Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды форматта жүргізіледі – Смайылов

Мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды форматта жүргізіледі – Смайылов
Фото: t.me/KZgovernment 02.02.2024 16:11 731

Премьер-министр Әлихан Смайылов Беларусь, Ресей және Өзбекстан үкіметтерінің басшылары қатысқан Digital Almaty 2024: Индустрия Х цифрлық форумының пленарлық отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы өз сөзінде бүгінде біз жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы, роботтандыру, сондай-ақ адам өміріндегі іс-әрекеттердің цифрлық түрленуінің куәсі болып отырғанымызды атап өтті.

Мұндай жағдайда тез бейімделу және бірден жаңа шешімдер қабылдау мүмкіндігі жетістікке жетудің маңызды факторына айналады. Бұл өзгерістердің адами аспектісіне ерекше назар аудару қажет, — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, мұндағы бірінші және негізгі бағыт – мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара іс-қимылы кезінде адам қажеттілігіне бағытталған тәсілді қалыптастыру.

Өткенді еске түсірейік. Құжаттарды қағаз түрінде алу үшін көп уақыт жұмсауға тура келетін. Бүгінде цифрландыру осы үдерістердің барлығын жеңілдетті. Қазір мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды форматта. Отбасының цифрлық картасы арқасында 6,3 млн қазақстандық отбасының деректері цифрландырылды. Жалпы мемлекеттік қызметтердің 40 түрі проактивті форматта көрсетіледі, — деп атап өтті премьер-министр.

Үкімет басшысы бүгінде жасанды интеллект элементтері өндіріс саласында, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, денсаулық сақтауда, мемлекеттік қызмет көрсетуде және т.б. салаларда қолданылып жатқанын атап өтті.

Жасанды интеллектті қолданудың сәтті мысалдарының бірі – CEREBRA медициналық платформасы. Ол сандық технологияны пайдалана отырып, инсультті жылдам диагностикалауға мүмкіндік береді. Өткен жылы Қазақстанда сәтті іске қосылғаннан кейін жоба Өзбекстан нарығына да шықты. Ал бүгінде ұжым оны басқа елдерде де іске қосуға дайын, — деді Әлихан Смайылов.

Өңірлік ІТ-экожүйені дамыту мәселесіне тоқталған Әлихан Смайылов өзін инновациялық кластер және стартаптардың негізгі серіктесі ретінде танытқан Astana Hub халықаралық технопаркін мысалға келтірді.

Қазір біз бұл тәжірибені еліміздің барлық өңірлерінде белсенді түрде кеңейтіп жатырмыз, — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының пікірінше, құзыретті және білікті кадрлардың болуы да маңызды мәселе. Бұл міндетті іске асыру үшін Қазақстанда жастарға қысқа мерзімде IT-мамандықтарды игеруге мүмкіндік беретін «TeхОрда» бағдарламасы іске қосылды.

Нәтижесінде 6 мыңнан астам адам IT-білім алып, салада жұмыс істей бастады, табыстары бірнеше есеге артты, — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Премьер-министр өнеркәсіп саласында жаңа технологияларды қолдану мәселесіне де тоқталды.

«Икс» индустриясын дамытудың маңызды құралы жер қойнауын пайдаланушылар табысының 1%-ын ғылыми-зерттеу әзірлемелеріне бөлу болды. Бір мысал – жасанды интеллект көмегімен кеннен алтын алу процесін оңтайландыру жобасы. Мұндай әзірлемелер өндірістік процестерді оңтайландыруға және олардың тиімділігін арттыруға мультипликативтік әсер етеді, — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Қорытындылай келе, ол аймақ елдерін жасанды интеллект саласында бірлесіп зерттеулер жүргізу және деректерді өңдеу мен талдау үшін ортақ қажетті инфрақұрылым құру жолында күш біріктіруге шақырды.

Біз технологиялық шешімдермен, патенттермен және инновациялық идеялармен алмасу үшін цифрлық платформа құруды ұсынамыз. Бұл біздің өзара іс-қимылымызды жақсартып, өңіріміздегі кәсіпкерлер мен зерттеушілерге соңғы технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді, – деді Әлихан Смайылов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға