Жаңалықтар

Мемлекет басшысына еліміздегі криминогендік жағдай туралы ақпарат берілді

Мемлекет басшысына еліміздегі криминогендік жағдай туралы ақпарат берілді
Фото: Ақорда 25.11.2024 16:33 553

Президент ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі криминогендік жағдай туралы ақпарат берілді.

Ержан Сәденовтің айтуынша, жыл басынан бері қылмыстың төмендеуі байқалады. Қылмыстық құқықбұзушылық – 5,5 мыңға, қылмыс 10 мыңға азайған.

Қоғамдық орындарда және кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған құқықбұзушылықтар саны төмендеді. Сонымен қатар қылмысты ашу көрсеткіштері жақсарды.

Министр елімізде «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру, құқықбұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» және оның алдын алу шаралары туралы хабарлады.

Жыл басынан бері әкімшілік құқықбұзушылықтың жолын кесу 40 пайызға артты, соның ішінде ұсақ бұзақылықтың алдын алу 30 пайызға, көлік қозғалысы ережелерін бұзуға жол бермеу 48 пайызға көбейді. Көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілер 32 пайызға артты, олардың қатарында мас күйде рөлге отырғаны үшін жауапқа тартылған азаматтар бар. Іздеуде жүрген 1,6 мыңнан астам қылмыскер ұсталды, олардың 158-і шетелде тұтқындалды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ұйымдасқан, кибер және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық атқару жүйесін жетілдіру және кадр үдерістерін цифрландыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға