Мемлекеттік БАҚ қызметкерлерінің жалақысы артады
Мемлекеттік БАҚ құралдарында еңбек ететін қызметкерлердің айлығы өседі. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Мемлекеттік БАҚ құралында жұмыс істейтін журналистердің 2023 жылы, 2024 және 2025 жылдары жалақысы көбейеді. Биыл 30 пайызға, келесі жылы да 30 пайызға, ал 2025 жылы 20 пайызға артпақ. Аталған мәселе бүгінде шешілді, ол үшін қаражат бар, - деді Қанат Ысқақов Мәжілісте «Масс-медиа» туралы заң жобасын талқылау барысында.
Сондай-ақ, вице-министр өңірлік баспасөз құралдарының бүгінгі жағдайына тоқталып өтті.
Жаңа заң жобасында өңірлік БАҚ-на арналған грант қарастырылған. Ол қайтарымсыз әрі қаржы түрінде беріледі. Мақсат – өңірлік баспасөз құралдарын дамыту. Сонымен қатар бүгінде Ұлттық экономика министрлігімен бірге БАҚ үшін қосылған құн салығын алып тастау жағын қарастырып жатырмыз. Яғни БАҚ қосылған құн салығынан босатылады, - дейді ол.
Айта кетсек, биыл елімізде журналистердің құқығы мен бостандығы туралы ұлттық баяндама әзірленеді.