Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Санкт-Петербург қаласындағы бірқатар мәдени нысанға барды

Мемлекет басшысы Санкт-Петербург қаласындағы бірқатар мәдени нысанға барды
Фото: Akorda.kz 26.12.2023 21:48 1070

Мемлекет басшысы Санкт-Петербург қаласындағы бірқатар мәдени нысанға барды, деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына жұмыс сапары барысында Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Санкт-Петербург қаласындағы мәдени нысандарды аралап көрді.

Мемлекет басшысы Санкт-Петербург қаласындағы бірқатар мәдени нысанға барды
Akorda.kz

ТМД мемлекеттері басшыларының бірлескен экскурсиясы «Павловск» мемлекеттік музей-қорығынан басталды. Мұнда олар Павлов сарайының залдары мен экспозицияларын тамашалады. Қонақтардың құрметіне сарайдағы «Грек залы» амфитеатрында «Северная симфония» концерті ұйымдастырылды. Музей-қорық – XVIII ғасырдың соңындағы орыс сәулет өнерінің бірегей үлгісі. Павлов сарайы архитектуралық ансамбльдің ең басты көрнекті бөлігі саналады. Бұл мәдени мұра ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған.

Мемлекет басшысы Санкт-Петербург қаласындағы бірқатар мәдени нысанға барды
Akorda.kz

Содан кейін мемлекеттер басшылары «Царское село» музей-қорығын және Екатерина сарайының залдарын аралап көрді. «Царское село» сарай-саябақ ансамблі – ХVIII ғасыр мен XX ғасырдың басындағы әлемдік сәулет және бағбандық өнерді айшықтайтын ескерткіш. Орыс императорларының бұрынғы жазғы резиденциясы – Ресейдегі халық көп баратын музейлердің бірі. Мұражайға 2022 жылы 2,9 миллион адам келген. Кешеннің негізігі нысаны саналатын Екатерина сарайында әлемге әйгілі Янтарь бөлмесі орналасқан. 

Президенттердің үшінші экскурсиясы «Петергоф» мемлекеттік музей-қорығының Үлкен Петергоф сарайында жалғасты. Делегация басшылары сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, мүсін және кескіндеме өнерінің туындылары мен жиһаздар қойылған бірегей сәулет ескерткішін тамашалады.

Мемлекет басшысы Санкт-Петербург қаласындағы бірқатар мәдени нысанға барды
Akorda.kz

Петергоф музей-қорығы 33 музейден, 414 гектар аумақты алып жатқан саябақтар мен бақтардан және 150-ден астам субұрқақтан тұрады. Сорғы станцияларының жоқтығы субұрқақ жүйесінің тарихи және мәдени ескерткіш ретіндегі бірегейлігі саналады. Инженерлік шешімнің арқасында су 300 жыл бұрынғыдай биіктік пен әртүрлі деңгейдегі субұрқақтар арасынан табиғи түрде құлай ағып жатыр. Сондықтан Петергоф субұрқақтары сәуірдің аяғынан қазан айының ортасына дейін күн сайын таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейді.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға