Жаңалықтар

Мемлекеттік қызмет саласында халық үшін ашықтық бар ма?

Мемлекеттік қызмет саласында халық үшін ашықтық бар ма?
Фото: El.kz/Амангүл ТІЛЕЙЫЗЫ 18.10.2023 16:35 1627

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде БАҚ және қоғам өкілдері үшін баспасөз туры ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметке кіру және одан «шығу» процестерін жеңілдету, мемлекеттік қызметке талантты және креативті мамандарды тарту, мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту, мемлекеттік қызметтің сервистілігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

Агенттік былтырдан бері 4 заңға өзгерістер енгізді. Оның ішінде мемлекеттік қызметке кіру және мемлекеттік қызмет көрсету заңдары бар. Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгеріс енгіздік. Агенттік мемлекеттік қызмет туралы заңға бақылау жасап, оның орындалуын қадағалайды. Осы заң бойынша біз мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет көрсету саласының сапасына толыққанды бақылау жүргіземіз. Оны бағалаймыз, – дейді төраға.

Агенттік мемлекеттік қызметшілерде мансап пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін бірқатар шара қабылдаған екен.

Мәселен, мемлекеттік қызметшілер үшін қашықтан жұмыс істеу, аралас қашықтан жұмыс істеу, икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеу қағидалары бекітілген. Бүгінгі таңда 738 мемлекеттік қызметші икемді жұмыс кестесін, сондай-ақ қашықтан жұмыс істеу, аралас қашықтан жұмыс істеу мүмкіндіктерін пайдаланады.

Мемлекеттік қызмет саласында халық үшін ашықтық бар ма?

Былтыр Әдеп жөніндегі кодекс қабылдадық. Қазақта «Араласпасаң, бауырыңда жат болып кетеді» деген жақсы сөз бар. Сол сияқты біз, мемлекеттік қызметшілер, аяғымызбен жүріп, халық, қоғаммен бірге араласпасақ, ертең біз де жат боламыз. Бұған дейінгі кейбір кедергілерді алып тастап, ашықтықты қамтамасыз ету үшін жаңа норма енгіздік, – деп атап өтті МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бақылау

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қызметінің басым бағыттарының бірі халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады. Көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарын қорғауға және қалпына келтіруге ерекше назар аударылады.

Осыған байланысты бүгінгі күнге дейін көрсетілетін қызметті берушілердің 577 қызметкері тәртіптік, ал 298 мемлекеттік органдардың басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардан 22 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілді.

Ал қоғамдық бақылау аясында мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдарға 882 бару жүзеге асырылды. 732 заң бұзушылық анықталып, 852 ұсыныс енгізілді.

Цифрлық іріктеу

2023 жылдың 1 наурызынан бастап бес мемлекеттік органда «Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталы арқылы мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі іске асырылуда. 378 қазақстандық жаңа жүйе бойынша мемлекеттік лауазымдарға тағайындалды.

Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтің «Б» корпусының бос лауазымдарына орналасуға 767 конкурс өткізілді. Оларға 4489 үміткер қатысуға ниет білдіріп, оның 378-і жеңімпаз болып танылды.

Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің бірінші кезеңдерінің қорытындылары туралы

1 қыркүйекте Қазақстанда Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталды.  Талаптарға сәйкес, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.

Мемлекеттік қызмет саласында халық үшін ашықтық бар ма?

Іріктеу қорытындысы бойынша 50 кандидат резервке алынады. Резервте болу мерзімі – 3 жыл. Осы кезеңде резервшілер конкурстық іріктеусіз әртүрлі мемлекеттік лауазымдарға тағайындалуы мүмкін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға