүгіннен ойлап, халқымызды надандар мен қатігездердің індетінен сақтауымыз қажет. Ол үшін біз өзін-өзі тану сабағында ізгі әдістер арқылы бала бойындағы жалпыадамзаттық құндылықтарды ашып, жан дүниесінің рухани дамуына ықпал етуіміз керек. Ізгі әдістерге: сабақтан тыс іс-әрекеттер, позитивті ойлау, тыныштық сәті және т.б. жатады.

Менің мамандығым - жүректі нұрландырар сәулелі мамандық.

Менің мамандығым - жүректі нұрландырар сәулелі мамандық.

Атақты педагог Сухомлинский: «Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады» - деген. Бұл адамның бүкіл өміріне қажетті рухани азығының негізі осы кезеңде жатыр деген сөз. Дана халқымыз ежелден баланы бесік жырымен сусындатып, ертегі айтып ақ пен қараны ажыратуды үйреткен. Салт-дәстүріміз арқылы тәрбиелеген ата-бабаларымыз ұрпағын текті етіп өсірген. Тектіліктің түп-төркіні осы рухани тәрбиеде жатқан жоқ па!?

Шамамыз келгенше сый-сыяпатымызды алып Астана қаласының мамандандырылған балалар үйіне жол тарттық. Басында ойымызда ештеңе жоқ күліп-ойнап бара жатқанбыз... Балалар үйінің қабырғасында «Мама, мен сені күтемін» деген сөздер жазылған плакатты көргенде жүрегіміз дір ете түсті. Алдымыздан жылы жүзді тәрбиеші шығып қарсы алып барлығымызды ішке кіргізіп жатыр. Әдемі безендірілген кішігірім залға кіргізіп барлығымыздың орындықтарға отыруымызды өтінді. Сәлден соң балаларды кіргізді. 3-4 жастағы 15 қаракөз... Ақшақар мен аяз атаның, әртүрлі жануарлардың, қуыршақтардың киімдерін кигізіп қойыпты. Әр қайсысы өз өнерлерін көрсетіп жатыр: тақпақ айтып, би билеп, ән салды. Ол күннен бері біраз уақыт өтсе де көңілім әлі сол балалар үйінде, әлі сол қаракөздерде. Мұндай әп-әдемі, тәп-тәтті балаларды қалай ғана қиып тастап кетуге болады!? Біздің оларға сыйлық әкеліп, ойнатып, сөйлесіп, құшағымызға қысқанымызға қуанса да ар жақтарынан біздің қайтып кететінімізді біліп тұр. Жәудіреп қараған көздері әлі көз алдымда. Бір баланы құшағыма қысып көтеріп алдым. Атын сұрап едім әрең айтты, естімесем де «атың қандай әдемі» деп көңілін аулап бақтым. Басқа балалар мәз болып апайларымен ойнап жүрсе де, осы бала мүлдем күлмейтін сияқты көрінді. Әлі кішкентай ештеңе білмейтін балалар ғой дейін десең, олай емес. Бәрін біледі, бәрін сезеді. Тәрбиешілер өте жақсы қарайтын сияқты, бірақ бәрі бір ата-ананың жылуы бір бөлек қой. Ата-ана мейірімі, махаббаты бұйырмаған бейкүнә сәбилер... Дәл осындай жағдайлардың алдын алу, қоғамда «балалар үйі», «қарттар үйі» деген ұлтымызға жат нәрселердің болмауы үшін аянбай еңбектену біздің – болашақ әлеуметтік педагогтар мен өзін-өзі тану пәні мұғалімдерінің қасиетті парызы деп білемін.

   Біздің балалар үйіне барудағы мақсатымыз: олардың көңілдерін көтеріп қайту және осы балалар үйімен тығыз байланыс орнату болды. Тәрбиешілерге кез келген уақытта қандай да болмасын көмегіміз керек болса аянбайтынымызды айттық. Және бұл жай сөз емес.   Бұл балалар үйімен жиі байланыста болып, қолымыздан келгенше көмектесіп отырамыз. Балалар үйіне «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығының 3-курс студенттері; п.ғ.к, доцент Жұмабекова Фатима Ниязбекқызы; п.ғ.к., доцент Омарбекова Айкүміс Ильясқызы; әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану кафедрасының оқытушысы Мейркулова Аида Бақытбекқызының жетекшілігімен бардық.

   Балалар үйі дегенде ойға ең бірінші Януш Корчактың педагогикасы келеді. ХХ ғасырдың атақты гуманистерінің бірі, педагог, дәрігер Я.Корчак 1911 жылы мейірімді адамдардың қолдауымен сол кездері бүкіл Еуропада болмаған балалар үйін ашады. Бұл балалар үйі 200 баланың ғана емес, Корчактың да нағыз үйіне, мейірімділіктің оазисына айналды. Бұл үйде ерекше ережелер болды. Олар балаларды өзін сүюге және өмірге ұмтылыспен қарауға үйретті. Бұл үй нағыз адам болуға тәрбиеледі. Балалар үйінде тәрбиешілердің тарапынан айқайлау, ұрысу, мәжбүрлеу сияқты нәрселерге қатаң тыйым салынған.

Корчак бойынша тәрбие - бұл бірінші кезекте баланы тану мен оның тұлғасына құрмет көрсетудің үздіксіз процесі. Ол өзінің еңбектерінде бүгін бізде балаларға деген сүйіспеншіліктің жетіспейтінін жазды. Сондай-ақ кішкентай адамның үлкен жүрегіне қатысты шынайылықтың, адамгершілік пен даналықтың жетіспейтінін айтты.

Я.Корчак 20-дан астам кітап жазған. Бұл кітаптардың ешбірінде баланы тәрбиелеу, білімдар дана адам етіп шығару туралы кеңестер жазылмаған. Оның педагогикалық концепциясы қарапайым бір ақиқатқа келіп тірелетін: өз жүрегіңді тыңдай білу мен балаларды жақсы көру. Сондықтан Я.Корчактың педагогикасын«жүрек педагогикасы»деп жиі айтады. Оның «Король Матиуш Бірінші», «Баланы қалай сүю керек» және «Баланың құрметке құқығы» атты өткен ғасырдың басында жазылған кітаптары бүгін де өзекті. Корчак өзінің еңбектерінде үлкендердің тарапынан жіберілетін қателерді баса көрсеткен және балалар кішкентай адам болғандықтан олардың сезімдеріне, ой-тілектеріне құрметпен қарауға шақырады. Саралай келе, Корчак педагогикасындағы балаға деген құрмет, ізгілік, сүйіспеншілік, адамгершілік, шынайылық сияқты элементтердің өзін-өзі тану пәнінің негізгі назарда ұстайтын элементтерімен сәйкес келетінін байқауға болады. Яғни, өзін-өзі тану пәні қай ғасырда, қай заманда болмасын өте қажет пән болған. Және ол нақты пән ретінде емес, оның элементтері Я.Корчак сияқты гуманист-педагогтардың еңбектерінде көрініс тауып отырған.

Осы орайда өзін-өзі тану пәнінің алатын орны ерекше. Бұл пән дәл керек кезінде, халқымыз руханилыққа шөлдеп отырған кезінде келген тамаша көмек. Тек оны дұрыс пайдалана білуіміз қажет. Бұл пән енді ғана пайда болған пән десек те, оның түп негізі ежелден-ақ қалыптасып қойған. Шәкәрім аңсаған «Ар ілімі» қоғамда енді ғана өзектілікке ие болған өзін-өзі тану пәнінің бастауы болып табылады. Бұл пән адамның бойындағы құндылықтарды ашу бағытында қызмет етеді. Тек жақсыпозитивті ойлар ойлау, ешбір тірі жанға жамандық ойламау,  адамның өзінің жан дүниесіне үңілуіне, өзін-өзі тануына көмектеседі. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» деген сияқты  өзін таныған адам өзге адамдарды да тани алады. Ал өзін-өзі тану – шын мәнінде, өте күрделі нәрсе.

Бойында ізгі қасиеттері мол адам жүрген жерінде шамшырақтай жарқырап жүреді. Ол адам кез келген ортаны нұрландырып жібереді. Ешбір жамандық ондай жерде өз билігін жүргізе алмайды. Ізгілікті адам – ол бейне бір гүл сияқты. Барлық адамдарды өзінің хош иісімен, сұлулығымен өзіне тәнті етеді. Одан өзге адамдар ара сияқты тәтті нәрін алады. Ізгілікті адам – ол менің түсінігімде аспандағы Ай сияқты көрінеді. Қара түнде жап-жарық болып, толықсып бүкіл жұлдыз атаулыдан ерекшеленіп тұрады. Ізгілікті адамды мен жарық Күнге теңер едім. Ол бүкіл әлемге өзінің жарық сәулесі мен жылуын шашады.

Жан едім мен ізгілікті сүйетін,
Әр уақытта мөлдір болмақ ниетім.
Жамандықтан жаным ада, көңіл – пәк,
Бәрі мөлдір мендегі мың тілектің.
Күндей жарық болу үшін ғаламда,
Жарық өмір сүру керек әманда.
Абай айтқан бес нәрседен қашық боп,
Бес нәрсеге асық болғын қашан да!

 Адам ақиқатты танып, сүйіспеншілікпен дұрыс әрекет етсе, ішкі тыныштыққа қол жеткізіп, ешбір жанға қиянат жасамайды. Міне, сонда адам ізгілікті тұлға болады. Өзін-өзі тану пәнінің негізгі міндеті де ізгі әдістерді пайдалана отырып адам бойындағы осы құндылықтарды ашу болып табылады. Осындай сәулелі, жүректі нұрландыратын сауапты мамандықтың білімгері болғаныма мақтанамын. Енді осы пәннің білікті маманы атанып, болашақ ұрпаққа ізгі істердің бастамасына түрткі болып, еліміздің өркендеуіне үлес қосу – менің борышым. Осынау салмақты да сауапты жүкті арқалау мен үшін үлкен абырой, асқақ мәртебе.

Астана қаласы,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Әлеуметтік ғылымдар  факультеті

   Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығының 3 курс студенті

Кадрбекова Әлия Кадрбекқызы

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға