Жаңалықтар

Мемлекеттік тілді білмеуім азаматыққа жатпайды деп ойладым

Мемлекеттік тілді білмеуім азаматыққа жатпайды деп ойладым
12.12.2019 11:21 2191

Джамалайл Элимханов, «Емир-Ойл» ЖШС-гі директоры, ҚХА-ның «Ұлы даланың Ұлтаралық тілі» форумына қатысушы:

Мен қазақ тілін қалай меңгергенімді айтқым келеді. Шешенстан Республикасында соғыс басталған соң, менің отбасым Қазақстанға 1995 жылы көшіп келді. Балалық шағым Ақтау қаласында өтті. Орыс мектебінде білім алдым. Мектепте түрлі ұлт өкілдері болды. Барлығымызға ортақ қарым-қатынас тілі - орыс тілі еді. Қазақ тілі сабағы өзіме қатты ұнайтын, алайда, қазақ тілді орта болмағасын болар, мен қазақ тілінде еркін сөйлей алмайтынмын. Мектепті бітіргеннен кейін Бейжің қаласындағы Қытай политехникалық университетінің экономика және халықаралық сауда факультетіне түстім. Оқу ағылшын және қытай тілдерінде жүрді. Қытайда 5 жыл оқып, бакалавр дәрежесіне жетіп, екі шет тілін меңгеріп шықтым.
2014 жылы Ақтауға қайтып оралдым. Жұмыс тәжірибем болмаса да, шет тілдерін жақсы меңгергендігімнің арқасында мұнай компаниясынан тез жұмыс таптым. Бірақ мені бір ой мазалай берді. Қазақ жерінде өстім, білім алдым, 4 тілді меңгердім. Сөйте тұра, мемлекеттік тілді білмеуім, азаматтыққа жатпайды деп ойладым. Содан өзіме серт бердім. Мен қазақ тілінде еркін сөйлей алған кезде ғана, өзімді қазақстандықпын деуге құқығым бар дедім. 2016 жылдан бастап қазақ тілін оқи бастадым. Бағыма қарай, жақсы мұғалім тап болды. Жұмыс көп, уақыт аз, соған қарамастан, сабағымнан қалмай оқыдым. Оңай болды деп айта алмаймын, өйткені шешен тілі қазақ тіліне мүлдем ұқсамайды. 2 жылда мен қазақ тілінде еркін сөйлейтін деңгейге жеттім. Енді мен өзімді қазақстандықпын деп мақтанышпен айта аламын.

Қазақстанда тұратын барлық азаматтарға айтарым – ұлтыңызға, жасыңызға қарамай, мемлекеттік тілді білуге ұмтылыңыз. Өкінішке орай, көпшілігінің тілге тиек ететіні – мектепте оқығанда қазақ тілді орта болмады дейді. Бірақ бұл сылтау ғана. Қазақ тілін кез-келген жаста оқуға болады. Бастысы – ынтаңыз бен өз еліңізге деген құрметіңіз болуы керек. Менің қолымнан келді, сіздің де қолыңыздан міндетті түрде келеді! Менің үндеуім біріншіден ер-азаматтарға арналады. Қазақстанда ер баланы ел-жұртына қамқоршы, қорған болатындай етіп тәрбиелейді. Керек болса, ер жігіт Отаны үшін өмірін де қиған. Ал біз тілімізді үйренуге бос уақытымызды қия алмағанымыз қалай?! Ойымды Елбасымыздың «Қазақ тілі – біздің еліміздің болашағы» деген сөздерімен түйіндегім келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға