Мемлекет алматылық кәсіпкерлерге 14 млрд теңге өтемақы төледі
Мемлекет қаңтар оқиғасынан зардап шеккен кәсіпкерлердің шығынын толықтай дерлік өтеп берді. Жалпы қаңтар айында орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматыда 1500-ден астам бизнес нысандары зардап шеккен, деп хабарлайды El.kz.
«Қаңтар айында бүлікшілер 6 дүкенімізді тонап, қиратып тастады. Арбатта орналасқан дүкеніміздегі барлық техника құралдарын адамдар тасып кеткен. 200 миллион теңгеге дейін шығынға ұшырадық. Алғашқы аптада не істеп, кімге барарымызды да білмей қалдық қой. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа шын жүректен алғысымды білдіремін. Дер кезінде болған оқиғаны саралап, шағын және орта бизнес иелеріне өтемақы төлеуді тапсырды. Қолымызда барлық қажетті құжаттар мен түбіртектер, бейнежазбалар болғандықтан, бар-жоғы 1-2 күннің ішінде бәрін жинап, әкімдікке өткіздік. Мемлекет біздің шығынымызды толығымен өтеп берді. Оның 20%-ы салық пен кейбір шығындарды өтеу қажет болған соң мемлекетке төленді. Десе де мұның өзі бізге үлкен көмек болды. Сол қаржымен тауар алып, бизнесті әрі қарай жалғастыруымызға мүмкіндік алдық. Егер мемлекет көмектеспегенде кәсіпті жабуға тура келетін еді», – деді кәсіпкер.
Сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да үнемі қолдау білдіріп, жеке кездесулер өткізіп тұрған.
«Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев сауда орталығына келіп, барлығын бақылап қайтқан болатын. Оларға да рахметімді айтамын. Қазіргі таңда 6 дүкеніміз де жұмыс жасап тұр. Қаңтар айында кеткен шығынның көлемі әлі күнге дейін ақталып жатыр. Мемлекет мүмкіндігінше бастапқы айларда зардап шеккен кәсіп иелері үшін жеңілдіктер жасап, жағдайларының бір қалыпқа келуін қадағалап отырды. Біз кәсіпкерлермен бірге ортақ чат ашып, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, үнемі тығыз байланыста болдық», – дейді Дина Ауежанова.
Айгерим Нұрлыбекова да Алматы қаласында 3 дүкендері тоналып, мемлекет тарапынан төленген өтемақының арқасында шығындарын толығымен қалпына келтіріп алғандарын айтты.
«Қаңтар қырғыны кезінде біздің де 3 дүкеніміз зардап шекті. Біріншісі, ірі сауда орталығы. Екіншісі, 8-ші шағынауданда орналасқан. Үшіншісі, Жібек жолы көшесі бойындағы Арбат. Ең көп, яғни 25 миллион 452 мың теңге шығынға ұшыраған – ірі сауда орталығы болды. Арбат – 2 миллион 388 мың теңге, 8-ші шағынаудандағы дүкен 1 миллион 950 мың теңге шығынға батты. Мемлекет бізге барлық шығынды толығымен өтеп берді. Бірінші төлем ақысын 27 қаңтар күні 15 компанияға берді, оның ішінде біз де бармыз. Толығымен тергеу амалдары жүргізілді. Қолымызда бейнежазбаны көрсетіп, ақпарат бердік», – дейді зардап шеккен компанияның бақылау және тексеру бөлімінің басшысы Айгерим Нұрлыбекова.
Кейбір кәсіпкерлердің өтініштері әлі қарастырылу үстінде екен.
Естеріңізге сала кетсек, еліміздегі қаңтар оқиғасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен шағын және орта бизнес иелерімен кездесіп, аталған мәселеге қатысты лезде шешім қабылдап, оларға қаржылай көмек көрсетуді тапсырған болатын.
Соңғы мәліметтер бойынша, бизнес иелерінің шығыны 98 млрд теңгені құраған. Оның 94,8 млрд теңгесі Алматы қаласында зардап шеккен 1612 кәсіпкерге тиесілі. Бұл қаражаттың 14 млрд теңгесін мемлекет өтеп берді.