Жаңалықтар

Мемлекеттік балабақшалар қазақ тіліне көшіріледі – министр

Мемлекеттік балабақшалар қазақ тіліне көшіріледі – министр
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 06.06.2023 12:12 1301

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мемлекеттік балабақшаларды қазақ тіліне көшіру жоспары барын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ол Үкімет отырысынан кейінгі кулуарда айтты.

Бүгінгі таңда 11 мыңнан аса балабақша бар. Оның тең жартысы мемлекеттік балабақшалар. Сондықтан жалпы ашылатын орынды, қажеттілікті де көріп отырмыз. Қазақ тіліндегі балабақшаларға қажеттілік те, сұраныс та бар. Жалпы, мемлекеттік балабақшалардың барлығын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесін толыққанды іске асыруға болады деп есептейміз, - деді ол.

Бүгінде бұл мәселемен Мектепке дейінгі білім беру департаменті айналысып жатқанын айтты. Сондай-ақ ол мемлекеттік тілде балабақшаларды ұйымдастыру ешқандай қиындық туғызбайды деп есептейтінін жеткізді.

Өйткені тәрбиешілердің жеткілікті саны бар. Сұраныс та бар. Мамандардың біліктілігіне қатысты айтсақ, оларды оқытудан өткізу, дайындау, қосымша мамандар, логопедтер керек. Солардың бәрін дайындау мәселесі қазір қосымша қолға алынады, - деп атап өтті министр.

БАҚ өкілдері бұл жұмыс қашан аяқталатынын сұрады.

Үздіксіз жүретін дүние ғой. Бұл жұмыс басталып жатыр. Балабақшалар ашылған сайын оның қазақ тілінде болуы қамтамасыз етіледі, - деп түйіндеді Ғани Бейсембаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға