Жаңалықтар

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Фото: ©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ 04.07.2023 15:48 1042

Қонаев қаласында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл іс-шара мемлекеттік тіл мәселесіне қоғамның назарын аударту, мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау, тіл мәселелерін жариялап жүрген журналистердің мақалалары, бағдарламалары арқылы отандастарымыздың санасын жаңғырту, қазақ тіліндегі контентті ұлғайту және мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту мақсатында жасалып отыр. Сонымен қатар, ақпарат саласына жаңа келген журналистер арасынан жаңа есімдерді анықтап, болашағына бағыт-бағдар беруге мүмкіндік туғызу.

Алматы облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл байқау өткен аптада аяқталып, Байқау Ережесіне сәйкес аудан, қалалардан қабылданған өтінімдер мен тапсырылған материалдар қазылар алқасының талқысына ұсынылған болатын.

Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлде – Жанбота Сұлтанмұратқызына (Талғар ауданы), 1-орын – Ақтоты Кенжебековаға (Қарасай ауданы), 2-орын – Құралай Мұратқызына (Еңбекшіқазақ ауданы), екі 3-орын – Толғанай Бейсенбаева (Кеген ауданы) мен Зарыққан Есілбаевқа берілді (Қонаев қаласы).  Үздік мақала аталымы – Бақтығали Дәуітбаевқа (Балқаш ауданы), сонымен қатар ынталандыру сыйлықтары – Ақжарқын Шыңғысбаеваға (Қонаев қаласы), Аружан Мәуленбайға (Райымбек ауданы), Тұрсынбек Жалғасбаевқа (Талғар ауданы) және Бұрым Ермекқызына (Қарасай ауданы) беріліп, қаржылай сый-сияпаттар жасалды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға