Мемлекетке 265 млн теңгеден астам шығын келтірген қылмыстық топ ұсталды
Жалған шот-фактуралар жазып берген бір топ адам мемлекетке 265 млн теңгеден астам шығын келтірді, деп хабарлайды El.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
ҚМА Қарағанды облысы бойынша департаменті Амангелді Қуаныш есімді ұйымдастырушысы бар бір топқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Олар жұмыстарды іс жүзінде орындаусыз, қызмет көрсетусіз және тауарларды тиеп-жөнелтпей жалған шот-фактуралар шығарумен айналысқан.
«Тергеу барысында Амангелді Қуаныш 2017 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңде үш серіктесімен алдын-ала келісім бойынша қылмысқа барғаны анықталды. Ол пайда алу мақсатында 265 миллион теңгеден астам мөлшерде мемлекетке залал келтірілген, яғни салық салынуы тиіс айналымды жасанды түрде арттыру үшін бақылаудағы тұлғалар атына 29 кәсіпорын сатып алып, тіркеді», - деп жазды ведомстводан.
Сот үкімімен Амангелді Қуаныш, Фуринец Дмитрий, Зинченко Сергей және Амангелді Айдос қылмыс жасағандары үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеумен 2 жылдан 2,5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.