Жаңалықтар

Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес - Тоқаев

Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес - Тоқаев
06.06.2022 20:22 2458

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына жолдаған үндеуінде айтты,- деп хабарлайды El.kz сайты Bag.kz сілтеме жасап. 

– Мемлекеттік аппаратты жаңғыртып, бюрократиядан барынша арылту үшін жүйелі жұмыс жалғасады. Біз қоғамның барлық өкілдерінің талап-тілектеріне жауап беретін озық мемлекет құруымыз керек. Басқару жүйесінің тиімділігі жұмыстың барысымен емес, түпкі нәтижемен өлшенетін болады, - деді Президент.

Мемлекеттік аппарат бизнеспен, үкіметтік емес ұйымдармен және азаматтармен тығыз жұмыс істеуге баса назар аударуға тиіс.

– Сол арқылы ел мүддесіне сай тиімді шешімдер қабылданып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы жақсара түседі. Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес, - деді Тоқаев үндеуінде.

Ол Парламент пен Үкімет Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуі қажет екенін айтты.

– Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз. Конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашады. Парламент пен Үкімет Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуі қажет. Қазақстанда тиімді құқық қорғау және сот жүйесін құруға мүмкіндік беретін реформалар әзірленуге тиіс. Мұны әлемдік тәжірибені ескере отырып жүзеге асырған жөн. Біз қоғамның және бизнес өкілдерінің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға сұранысы арта түскенін көріп отырмыз. Елімізге азаматтар мен кәсіпкерлерді барынша қорғайтын құқық жүйесі қажет. Заңнамада мемлекетіміздің тұрақты дамуын тежейтін ешбір кедергі қалмауға тиіс. Заман талабына сай келмейтін және күмән туғызатын нормалардың бәрі күшін жоюға тиіс, - деді ол.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға