©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Мемлекет басшысы: Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек

05.01.2026 09:25

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды цифрлық державаға айналдыру мен жасанды интеллектіні дамытуға қатысты көзқарасын егжей-тегжейлі баяндады. Президенттің айтуынша, бұл – елдің жаһандық бәсекеде өз орнын сақтап қалуы үшін аса маңызды стратегиялық бағыт.

Президент алдымен цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуды уақыт талабы деп атады.

Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында.

Мемлекет басшысы қазақстандық қоғамның инновацияларды қабылдауға дайын екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұған елде табысты жұмыс істеп жатқан финтех-компаниялардың тәжірибесі дәлел.

Халқымыздың ой-санасы мұндай жаңашылдықтарға дайын. Қазақстанда азаматтардың өмір салтын айтарлықтай өзгерткен финтех компаниялар бар, – деді президент.

Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі технологиялық бәсекенің күшейіп келе жатқанын да еске салды. Әсіресе АҚШ пен Қытай арасындағы жасанды интеллект саласындағы тартысқа ерекше тоқталды.

АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсеке қыза түсті. Қытай бұл мәселені ұлттың абырой-беделімен байланыстырады. Қазірдің өзінде ол елде жасанды интеллектпен айналысатын бес мыңға жуық компания жұмыс істеп жатыр, – деді мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан да бұл жарыстан шет қалмай, экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп отырғанын айтты.

Еліміздің бастапқы мүмкіндіктері жаман емес. Мемлекеттік қызметтерді, қаржы технологияларын және экономиканың бірқатар секторын цифрландыруда нақты жетістіктеріміз бар, – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық экожүйенің қалыптасып келе жатқанын, ІТ-стартаптарға қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтті.

Astana Hub инновациялық кластері екі мыңға жуық компанияны біріктіріп отыр. 2025 жылы ІТ-қызметтердің экспорты бір миллиард долларға жуықтады, – деді президент.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы цифрлық активтерге арналған CryptoCity пилоттық аймағы құрылып жатқанын, Alatau City қаласының құрылысы басталғанын айтты.

Жасанды интеллектіні дамыту үшін институционалдық негіз де күшейтілуде.

Былтыр Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құрылды. «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылды, жаңа министрлік ашылды. Alem.Cloud және Al-Farabium суперкомпьютерлері іске қосылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кадр даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Президенттің айтуынша, бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында білім алды. Жақын уақытта Жасанды интеллектіге маманданған зерттеу университеті ашылады, – деді ол.

Мемлекет басшысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні ел дамуының басты бағыты ретінде бекіткенін мәлімдеді.

Жасанды интеллект пайда болғалы бері болашаққа ілескен елдер мен ескі заманда қалған елдердің арасы алшақтай түсті. Сондықтан мен бұл бағытты Қазақстанның даму жолындағы басымдық деп жарияладым. Осы жұмыстың табысты боларына сенемін, – деді президент.

Бұған дейін Тоқаев туризмнің дамуына кедергі болатын факторларды атады. Жол апатына себеп болатын жайттарға тоқталды