Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Ұлттық домбыра күнімен құттықтады

Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Ұлттық домбыра күнімен құттықтады
03.07.2022 08:33 1637

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Ұлттық домбыра күнімен құттықтады, деп хабарлайды EL.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құрметті отандастар!

Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – еліміз үшін ерекше мейрам. Оны ел болып атап өту арқылы халқымыздың рухын көтеріп, танымын арттырамыз. Сондай-ақ, ұлы дала дәстүрлерін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, төл өнеріміздің құдіретін танытамыз.

Шын мәнінде, қазақтың қара домбырасы – ұлтымыздың бойтұмары. Оның үні әрқайсымыздың жүрегімізге жақын. Өйткені, қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын егіз ұғым. Академик Ахмет Жұбанов «Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі» деп бекер айтпаған. Қастерлі аспаптың қос ішегіне халқымыздың бүкіл болмысы сыйып тұр.

Сонау Кетбұғадан бері жалғасып келе жатқан дәулескер күйшілеріміздің мол мұрасы – баға жетпес рухани байлығымыз. Біз төл өнерімізді дәріптеу арқылы асыл құндылықтарымызды ұлықтай түсеміз. 

Қазір Жаңа Қазақстанды құруға кірістік, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруды қолға алдық. Өркениетті ел болу үшін жаңа дәуірдің жақсы үрдістерін бойға сіңіру жеткіліксіз. Сонымен бірге, салтымызды сақтап, еңбекқорлық құндылықтарын кеңінен дәріптеп, бабалар жолын берік  ұстанамыз.     

Ендеше, жұртымызбен бірге домбыра да мәңгі жасайды. Күй өнері азаттық рухын ұрпақтан ұрпаққа жалғастырады.    

Домбыра әр шаңырақтың төрінде тұрсын! 

Еліміздің мерейі тасып, абыройы асқақтай берсін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға