Жаңалықтар

Мен үшін мемлекеттік тілдің рөлі өте жоғары – Маргарита

Мен үшін мемлекеттік тілдің рөлі өте жоғары – Маргарита
Фото: Коллаж El.kz 29.04.2024 18:00 4603

Басқа елдермен салыстырғанда елімізде өзге ұлттардың құқығы мен тілі, мәдениеті мен дәстүрі сақталған. Олардың еркін жүріп-тұруына, қай тілде сөйлейтініне еш шектеу жоқ. Бірақ ұлт арасына іріткі салушылар да шығып жатады. Оны әлеуметтік желілерден байқап та жүрміз. Осы тақырып төңірегінде  өзі өзге ұлт өкілі болса да, қазақ тілін жетік меңгерген Маргарита Михайловнамен  El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі әңгіме өрбітті.

Бүгінде Маргарита Айдаболова Павлодар ауданы Черноярка жалпы орта білім беру мектебінің директоры болып жұмыс істейді. Бұл қызметте жүргеніне 9 жылдан асып барады. Ал жалпы педагогикалық еңбек өтілі 22 жылды құрайды.

Маргарита мемлекеттік тіл саясатын дамытып, жастар арасында қазақ тілінің мәртебесін арттырып, тіл тазалығын сақтауға ерекше мән беріп келеді. Ол өзі басқарып отырған білім ордасында ұстаздарға бағыт-бағдар беріп, кейнгі ұрпаққа мемлекеттік тілдің қадір-қасиетін түсіндіріп отырған бірден-бір басшының бірі. Ұлты орыс болса да, өзге тілді жатсынбай, бойына сіңірді.

Менің тілім – бұл қазақ тілі. Қазақтың жерінде туып-өсіп, ауасын жұтып, суын ішіп отырғаннан кейін, қазақ тілін игеруіміз парыз деп санаймын. Шаңырағымыз да Қазақстан болғандықтан, мемлекеттік тілді меңгеру ұрпақ борышы ретінде есептеймін. Әрине, ұстаз болғасын күнделікті ізденісте біліміңді күн сайын арттыруға тура келеді. Оқушылардың бойына қазақ тілін сіңіру ұстаздың басты міндеті, – дейді мектеп басшысы.

Бұған дейін өз ортасында, туған ауылында «сен қазақ, мен орыс» деп ұлтқа бөлініп, араздасқан адамдарды көрмегенін айтады.

Мен үшін мемлекеттік тілдің рөлі өте жоғары – Маргарита

жеке мұрағат 

Қызылжар жалпы орта білім беру мектебі менің білім алып, ұшқан алтын ұя ошағым. Қаншама жақсылар мен жайсаңдарды білім нәрімен сусындатты. Сондықтан да қарапайым  қазақы қаймағы бұзылмаған ауыл мен үшін әрқашан ыстық, – деді.

Сонымен бірге Маргаританың жолдасы да қазақ ұлтынан екен. Сол себепті ол қазақтарды қатты сыйлайтынын және салт-дәстүрден ешқашан қашпағанын айтады.

Ата-анам қазақ жігітіне тұрмысқа шығамын дегенде, еш қарсылық көрсетпеді. Отбасым – менің шағын мемлекетім. Аллаға шүкір, 4 баланың анасымын. Балаларым барлығы өнерден құр алақан емес, – дейді Маргарита.

Жұмысымен қатар үйдің де шаруасын дөңгелетіп, бүгінде үлкен қара шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Үлкен үлгілі әулеттің келіні атанғанына еш өкінбейді.

Алғашында ата-енем мені жатсынбай бірден қабылдады. Сондықтан да болар, барлық шаруаға да, салт-дәстүрге де тез үйреніп кеттім. Қазір ортамызда тек қана сыйластықтың туын көтерген киелі әуелеттің келіні екенімді мақтан тұтамын, – дейді ол.

Қосағы Ертай мен алтын асықтай ұл-қыз тәрбиелеп, өзге жанұяларға үлгі болып отырғанын жасырмады.

Мен үшін мемлекеттік тілдің рөлі өте жоғары – Маргарита

жеке мұрағат 

Қазақ халқының барлық салт-дәстүрін барынша бағалаймын. Өзімнің отбасымда балаларыма үйретуге тырысамын. Көп балалы ана болғандықтан,  балаларымның тұсауын кесу және сүндетке отырғызу, тілашар  сияқты жөн-жоралғыны салт-дәстүр бойынша өткіземіз, – дейді педагог.

Қазақ тілін білгендіктен де болар, жолдасының туыстарымен, салт-дәстүрден ешқандай қиындық болмағанын айтады. Десе де, бастапқы кезде жұрт оған таңқалып, қараған кездері болған екен.

Басында айналамдағы адамдар маған таңғалып, қараған кездері болды. Ал қазіргі кезде мені ешкім «орыс» деп санамайды. Өзіміздің қызғой деп санайды. Сол себепті ұлтым басқа болса да, жарым деп жүрегін ұсынған азаматтың еліне, тіліне, салтына үлкен құрметпен қараймын, – дейді Магарита.

Сондай-ақ ұстаздық жолда жүргеніне қарамастан, оның қазақ тілін жетік меңгергеніне көпшілік таңырқай және тамсана қарайды. Маргарита Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс екенін айтады.

Мен үшін мемлекеттік тілдің рөлі өте жоғары. Тілім тірлігімнің – айғағы деп білемін. Өз тіліңде сөйлеу, құрметтеудің еш  артықшылығы жоқ деп білемін, – дейді.

Ел болғаннан кейін арасынан арандатушылар да шығады. Бүгінгідей геосаяси ахуал өршіп тұрған кезде қоғамда түрлі пікір қалыптаса бастады. Әсіресе ұлт арасына іріткі салушылар көбейді. Оны әлеуметтік желілерден байқап та жүрміз. Осындай кезде отқа май құюшылар кездеседі. Бұл тұрғыда Маргаританың ойын сұрадық.

Әсіресе, ұлт арасында іріткі салушылар көбейді. Оны әлеуметтік желілерден байқап, көріп жүрміз. Ата-бабамыздың қаны, маңдай терімен келген бостандық және тәуелсіздік бізге оңай жетпеді. Осы қолымыздағы бақытымызды бағалай алмай жатқан адамдарды көргенде, іштей қынжыласың. Бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқасын, ұлт пен ұлысқа бөліну мүлдем дұрыс емес деп ойлаймын. Қазақстан біздің ортақ үйіміз, асыл анамыз деп бағаласақ, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді.

«Бала кезімен әлі күнге дейін қазақ жері бірлік пен татулықтың мекені болғанын білемін. Ал ең басты жетістігім бұл қазақ елінің азаматы ретінде мемлекеттік тілді меңгеріп, бүгінгі ұрпақты білім нәрімен суысындатып отырғаным деп білемін», дейді.

Отбасында олар тек қазақ тілінде сөйлейді.

Барлығынан қазақ тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін жоғары қоямыз. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне ықпал етіп, өз пайдасын тигізгісі келетін әр азамат қазақ тілін біліп, құрметтеуі тиіс. Біз бір-бірімізді қолдап, бірге нәтижеге жетуіміз керек. Көп тілді білу жақсы. Десе де, Қазақстан азаматы ана тілді міндеті түрде білу керек, – дейді.

Білім ордасын басқарып отырған Маргарита Айдаболова Қазақстанды бірлігі мен берекенің ұйып тұрған қаймағы деп біледі.

Әрине, ел арасына ірткі салатындар болса да, босағасын ешкім сөге алмайтынына менің сенімім кәміл. Отаным деп әр қазақтың жүрегі соға білсін деген тілегім мен арманым алысқа жетелейді, – деді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға