Жаңалықтар

Мемлекетке бірегей никель мен кобальт кен орны қайтарылды – Антикор

Мемлекетке бірегей никель мен кобальт кен орны қайтарылды – Антикор
Фото: gov.kz 31.10.2023 17:49 844

Мемлекет басшысының заңсыз сатып алынған активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау кезінде бұрынғы вице-министр Т. Тоқтабаевқа қатысты қылмыстық істі тергеу аясында мемлекетке Қостанай облысындағы «Шевченковское» бірегей кен орны қайтарылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің telegram арнасына сілтеме жасап.

Кен орнында никель (1,075 млн тонна) және кобальт (585,9 мың тонна) қоры бар. Пайдалы қазбалар қорларының құны 5,6 трлн теңгеден асады. Биылғы 27 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының Т. Тоқтабаевқа қатысты үкімі жарияланды.

Ол пайдалы қазбалардың ірі қорлары бар кен орындарын онымен үлестес адамдарға беру кезінде ауыр зардаптарға әкеп соқтырған лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.Тоқтабаевқа 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасынан айырылды.

Оның төмендегі қымбат мүліктері тәркіленді:

  • Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Көкшоқы ш/а мекенжайы бойынша орналасқан жер учаскесі;
  • Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Алматы бау-бақша серіктестігі мекенжайында орналасқан тұрғын үйі;
  • 2021 жылы шыққан «Mercedes-Benz Maybach S580 4MATIC» маркалы авто;
  • 2021 жылы шыққан «Bentley Bentayga V8» маркалы авто.
  • Коммерциялық 13 ұйымның қатысу үлесі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет активтерді қайтару бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға