Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қазақстанның Олимпиадалық құрамасы мүшелерімен кездесті

Рио 2016
07.07.2016 09:57 3497

Қазақстан Президенті қатысушыларға арнаған сөзінде Рио-Де-Жанейродағы Олимпиадада Қазақстан намысын қорғайтын спортшыларға еліміздің ерекше үміт артатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Олимпиадалық құрамасы мүшелерімен кездесті

– Сендер спорттағы біздің олимпиадалық отбасымыздың толыққанды мүшесісіңдер. Қазақстандықтар олимпиада нысандарындағы трибуналарда және теледидар алдында сендерге қолдау көрсететінін ұмытпауға тиіссіңдер. Сендердің қатысуларың барша отандастарымызды рухтандырады және қуантады. Сондықтан сендердің алдағы жеңістеріңді біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған сый ретінде күтеміз. Біз тебіреніс және шынайы толқыныспен сендердің жеңістеріңе сеніп, Олимпиада аяқталған соң жеңімпаздарды елде мақтанышпен және құрметпен күтетін боламыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы қазіргі кезде республикамыз Тәуелсіздік тарихындағы ең мықты спорттық әлеуетке ие екеніне тоқталып өтті.

– Олимпиада алдындағы ресми ойындардың қорытындылары Азия және әлем чемпионаттарында сүбелі нәтижелер көрсетіп жүрген қазақстандықтардың жаңа саңлақ буынын тәрбиелеп шығара алғанымызды байқатты. Жалпы, Қазақстан ұлттық құрамасы Рио-Де-Жанейродағы 2016 жылғы Олимпиаданың басталуына дайын болды. Бүгінде біздің спортшылар 38 олимпиадалық спорт түрінің 26-сы бойынша 100-ден астам лицензия ұтып алды. Мұның өзі жақсы жетістік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы елімізде әрдайым спортқа ерекше мән беріліп келе жатқанына назар аударды.

– Соңғы үш жылдың өзінде олимпиадалық резервті кешенді түрде дайындау үшін халықаралық деңгейдегі спорт нысандары салынды. Олар – АИБА Дүниежүзілік бокс академиясы, Алматыда Дзюдо академиясы, Таразда «Тараз-Арена» стадионы. Сонымен қатар Қарағандыда «Қарағанды-Арена» мұз сарайы мен Астанада жүзу кешені бар көп функционалды мұз сарайы іске қосылды. Бұдан бөлек болашақ олимпиадашыларды Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика орталығы мен Алматыдағы Александр Винокуров атындағы Спорт сарайы даярлауда, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев паралимпиада қозғалысының дамуына да мемлекеттің жүйелі қолдау көрсете отырып, спортпен шұғылдануға ниетті барша азаматтар үшін жағдай туғызып отырғанын айтты.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Олимпиадалық құрамасы мүшелерімен кездесті

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті үш жыл бойы «Қазспорт» бірінші спорт телеарнасы табысты жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.

– Эфирдің жартысынан көбін қазақстандық спортшылардың қатысуымен өтіп жатқан халықаралық және ұлттық жарыстардың көрсетілімі құрайды. Телеарна рейтингісінің жоғарылығы оның қазақстандықтар арасындағы зор танымалдылығын көрсетеді. Спортпен шұғылдану арқылы жеңіске ұмтылыс, күш-қайрат, алға қойған мақсатқа жетуге талпыныс сияқты маңызды қасиеттер жетіледі. Спорт дегеніміз – денсаулық, рухтың күштілігі, отансүйгіштік. Мен жастарымызды дене шынықтырумен және спортпен көбірек шұғылдануға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік жылдарында ең айтулы халықаралық жарыстарда өз елінің туын мақтанышпен алып жүрген дарынды спортшылар шоғыры тәрбиеленгенін атап өтті.

– Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық спорт тарихына Олимпиада ойындарының 17 чемпионының есімі алтын әріптермен жазылды. Біз азаматтарымызды патриоттыққа, саламатты өмір салтына тәрбиелеуде олимпиадашыларымыздың еңбегі қаншалықты зор екенін білеміз. Бүгінде сіздердің алдарыңызда өздеріңіздің спорттық нәтижелеріңіз арқылы бүкіл әлемге Қазақстан спортының әлеуетін тағы да дәлелдеу міндеті тұр. Сіздер жалпыкомандалық есепте барынша жоғары орын иелену үшін ұмтылуға тиіссіздер. Сіздерге олимпиадалық жарысқа сапалы дайындалу үшін қажетті барлық жағдай жасалды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Олимпиадалық құрамасы мүшелерін бар күш-жігерлерін жұмсауға, биік нәтиже мен спорттық бәсекеге ұмтылуға шақырды.

Қазақстанның спорт делегациясы өкілдері өз сөздерінде дене шынықтыру мен спортты дамыту мәселелеріне мемлекет ұдайы назар аударып келе жатқанын айта келіп, Нұрсұлтан Назарбаевқа ақ тілегі мен қолдауы үшін алғыстарын айтты.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті Олимпиадалық құраманың ту ұстаушысы Р. Жапаровқа мемлекеттік туды тапсырды.


http://www.olympic.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға