reporter

Мемлекеттік қызметтер сапасын қорғаудың жаңа стандарты енгізілді

Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді алу кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау күшейтілді. 2024 жылы «Мемлекеттік қызметтер туралы» заңға енгізілген өзгерістер аясында қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын олардың қайта өтінішсіз қалпына келтіру тетігі іске қосылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жаңа нормаға сәйкес, егер мемлекеттік қызмет көрсету барысында заң бұзушылықтар анықталып, азаматтың құқығы мен заңды мүдделерінің жүзеге асуына кедергі келтірсе, жауапты органға тек жауапкершілік шараларын қолдану ғана емес, сонымен бірге құқықты дер кезінде қалпына келтіру міндеті жүктеледі. Енді қызмет алушыдан қайта өтініш беру талап етілмейді.

Осы өзгерістерді жүзеге асыру үшін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі кеңінен қолданылатын мемлекеттік қызмет түрлерін қамтитын «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесіне арнайы модуль енгізді. Бұл модуль қызмет көрсетушілерге заң бұзушылықтарды түзету және азаматтың құқығын проактивті форматта қалпына келтіру мүмкіндігін береді.

2025 жылдың өткен кезеңінде Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті шағымдарды қарау және тексерулер нәтижесінде 168 азаматтың құқығын қайта өтінішінсіз қалпына келтірген.

Мысал ретінде, Целиноград ауданының Қаражар ауылында жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер телімін алуға өтініш берген азаматқа негізсіз түрде бас тартылған жағдай келтірілді. Жер телімі жол бөлімімен қабаттасады деген қорытындының қате екені тексеріс барысында анықталды. Департамент жергілікті атқарушы oрганға құқықты қалпына келтіру туралы міндетті шешім жолдады.

Нәтижесінде «Е-лицензиялау» жүйесінде өтініш қайта қалпына келтіріліп, жер комиссиясы азаматқа оң қорытынды берген.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылау Агенттіктің аймақтық департаментінің тұрақты назарында.