Жаңалықтар

Мемлекеттік тіл туралы конституциялық норманың дұрыс түсінілуіне үлес қосқан маңызды әрі қажетті қадам

Назарларыңызға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы факультетінің конституциялық және әкімішілік құқығы кафедрасының доценті Жарболова Айгерім Жақсылыққызының мақаласын ұсынамыз
23.05.2015 18:57 5370

Назарларыңызға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы факультетінің конституциялық және әкімішілік құқығы кафедрасының доценті Жарболова Айгерім Жақсылыққызының мақаласын ұсынамыз

Мемлекеттік тіл туралы конституциялық норманың дұрыс  түсінілуіне үлес қосқан маңызды әрі қажетті қадам

1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсіз, егемен мемлекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан акт болып табылады.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 7 бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл - қазақ тiлi. Мемлекеттік тiлдің мағынасын ашсақ, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңда анықталғандай мемлекетті тіл – бұл мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тілі болып табылады. Тиісті заңға сәйкес мемлекеттік тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы болып табылады.

Қазақстан Республикасында қазақ тілі конституциялық тұрғыда мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанымен, оның мемлекет билік және басқару деңгейінде қолданылу шамасы, ғылым мен техника, ұлтаралық қарым-қатынастағы шынайы рөлі әлі мемлекеттік органдардың қолдауын, қоғамдық сананың тиісті дәрежеге көтерілуін, Қазақстанның әрбір азаматының өзінің тілге қатысты азаматтық парызын түсінуін қажет етеді. Мемлекеттік қызметте істейтін қызметкерлердің көпшілік бөлігі қазақ ұлтты азаматтар болғанына қарамастан, іс-қағаздар айналысы, құжаттамалардың, қарым-қатынастың басым бөлігінің орыс тілінде жүргізілуі, тіптен халық қалаулыларының заңдарды орыс тілінде қабылдап, одан кейін барып оның мемлекеттік тілге сапасыз аударылуының орын алып жатқандығы ешкімге жасырын емес. Заң шығарудан бастап мемлекеттік органдарда іс жүргізуді толық мемлекеттік тілге көшірудің үлкен стратегиялық маңызы бар. Себебі, қоғамдық өмірдің қай саласы болмасын заңдарға негізделеді, мемлекеттік органдар арқылы басқарылады. Сондықтан, мемлекеттік билік және мемлекеттік басқару тетігіндегі тілдік ахуал әр салаға тура ықпал етеді десек, асыра айтқандық болмас.

Жалпы қоғам тарапынан, оның ішінде студенттер тарапынан қазақ және орыс тілдерінің мәртебесін бекітетін конституциялық норманың бұрмаланбай, дұрыс ұғынылуына қол жеткізу бағытында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасы жыл сайын №18 студенттер үйінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, мемлекеттік тіл мәртебесін бекітетін конституцияның нормасының мақсаты мен оның жүзеге асырылуы мәселелерін талқылауды әдетке айналдырды. Аталмыш кафедраның студенттермен мұндай кездесу өткізуінің мақсаты – орыс тілінің мәртебесін бекітетін конституция нормасының дұрыс ұғынылмауына, бұрмаланып түсінілуіне байланысты қоғамда орын алып жатқан теріс көзқарастарға студенттердің қосылуына жол бермеу үшін студенттерге мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің және мемлекеттік ұйымдарда және өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатын орыс тілінің мәртебесін бекітетін Конституцияның 7 бабының шынайы мәні мен мағынасын және конституциялық-құқықтық мақсатын түсіндіру болды.

Кездесуде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданылуы үшін мемлекеттік тіл қатынастарын реттейтін конституциялық нормалардың толықтай және мүлтіксіз жүзеге асырылуын қамтамасыз ету қажеттігі нақтыланып, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде іске асырылуы үшін Конституцияны өзгертудің қажет еместігі, керісінше оның тіл туралы ережесінің бұрмаланбай қоғам тарапынан дұрыс ұғынылып, толық орындалуы талқыланды. Нақты айтсақ, дұрыс ұғынылмауы салдарынан мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуына кедергі болып тұрған мәселелердің бірі – конституцияның орыс тілінің мемлекеттік ұйымдарда және өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатындығын бекіткен нормасының бұрмалануы нәтижесінде орыс тілінің «екінші мемлекеттік тіл», «ресми тіл» деңгейіне көтерілуі екендігі айтылып, ендігі міндет – қазақ және орыс тілдеріне байланысты конституция нормасының ешбір кедергісіз сол күйінде мүлтіксіз орындалуына бүкіл қоғамды, мемлекеттік механизмді жұмылдыру қажеттігі нақтыланды. Сол кезде ғана қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде, ал орыс тілінің ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатын тіл ретінде өздерінің негізгі конституциялық мақсатына қол жеткізіп, «егемендік пен тәуелсіздіктің тірек тілі» ретінде қызмет істей алатындығы баса айтылды. Сонымен қатар, кездесуде кафедра мүшелері мемлекеттік тіл туралы конституциялық-құқықтық нормалардың іске асырылу тәжірибесі мен мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласындағы тіл мәселелерін студенттердің назарына ұсынды.

Мемлекеттік тіл мәселесі студенттер тарапынан қызығушылық тудырып оқытушыларға қойылған бірнеше сұрақ түрінде, өзіндік жеке пікірлерін білдіру түрінде өз көрінісін тапты. Кафедра мүшелері студенттердің сұрақтарына кеңінен жауап беріп, олардың мемлекеттік тіл тағдырына қатысты жан-айқайын көрсеткен жеке пікірлеріне қолдау көрсетіп, отансүйгіштік сезімдерін әлсіретпей отырғандарына ризашылықтарын білдірді.

Кездесу соңында, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде кең қолданылып, жан-жақты дамуы үшін оның біріншіден, ойлау тілі, екіншіден, сөйлеу тілі, үшіншіден жазу тілі болуы керектігі, яғни осы үш элементті біріктіргенде ғана қазақ тілінің «мемлекеттік тіл» дәрежесіне жететіндігі қорытындыланып, шынайы жағдайда мемлекеттік-құқықтық салада мемлекеттік тіл ойлау тілі болмай отырғаны баса айтылды. Кафедра мүшелері адамдарды мемлекеттік тілде сөйлету үшін оларды осы тілде ойлауға үйрету керек екендігін, ал адамды бала кезінен мемлекеттік тілде ойлап үйрету негізінен отбасының ісі екендігін айта келе «қоғамның бір мүшесі ретінде студенттер осы бағытта қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде толығымен дамуына үлес қосуы қажет» деп кездесуді түйіндеді.

Жарболова Айгерім Жақсылыққызы

з.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мемлекет және құқық теориясы мен

тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасының доценті

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға