Жаңалықтар

Мемлекет басшысының атына Құрбан айт мерекесіне орай құттықтау жеделхаттары келіп түсті

Мемлекет басшысының атына Құрбан айт мерекесіне орай құттықтау жеделхаттары келіп түсті
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 17.06.2024 13:07 498

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Құрбан айт мерекесіне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары мен жеделхаттар келіп түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев өзінің құттықтауында екі ел басшыларының саяси ерік-жігері мен ортақ іс-әрекетінің арқасында халықтарымыз арасындағы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық, ынтымақтастық және тату көршілік қатынастар стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне көтерілгенін атап өткен. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал Қазақстан халқына бақ-береке тілеген.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров адамзатты мейірімділікке үндейтін осынау қасиетті күнде достас Қазақстан халқының барлық арман-ниеті орындалуына тілектестік білдіреді.

Біздің елдеріміз арасында қалыптасқан тығыз әрі достық қарым-қатынас бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін алдағы уақытта да нығая түсетініне сенімдімін, – деп жазылған жеделхатта.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа денсаулық, зор бақыт, аса жауапты қызметіне табыс, ал Қазақстан халқына бейбітшілік пен тұрақтылық, бақ-береке тілеген.

Бауырлас халықтарымызды ортақ мәдени-рухани құндылықтардан, соның ішінде бүкіл мұсылман үмбеті үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мерекесінен бастау алатын берік достық қатынастар мен өзара тілеулестік біріктіреді, – деп жазған Тәжікстан Президенті.

Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов өз құттықтауында тарихи тамыры мыңжылдықтардан басталатын, адамзаттың рухани құндылықтарын паш ететін қасиетті мейрам барша мұсылман үмбетінің өзара түсіністігі мен сенімінің нығаюына ықпал ететінін атап өткен.

Сонымен қатар Құрбан айт мейрамына орай өздерінің ізгі тілектерін БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Әс-Сиси, Иордания Королі II Абдалла, Марокко Королі VI Мұхаммед, Кувейт Әмірі шейх Мишааль әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабах, Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Палестина Президенті Махмуд Аббас, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай Әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрдің орынбасары шейх Мансур бен Заид Әл Нахаян, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Хусрав Нозири, Ислам ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы Хиссейн Брахим Таха және тағы басқалар жолдады.

Қазақстан Президентінің атына құттықтау хаттары мен жеделхаттар әлі де келіп түсіп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға