Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметке ең мықты, ең білгір, ең іскер адамдар тағайындалуы керек

Мемлекеттік қызметке ең мықты, ең білгір, ең іскер адамдар тағайындалуы керек
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 23.06.2023 10:10 1502

Елімізде мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талап күшейіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігі мен қарым-қабілеті жайында жиі сөз қозғауы осыны байқатады.

«Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз» – деген еді Президент.

Десе де, мемлекеттік қызметкерлердің арасында мемлекет қайраткері деңгейіне дейін көтерілген азаматтар да жоқ емес. Аңызға айналғаны қаншама. Соның бірі – Кенесары Қаптағаев. Ол El.kz тілшісіне сұхбатында мемлекеттік қызметтің қыр-сыры, қызығы мен қиындығы жайында баяндап берді:

El.kz: Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекеттік қызметте болдыңыз. Сонда алдыңызға не мақсат қойған едіңіз?

Кенесары Қаптағаев: Менің мамандығым – мемлекеттік қызметкер. Анықтама, ақпарат, шешім, қаулы жазу – негізгі жұмыс.

Заманбек Қалабайұлы Алматы қаласының әкімі болып тұрған тұста, қаланың идеологиясын басқардым. Қолымыздан келгеннен кейін ұлтжандылық істерді жасадық. Алматының орталық көшелеріне қазақша атау бергіздім. «Шаңырақ», «Алтын бесік», «Баспанасыздар» атты қоғамдық ұйымдарды құрып, оған басшылық жасадым. Қолында қазақтың төлқұжаты бар адамдарға үй салатын жерлерді тегін бөліп бердік. Осы ісім үшін де талай сөз етідім. «100 мың долларға сатуға болатын жерлерді тегін үлестірдің, сені ату керек», – деп жұмыстан қуылған кезім де бар.

Тек орысша сөйлейтін радио, телеарналармен 15 жыл соттасып жүріп, қазақшалап шықтым. Бұл жұмыстарды қолымнан іс келген соң жасадым. Кеңес одағы тұсында партиялық қызметтің ең жоғары шыңдарында істеп келген адаммын. Тәуелсіздік алған кейін, біраз жылдардан соң «ұлтшыл» деп шеттетті.

Қолынан келіп тұрған кезде, әрбір мемлекеттік қызметкер өз елі үшін, ұлты үшін, халқы үшін жұмыс істеуі тиіс деп білемін.

El.kz: Сонда Алматы қаласындағы қай жерлерді тегін бөліп бердіңіз? Нақты атап бере аласыз ба?

Кенесары Қаптағаев: Шаңырақ, Бақай, Қалқаман мен Алматының екі ортасы, Жандосовтың бойындағы Таугүл, Новаидің жоғары жағындағы өзеннің бойы, Рысқұлов даңғылының төменгі жағы, Думан ықшам аудандары осылай бой көтерді. Жер алғысы келгендерге «қолында қазақ төлқұжаты болуы керек» деген бір ғана талап қойылды. Осылайша, ондаған мың жер телімдерін қазақтың қыз-жігіттеріне баспаналы болуы үшін бөліп бердік.

El.kz: Сол үшін сөз естідіңіз бе? 

Кенесары Қаптағаев: Аппараттағылар «сататын жерлер еді» деп қатты қарсылық көрсетті. «Бұл – ата-бабасынан қалған қазақтың жері, тегін алуға қақысы бар» деп, шешімді ештеңе қарамастан жасадым. Басы-қасында жүрдім. Мұны менен басқа ешкім де жасамайтын еді.

El.kz:Алматы қаласының көше аттауларын қазақшалаған кезде қатты қарсылық болды ма?

Кенесары Қаптағаев: Заманбек Нұрқаділев Алматы қаласының идеологиясын басқартты. Ол кезде Алматы Қазақстанның астанасы еді. 17 орталық көшеге қазақша атау беруге шешімдерді дайындадым. Ол кезде  атқару комитетінің мүшелері дайындалған шешімге қол қоюы тиіс. Олардың кабинеттеріне жеке-жеке кіріп, мақұлдатып, әрқайсының қолын қойдырттым. Шешім сауалнама тәсілімен өтетін. Атқару комитеті болса, «ақша жоқ, пәлен, түген» деп мұндай шешімді оңайлықпен кіргізбейді.   

Қалалық атқару комитетінің хатшысы Людмила Николаева Артамонова деген әйел еді. Кеңестік жүйеде биліктің бәрі екі адамның – төраға мен хатшының қолында болды. Бұл екеуі шешімге қол қойып, мөр басады. Артамоноваға шешімдерді өткіздім. Бірақ ол шешімдерді тығып, қайта бермей қойды. Арада бес-алты ай өтті. Шешімге нөмір қойылып, мөр басылмаған.

Бір күні «Социалистік Қазақстан» басылымда жақсы ақпарымен көзге түсіп жүрген жап-жас журналист Ермұрат Бапиді шақырдым. «Шешім шыққан. Газетте елден сүйінші сұрап жаза аласың ба?» деп қолқа салдым. Ол келісім берді. Қазіргі «Егемен Қазақстанның» бірінші бетінде «Кенесары Қаптағаевтың айтуынша, Алматының орталық көшелері қазақшаланды» деп үлкен мақала берді. «Қазақ тілі» қоғамдарына, патриоттық қозғалыстарға қоңырау шалып, басын қосып, сағат 10-да Заманбек Қалайұлының кабинетіне кіргіздім. Ол кісі: «Мұндай шешім жоқ қой?» деп сұрады. Мен: «Бар. Артамонованың сейфінде жатыр», – дедім. Ол кісі дереу шешімді алдыртып,  мөрін басып, қолын қойып берді.

Алматының орталық көшелеріне осылай қазақша атау берілген еді.

El.kz:Атауды қалай таңдадыңыз? Нені басшылыққа алдыңыз?

Кенесары Қаптағаев: Кез келген мемлекеттің өз еркі бар. Атау өзгерту үшін ономастикалық комитет құрмайды. Мысалы, Кеңес Одағы Шығыс Пруссияның қаласы Кенигсбергті басып алған соң, Калининград деп өзгертті. Ресейде де қалалардың атауларын ешкімнен сұрамай өзгертіп жатты. Ономастика комитеті шешетін болса, мемлекеттің не керегі бар, сонда? Қазақ мемлекеті болған соң, көше атауы қазақша болуы керек. Бір-ақ күнде «Астананы» «Нұр-Сұлтан» деп, «Нұр-Сұлтанды» «Астана» деп өзгертті. Бұл – мемлекеттің күші. Дүниежүзі осылай жұмыс істейді.

El.kz: Сіздіңше, мемлекеттік қызметкер қандай адам болуы тиіс?

Кенесары Қаптағаев: Мемлекеттік қызметке адамдарды туыстығына, көзіне қарап тағайындаушылық кездеседі. Бұл – дұрыс емес. Мемлекеттік қызметке ең мықты, ең білгір, ең кәсіби, ең іскер адамдар тағайындалуы керек.

Инженерлік коммуникацияны бес саусағындай білуі тиіс. Мәселен, «Мына құбырдың қимасы қанша, қанша су жібере алады, сол су мына ауданның халқына толық жете ме, жоқ па?» дегендей. Асфальт қандай қалыңдықта төселеді, оған қанша қаржы жұмсалады? Паркті қолдану коэффициенті қандай? Елу автокөлік жүреді, қалғаны неге жүрмейді? Оның бөлшектері бар ма, жоқ па? Соның бәрін тексеріп, жұмысты жолға қоя білуі қажет.

Қазір Астанада су жетпей жатыр. Үйлерді сату үшін, есепсіз сала берген. Әр адам өз жұмысын өте жақсы білуі керек.

Мемлекеттік қызметкер жұмыстың егжей-тегжейін ұйымдардың, өндірістің басшыларынан жақсы білуі тиіс. Сонда ғана ол басшылық жасай алады. Өзгелерге де жұмыс жасата алады. Өзі түк білмейтін адам елді қалай басқармақ?

El.kz: Мемлекеттік қызметкер кім деген сауал жөнінде пікірталас өтіп жатыр. Бірі «олар халықтың қызметшісі болуы керек» десе, бірі мұнымен келіспейді. Сіз бұған не дер едіңіз?

Кенесары Қаптағаев:  Мемлекет дегеніміз – халық. Мемлекеттік қызмет – халыққа қызмет ететін жер. Азаматтарды ренжітіп жатса, жұмыстан қуу керек. Өкінішке қарай бізде олай емес.

Қазір көп мемлекеттік қызметкерлер қағаз сұрап келген адамға «қалай көмектесемін?» демейді, «қалай бас тартсам болады?» деп ойланады. Ақша алса, заңсыз нәрсені де заңды етіп беретінін көріп жүрміз. Тіпті, анықтама алудың өзі қиын. Сол қағазды бергені үшін өзі айлық алып отыр. Бір қағаз алу үшін қырық кедергі алдыңнан шығады.

Неге? Себебі, бізде мемлекеттік қызметкерлердің саны тым көп. Кәсібилігіне де күмән бар. Алғашқы жылдары Алматы қаласының әкімдігінің идеология  саласында үш адам ғана  жұмыс істеді. Қазір отыз емес, үш жүз емес, мыңға жуық адам бар. Саннан сапаға көшкен абзал. Мемлекеттік қызметке ең білгірлерді алу керек. Солар жұмыс істеуі керек. Сонда ғана мемлекет гүлденеді.

El.kz: Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға