Жаңалықтар

Мемлекет басшысы су қауіпсіздігін нығайтуды бірлесіп қабылдауға шақырды

Мемлекет басшысы су қауіпсіздігін нығайтуды бірлесіп қабылдауға шақырды
Фото: akorda.kz 04.12.2024 01:30 284

Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған шараларды бірлесіп қабылдауға шақырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Барша адамзат, әсіресе шалғайда тіршілік етіп жатқан тұрғындар мен халықтардың осал тобы санитарлық талаптарға сай келетін таза ауызсуға қол жеткізуге тиіс. Бұл – олардың құқы. Климат пен су инфрақұрылымына арналған мақсатты инвестициялар су көзімен қамтамасыз етіп, орнықты өсімге септігін тигізеді. Осы арқылы тұтас өңірлер өркендейді. Қазақстанның таза ауызсуға жаппай қол жеткізуді көздейтін Freshwater Challenge жаһандық бастамасына қосылуы еліміздің осы мақсатқа жетуге бейіл екенін растайды, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, су көздерін өнеркәсіптік, химиялық, ауылшаруашылық және тұрмыстық ластанудан қорғау ісінде технологиялық инновациялар мен реттеу тетіктерін қолдану қажет. Судан таршылық көрмеудің маңызды аспектілерінің бірі – су қоймаларының әлеуетін арттыру, мұздықтарды сақтау, суарудың инновациялық жүйесін енгізу.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұздықтарды қорғау мен зерттеуге арналған жаһандық орталықтарды біріктіретін серіктестік құруды ұсынды.

Мұздықтар су алмасу циклінде айрықша рөл атқарады. Олар дүние жүзіндегі 2 миллиардқа жуық адамды сумен қамтамасыз ететін өзен-көлдерді қоректендіреді. Сондықтан мұздықтардың еруіне жол бермей, тіршілік нәріне мұқтаж өңірлердегі су ресурстарын басқару стратегиясын қолдау үшін бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірыңғай су саясатын әзірлеген жөн, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев суға байланысты туындайтын табиғат апаттарының алдын алу су қауіпсіздігінің маңызды бөлігі саналатынына назар аударды. Жыл сайын су тасқыны мен қуаңшылықтан әлемде 1,5 миллиардтан астам адам зардап шегеді. Әсіресе, бұл шағын аралдар мен жағалауда тұратын халықтың әлсіз топтарына қатты әсер етеді. Президент азаматтарды қорғау және қауіп-қатерді азайту мақсатында ерте сақтандыру жүйесін жетілдіру өте өзекті деп санайды.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға