Жаңалықтар

Мен үшін әділдік – ең жоғары құндылық

Бұл туралы мемлекет басшысы Алматы облысы жұртшылығымен кездесуінде айтты
Мен үшін әділдік – ең жоғары құндылық
Фото: Ақорда 19.10.2022 12:19 2660

Биылғы 9 айда Президенттің атына 41 мың өтініш түскен, әр төртіншісі құқық қорғау органдарының қызметіне және сот шешімдеріне қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы жұртшылығымен кездесуінде бұл жайт құқықтық реформаны жалғастырудың маңыздылығын көрсететінін айтты, деп хабарлайды El.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Елдің Президенті ретінде, мен үшін әділдік – ең жоғары құндылық. Сондықтан, менің Әкімшілігімде азаматтардың өтініштерін қабылдаумен және олардың талап-тілектерін қарастырумен айналысатын арнайы бөлім бар. Бұл жұмысты өз бақылауымда ұстаймын. Биылғы 9 айда менің атыма 41 мың өтініш келіп түсті, олардың әрбір төртіншісі құқық қорғау органдарының қызметіне және сот шешімдеріне қатысты. Бұл құқықтық реформаны жалғастырудың маңыздылығын көрсетеді.

Сондықтан, елімізде заң үстемдігі болуға тиіс. Онсыз қоғамдық тәртіп орнату мүмкін емес. Басқаша айтқанда, ішкі саясатымызда заң мен тәртіпті басшылыққа аламыз. Тек сонда ғана біз азаматтарымыздың игілігіне бағытталған экономикалық реформаларды тиімді жүргізу үшін қолайлы жағдай жасай аламыз.

Заң мен тәртіп мемлекетіміздің беделіне шын мәнінде нұқсан келтірген қайғылы қаңтар оқиғасының қайталануына жол бермеуге мүмкіндік береді. Одан сабақ алу керек және бұзақылар мен лаңкестерден батыр жасаудың еш қажеті жоқ. Белгілі бір күштердің жетегіне ерген және кішігірім қылмыстар жасағандарға рақымшылық жарияладым. Ал бұзақыларды, кісі өлтірушілерді, тонаушыларды қолдауға тырысатындардан сақ болу керек. Олар халқымыздың түпкі мүддесіне мүлдем сай келмейтін жеке мақсатты көздейді. Жуық арада мемлекетке сатқындық жасағандар, екіжүзділік және қорқақтық танытқандар сот алдында жауап береді. Қайғылы жағдайға жол берген немесе арандатушылық әрекет жасағандардың істері бойынша тергеу жалғасады», - деді Президент.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға