Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Петропавл су торабына барды

Мемлекет басшысы Петропавл су торабына барды
Фото: Ақорда 16.04.2024 14:52 578

Іргетасы 1973 жылы қаланған нысан Сергеевка және Петропавл су қоймаларының белгіленген режимде толтырылып, іске қосылуын қамтамасыз ету арқылы Есіл өзенінің ағысын реттейді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, өңірдегі су тасқынына Есіл өзені мұзының еруі және Ақмола облысынан ағын судың келуі себеп болған. Әсіресе, биылғы сең жүру кезеңінде мұздардың кептелісі салдарынан су деңгейі күрт көтеріліп, сел жүрді. Бұл инфрақұрылымның істен шығуына және Есіл өзенін жағалай орналасқан елді мекендерді су басуына әкеп соқтырды. Сондай-ақ ол су тасқынына қарсы іс-шараларға 2500 ерікті белсенді қатысып жатқанын атап өтті. Аймаққа 300 тонна гуманитарлық көмек келді.

Мемлекет басшысына «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Ержан Ыбыраев Солтүстік Қазақстан облысындағы төтенше жағдайдың зардаптарын жою үшін қорғаныс ведомствосының 700 әскери қызметшісі мен 33 техникасы жұмылдырылғанын баяндады. Оның айтуынша, әскерилердің негізгі күші қаптарды құммен толтыру, бөгеттер салу, Петропавл қаласының маңындағы аудандар мен Қызылжар ауданының елді мекендеріне жақын маңдағы жағалауларды нығайту жұмыстарына бағытталған. Су тасқынына қарсы күрес шаралары басталғаннан бері әскерилер жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, бөгеттер салу, оларды нығайту жұмыстарын атқарған. Бұл бөгеттердің жалпы ұзындығы 15 шақырымнан асады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға