Мемлекет басшысының тапсырысы бойынша тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдері әзірленді
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында биылғы жылы болжам бойынша 15 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетіндігін айтты, – деп хабарлайды El.kz.
Бұл 138 мың отбасының баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар премьер-министр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдерін әзірленгендігі туралы айтты.– Жалпы жыл басынан бері бұл салада оң динамика қалыптасып отыр. 5 айда 4,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 39 мың отбасын жаңа баспанамен қамтуға жағдай жасайды, – деді Әлихан Смайылов.
Әлихан Смайыловтың айтуынша биыл жаңа механизмдер есебінен 70 мың азаматқа үйді жалға алу үшін субсидия беру және ауылды жерлерде 2,8 мыңға жуық адамды жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып жатыр.– Ол бірінші кезекте, азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. Енді баспана кезегінде тұрғандар үшін тұрғын үйді бөлу «бір терезе» қағидаты бойынша бір орталықтан, ашық түрде жүргізілетін болады. Оның негізгі операторы – Отбасы банкі. Сонымен қатар, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа механизмдері әзірленді. Онда арендалық төлемді субсидиялау және ауылды жерлерде тұрғын үй салу сияқты қолдау шаралары бар, – деді премьер-министр.