Жаңалықтар

Мемлекет басшысы: ШЫҰ «Үш зұлым күшке» бірігіп қарсы тұру мақсатында құрылған

Мемлекет басшысы: ШЫҰ «Үш зұлым күшке» бірігіп қарсы тұру мақсатында құрылған
Фото: Ақорда 03.04.2024 12:22 766

Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымы кезінде өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, «Үш зұлым күшке» бірігіп қарсы тұру мақсатында құрылғанын еске салды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. Президент бұл туралы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесу барысында айтты.  

Бүгінде мұндай қатерлердің сейілмегені өз алдына, олар түрленіп, бұрынғыдан бетер қауіпті бола түсті. Өз кезегінде, біздің тарапымыздан анағұрлым жүйелі әрі батыл шаралар қабылдау қажет. Мемлекеттеріміздің шырқын бұзатын терроризм, экстремизм және сепаратизм әрекеттерінің белең алуына жол беруге болмайды. «Үш зұлым күшке», сондай-ақ трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқауіпсіздік сын-қатерлеріне қарсы күрес Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету кезеңіндегі ең басты басымдықтардың бірі саналады, – деді президент.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау керек. Сонымен қатар Президент ШЫҰ-ның Есірткіге қарсы 2024-2029 жылдарға арналған стратегиясын және оны жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын қабылдау маңызды екеніне тоқталды.

ШЫҰ – жаңарып келе жатқан халықаралық қауіпсіздік архитектурасы негіздерінің бірі. Сондықтан біздің ұйым өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін өзара келісілген әрі нақты қадамдардың үлгісін көрсетуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға