Мемлекеттік нөмірден айырылып қалмау үшін не істеу керек
Көлігін бірнеше минутқа қалдырып кетіп, бір айналып келген соң нөмірінен «адасып» қалатындар бар. Ұсақ-түйек болып көрінгенімен, жүргізуші үшін бас ауыртар шаруа. Осындай жағдайда қайда бару керек, бұған кім жауапты, нөмірді қалай қайтаруға болады? Осы және өзгеде сұраққа жауап іздеп көрдік.
Мемлекеттік тіркеу нөмірі кімге тиесілі?
Иә, мемлекеттік тіркеу нөмірі (ГРНЗ) – мемлекеттің меншігі. Тіпті көп ақша төлеп алған «әдемі» нөмір де жеке мүлік ретінде есептелмейді. Осы нөмірді көлікке тағып жүру үшін мемлекеттік баж салығын төлейсіз. Сондықтан қандайда бір құқық бұзушылық анықталса, полиция нөмірді құнына қарамастан «шешіп» алады.
Нөмірді «шешіп» алу оңай ма?
Патруль қызметкерлері нөмірді жай ғана шешіп алып кете алмайды. ҚР ӘҚБтК-нің 795-бабы 10-тармағына сәйкес:
- көлік иесінің не екі куәгердің қатысуымен ғана нөмірді шешіп ала алады;
- лауазымды тұлға нөмірдің не себепті алынғанын түсіндіруге міндетті;
- тиісті хаттама толтырылып, оған көлік иесі не куәгерлер қол қояды.
Егер осы талаптар орындалмаса, полицияның үстінен сотқа шағым түсіруге болады. Сондай-ақ нөмірді айыппұл өндіріп алу үшін шешіп алуға заң жүзінде тыйым салынған.
Оқи отырыңыз:
Полиция қай кезде іске кіріседі?
ӘҚБтК-нің 797-бабында нөмірді алып қоюға негіз болатын бірқатар құқық бұзушылық көрсетілген. Соның ішінде:
- экологиялық талапты бұзу, шу нормасын қайта бұзу – жеке тұлғаларға 20 АЕК (86 500 тг), заңды тұлғаларға 200 АЕК (865 000 тг);
- анық көрінбейтін немесе дұрыс орнатылмаған нөмір үшін – 5 АЕК (21 625 тг);
- техникалық ақаулар (әйнектегі жарық, шамның сынуы, тежеу жүйесі немесе рульдің жарамсыздығы) – 15 АЕК-ке дейін (64 875 тг);
- көлікті рұқсатсыз қайта жабдықтау – 15 АЕК;
- жолаушы не жүк тасымалдау кезінде міндетті техбайқаудың немесе жүргізушінің медтексеруінің болмауы – 30–50 АЕК (129 750–216 250 тг);
- тоқтау мен тұрақ қағидасын бұзу, соның ішінде көгалға, тротуарға немесе балалар алаңына қою – 5–10 АЕК;
- материалдық шығын келтірілген ЖКО –20–60 АЕК немесе 9 айға жүргізуші куәлігінен айыру;
- жол-көлік оқиғасы орнын тастап кету – 50–100 АЕК немесе бір жылға дейін құқықтан айыру, кейде әкімшілік қамау қолданылады;
- осы бұзушылықтарды бір жыл ішінде қайта жасау – айыппұл мөлшері 40–50 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
-
Нөмірді қайдан іздейміз?
Егер нөмір заңды түрде алынған болса, полиция сізге қай бөлімшеге жүгіну керегін айтады. Көбінесе, құқық бұзушылық тіркелген ауданның полиция басқармасына барасыз. Кейде хаттаманы сол жерде рәсімдеп, нөмірді бірден қайтарып алу мүмкіндігі бар. Егер нөмірді ескертусіз шешіп кеткендей көрінсе, оны сақтайтын аудандық бөлімге барып, кезекшіден жауапты қызметкерді анықтаңыз.
Айта кетерлігі, кей жағдайда патруль қызметкері нөмірді көліктің жүксалғышына қалдырып кетуі мүмкін. Сондықтан көлікті, айналаны мұқият қарап шығыңыз.
Қалай кері қайтарамыз?
Мемлекеттік нөмір алып қою себебі толық жойылғаннан кейін ғана беріледі. Мысалы:
- жөндеу, техбайқаудан өткенін растайтын құжат аласыз;
- әйнекте жарықшақ болса, ауыстырасыз;
- көліктің зауыттан шыққандағв кей деталін ауыстырған болсаңыз, бұрынғы қалпына келтіресіз, сараптама, техқадағалау анықтамасын аласыз;
- айыппұл салынған болса, толық төлейсіз.
Есте сақтаңыз, мемлекеттік нөмірсіз көлік тізгіндеуге болмайды. Осы үшін 10 АЕК (43 250 теңге) айыппұл қарастырылған. Сондықтан сервис қызметіне жүгініп, тексеріске бару қажет болса, эвакуатор қызметін пайдалануға тура келеді. Қалған мәселені нөмір алынған ауданның әкімшілік практика бөлімінде шешесіз

