Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметкерлер арасында республикалық Спартакиада басталды

Іс-шараны Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті ұйымдастырды
Мемлекеттік қызметкерлер арасында республикалық Спартакиада басталды
Фото: gov.kz 14.07.2022 20:08 2422

Петропавл қаласындағы Орталық алаңда бұқаралық спортты дамытуға бағытталған республикалық Спартакиада басталды, деп хабарлайды El.kz

Енді апта аяғына дейін жергілікті атқарушы орган қызметкерлері шағын футбол, волейбол, қазақ күресі, үстел теннисі, суда жүзу, тоғызқұмалақ пен бильярдтан кім мықтыны анықтайды. Ал 16 өңірден келген қатысушы саны 700-ге жуық. Осы тұста жуырда құрылған Алматы облысының қызметкерлері «Қонаев командасы» болып алғашқы кешенді жарысқа қатысып жатқанын айта кету керек. 

Спартакиадаға келген жергілікті органдағы мемлекеттік қызметкерлер арасында қатардағы сарапшылар мен ауылдық округ әкімдерінен бастап басқарма басшылары, баспасөз хатшылары, облыс әкімінің орынбасарлары бар. Мәселен, БҚО әкімінің орынбасары Тілепберген Қаюпов волейболдан өз командасының намысын қорғамақ. Дәл осылай ұшпа допты серік еткендер арасында Жамбыл облысындағы Жуалы ауданы, Нұрлыкент ауылдық округ әкімінің орынбасары Бақытжан Назарды, Түркістан облысы Көлік бақылау ннспекциясының басшысы Ербол Сырғабековті, Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаевты атап өтуге болады. 

Ал жуырда құрылған Жетісу облысындағы Спорт басқармасының басшысы Алмат Үшкемпіров, Ақтөбе облысы Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Евгений Гончаров, Алматы облысындағы Ескелді ауданы әкімінің орынбасары, Жандос Жолдыханов, сондай-ақ, грек-рим күресінен Азия чемпионы, қазір Өскемен қаласы Дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Ербол Қоңыратов жасыл алаңда футбол ойнайды. Сонымен қатар Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Бекен Қоныс, Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Алдияр Мұсаев тас таяқтан (бильярд) шеберлік байқасады. Қызылжарлық өнерпаздардың концертінен кейін командалар шеруі болды. Ашылу рәсімінде сөз алған Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Азамат Имашев Спартакиада әр облыс пен қаладағы мемлекеттік қызметкерлердің байланысын арттыратынына тоқталды.

«Осы кешенді жарыстың бәрі бұқаралық спортты дамыту үшін, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау үшін істеліп жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев әр жолдауында осы тақырыптарға тоқталып, бақылауында ұстап келеді. Ал дені сау азамат ұлт болашағының кепілі екенін білеміз. Осы Спартакиадаға біраз облыстағы спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы бақ сынау үшін келіп отыр. Яғни, басшылар өздері үлгі болып, өзге қызметкерді спортқа тартып жатыр деген сөз. Бұл құптарлық қадам. Осы үшін Сіздерге алғыс айтамын. Сөз соңында осы жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырып жатқан Солтүстік Қазақстан облысына ерекше алғыс айтқым келеді. Ойындар өңір тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын одан бетер оятады деген сенімдеміз. Ал барлық қатысушыға сайыста сәттілік тілеймін!»,-деп айтты Азамат Имашев.

Ал СҚО әкімінің орынбасары Ғани Нығметов облыстың бұл Спартакиадаға 2 айдан бері тыңғылықты дайындалғанын айтып, барыша жоғары деңгейде өткізуге тырысатындарын жеткізді. Айта кетейік, әр спорт түрі бойынша командалар ұпайға ие болады. Ал Спартакиада соңында барлық ұпай қосылып, жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталады. Жалпы есепте топ жарған өңір мен 2-ші және 3-ші орын иегерлеріне Кубок пен грамота табысталады. Бұл Спартакиаданың мақсаты – өңірлердегі мемлекеттік қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, оларды спортқа тарту, спорттың бұқаралық сипат алуына жағдай жасау. 

Естеріңізге сала кетейік, жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің Спартакиадасы 17 шілдеде аяқталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға