©El.kz/Арман МУХАТОВ

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жобасына қатысқан жастарға алғыс айтты

«Таза Қазақстан» акциясы аясында 4 млн-нан астам ағаш отырғызылды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Былтырдан бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр, бұл баршаңызға аян. Осы жұмысқа миллиондаған азаматымыз атсалысуда. Жұрт болып жұмылудың арқасында 860 мың гектардан астам аумақ тазаланды, төрт миллионнан астам ағаш отырғызылды. Осындай белсенді жұмысты жалғастыра берсек, аңсаған арманымызға жетіп, Қазақстан нағыз жасыл ел болмақ. Ал бұл келешек ұрпаққа керемет үлгі-өнеге және өсиет болып қалары анық, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осы жұмысқа атсалысып жатқан азаматтарға, әсіресе жастарға алғыс айтты.

Мұны ел ішінде жаппай қолдау тапқан жасампаз құндылықтардың жарқын көрінісі, халқымыздың игі істерге деген ұмтылысы деп түсінген жөн. Осы жұмысқа атсалысып жүрген азаматтарға, әсіресе, жастарға ризашылығымды білдіремін.

Тазалық мәдениетін қоғамда терең орнықтыру – өте маңызды міндет. Осы бағытта Үкімет экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуге тиіс. Бұл жұмыс мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін барлық деңгейдегі білім мекемелерін қамтуы қажет, - деді ол.