Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Вьетнам президенті Во Ван Тхыонгпен келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы Вьетнам президенті Во Ван Тхыонгпен келіссөз жүргізді
Фото: Akorda.kz 21.08.2023 12:03 924

Келіссөз барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы қонақжайлық көрсеткені үшін Во Ван Тхыонгқа алғыс айтып, осы сапарға баса мән беретінін атап өтті.

Қазақстан Президенті ретінде Сіздің еліңізге алғаш рет сапармен келіп отырмын. Мен бұл сапарыма баса мән беремін. Қазақстанда Сіздің елге және Вьетнам халқына зор құрметпен қарайтынын атап өткім келеді. Вьетнамның экономикалық жетістіктері елдеріміздің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға берік негіз болады. Біз екі мемлекет арасындағы экономикалық, саяси қатынастарға баса мән береміз және Вьетнамның экономикалық зор әлеуетін және оның халықаралық аренадағы беделін жоғары бағалаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық жарты миллиард доллардан асқанына, биылғы алты айдың өзінде 600 миллион доллар болғанына назар аударды. Жыл соңына дейін бұл маңызды көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздер екіжақты қатынастарды дамытудың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға