жеке мұрағат

Мемлекеттік тілді ұлықтаған ұстаз

18.08.2025 23:12

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оны өмірлік мұрат еткен тұлғалар ел ішінде аз емес. Солардың бірі – қазақ тілінің жанашыры, ұлағатты ұстаз Ольга Германовна Тим.Ольга Тим 1988 жылы 28 қаңтарда Қарағанды облысы, Осакаров ауданына қарасты Шұңқыркөл ауылында дүниеге келген. Бала кезінен білімге құштар болып өскен ол туған ауылындағы №11 орта мектепті 2005 жылы бітіріп, дәл сол жылы Х.М. Нұрмұқанов атындағы Қарағанды қазіргі заманғы гуманитарлық колледжіне оқуға түседі. 2008 жылы колледжді «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша аяқтап шығады.

Колледж қабырғасында жүріп-ақ ұстаздық жолын бастап кеткен жас маман алғашқы еңбек жолын Осакаров ауданы Пионерское ауылындағы №3 орта мектептен бастайды. Алғашқы күннен-ақ білім мен тәжірибені қатар ұштастыра отырып, өзінің жаңашыл бағыттағы мұғалім екенін дәлелдейді.

Кәсіби даму жолындағы тұрақты ізденіс

2010 жылы Ольга Германовна жоғары білімге бет бұрып, «Болашақ» Қарағанды университетінің филология факультетіне оқуға түседі. 2013 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алып шығады. Бұл кезең оның кәсіби тұрғыдан шыңдалуына және мемлекеттік тілді терең меңгеруіне жол ашты.

Бүгінде ол – Қарағанды қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы гимназияда қазақ тілі пәнінің мұғалімі әрі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді. Сонымен қатар, 2022 жылдан бастап Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Мәміле» қазақ тілі тілдесу клубының жетекшісі ретінде де белсенді еңбек етіп жүр.

Ольга Тим – заманауи ақпараттық-коммуникативтік технологияларды жетік меңгерген, үздіксіз ізденіс үстіндегі жаңашыл педагог. Оның басты мақсаты – жас ұрпақ бойында мемлекеттік тілге деген құрметті қалыптастыру, елдік құндылықтарды дәріптеу.

Қоғамдық белсенділік пен этносаралық татулықты насихаттау

Ольга Германовна – «Видергебурт» неміс мәдени орталығы кеңесінің белсенді мүшесі. Сонымен қатар, «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасы аясында көптеген іс-шараларға ұйытқы болып жүр. Ол қоғамдық келісім мен бірлік бағытындағы жобаларға тұрақты түрде қатысып, мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлін насихаттап келеді.

Ұстаздық қызметімен қатар облыстық және республикалық деңгейдегі тілдік, мәдени іс-шараларға да белсене араласып, «Ана тілі аруы», «Тіл – татулық тірегі», «Мемлекеттік тіл – менің тілім» секілді байқауларда өнер көрсетіп, талай мәрте жүлдегер атанған.

Еңбегі еленген жан

Ольга Тимнің тіл жанашыры ретіндегі еңбегі де назардан тыс қалған жоқ. Ол Қарағанды облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының иегері, «Мемлекеттік тіл – менің тілім» және «Тіл білгірі» номинациялары бойынша марапатталған. Сонымен қатар, түрлі деңгейдегі Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болған.

Қорытынды

Қазақ тілін ел бірлігінің алтын арқауы, рухани құндылықтардың өзегі деп білетін Ольга Германовна – жас ұрпаққа рухани бағыт-бағдар беретін жарқын тұлға. Оның еңбегі – тіл мен мәдениетті, салт-дәстүрді ұлықтауға бағытталған. Мұндай ұлт жанашырлары – Жаңа Қазақстанның іргесін бекемдейтін, рухани биігін айқындайтын көшбасшылар.

Гүлнұр Бақытқызы