Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Польшаның Сыртқы істер министрі Збигнев Рауды қабылдады

Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Польшаның Сыртқы істер министрі Збигнев Рауды қабылдады
02.06.2022 16:26 1582

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтарға сапары аясында елімізге келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы, Польшаның Сыртқы істер министрі Збигнев Рауды қабылдады,- деп хабарлайды El.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Польшаның Сыртқы істер министрі Збигнев Рауды қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Збигнев Рауға ілтипат білдіре отырып, Қазақстанның Польшамен және осы Ұйыммен арадағы ынтымақтастықты нығайту үшін оның бұл сапарының маңызы зор екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ жалпыұлттық референдумға дайындық барысы туралы әңгімелеп, ЕҚЫҰ-ның осы маңызды шараға баға беру үшін өз Миссиясын жіберу жөніндегі шешімін қолдайтынын айтты.

– Референдум – еліміздегі маңызды саяси өзгерістер үдерісінің бастамасы. Қазақстанда демократияны ілгерілету жұмыстары үздіксіз жалғаса береді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Збигнев Рау Ұйымның әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық бағыттардағы ықпалдастығын жан-жақты талқылады.

Қазақстан Президенті Польшамен арадағы екіжақты ынтымақтастық жөнінде айта келе, осы елді Орталық Еуропа аймағындағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын жеткізді.

– 2021 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 12 пайызға артып, 760 миллион долларға жетті. Өзара сауда-саттықты ұлғайту үшін мүмкіндігіміз мол, – деді Қазақстан көшбасшысы.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады.

– Менің бағалауым бойынша, алдағы референдум Конституцияға өзгерістер енгізу, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру және нарықтық реформаларды ілгерілету жөніндегі Сіздің күш-жігеріңіз тұрғысынан үлкен серпіліс саналады. Алдағы референдум – оң өзгерістерге жол ашатын саяси ерік-жігердің айрықша белгісі. Сіздің еліңіздегі конституциялық реформалар демократия, бостандық және заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға бағытталғанын атап өткім келеді, – деді поляк дипломаты.

Збигнев Рау еліміздегі діни қауымдастықтар және азаматтық қоғам өкілдерімен өткізген кездесулері туралы мәлімдеді. Сондай-ақ ол ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделіне жоғары баға беріп, Қазақстанда тұратын поляк диаспорасына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға