Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қанат Бозымбаевты қабылдады

Мемлекет басшысы Қанат Бозымбаевты қабылдады
Фото: Ақорда 07.06.2024 16:02 496

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Үкіметтің су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін атқарып жатқан жұмыстары жөнінде мәлімет берілді, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Премьер-Министрдің орынбасары бүгінде 64 мыңнан астам адам өз үйлеріне оралғанын айтты. Эвакуациялық пункттерде тұрғындарға қажетті көмек көрсетілуде. Табиғат апаты кезінде жалпы 11 998 тұрғын үйді, 5359 саяжай құрылысын су басқан.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, зардап шеккен өңірлерде 16715 үй тексеруден өткен. Оның ішінде 15 464 нысанды бағалау жұмыстары аяқталған. Бағалау нәтижесі бойынша 9903 үйді жөндеуге болады, ал 6875 үй қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Жарамсыз үйлердің орнына нарықтан 4525 үй мен пәтер сатып алу, сондай-ақ типтік жобамен 2350 үй салу жоспарланып отыр.

Бүгінде нарықтан 1814 пәтер мен үй сатып алу үшін келісімшарттар жасалған. Зардап шеккен аймақтардағы 841 отбасы бұрынғы бұзылған үйлерінің орнына жаңа баспанаға қоныстанды.

Қазіргі уақытта 4521 отбасы үйлерін жөндеу және қалпына келтіру мақсатында 57,4 миллиард теңге көлемінде өтемақы алды. Жалпы, тұрғын үйлерді қалпына келтіруге 237 миллиард теңге қажет.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына бірреттік төлемдерді төлеу үшін Үкімет тарапынан қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндалды. 2024 жылғы 6 маусымдағы жағдай бойынша 31642 отбасы 100 АЕК мөлшерінде бірреттік төлемақы алды (барлығы 32440 отбасыдан өтініш түсті). Оған жұмсалған қаржы сомасы 11 миллиард теңгеден асады.

Бұл бағыттағы жұмыстар Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Абай, Ұлытау облыстарында толық аяқталды. Ал Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау облыстарында төлем беру жалғасып жатыр.

Бүлінген дүние-мүлікке жүргізілген бағалау ісі аяқталғаннан кейін зардап шеккен тұрғындарға ең қажетті заттар сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде қосымша өтемақы төленеді (5489 отбасы 4 миллиард теңге көлемінде өтемақы алды).

Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмыстары басталды.

Қазіргі уақытта өңірлік комиссиялар шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы сомасы шамамен 377 миллион теңге болатын 34 өтінімін қарап, мақұлдады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы зардап шеккен тұрғын үйлерді бағалау, техникалық тексеру жүргізу ісін жеделдетуді, сондай-ақ оларды салу мерзімі мен құрылыс сапасын бақылауға алуды тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға