Мемлекет басшысы парламенттің жаңа құрылымы мен реформасын түсіндірді
Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттің жаңа құрылымы мен реформасын, оның ішінде сайлау заңнамасындағы өзгерістер мен жұмыс тәртібін жан-жақты түсіндірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Президенттің айтуынша, бұл бағыттағы ұсыныстар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен бес жыл бұрын қабылданған ережелерге сүйенеді.
Бес жыл бұрын енгізілген өзгерістер сайлау заңнамасын жақсартуға едәуір септігін тигізді. Мақсатымыз – межені төмендету арқылы парламенттегі ірі саяси күштердің үстемдігін азайтып, партиялар арасындағы теңдестіруді күшейту еді. Бүгінгі таңда осы норманың тиімділігіне көзіміз жетті: ел тарихында алғаш рет Мәжіліске алты партия өтті. Сондықтан мен бес пайыздық межені қалдырған жөн деп санаймын, – деді президент.
Сонымен қатар президент заң шығарушы органның жұмыс тәртібі мен рәсімдеріне қатысты ұсыныстарға тоқталды. Болашақ парламентте депутаттарды бес жылға сайлау, ал заң қабылдау процедурасын үш кезеңнен тұратын тәртіппен жүргізу ұсынылды.
Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды, одан кейін өзгерістерді талқылап бекітеді, соңында заңды қабылдайды. Осылайша біз парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы саяси реформаларды одан әрі жалғастырамыз, – деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, жаңа парламент құрылымы мемлекеттік институттарды нығайтып, «күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделген саяси жүйе қалыптастырады.
Басты мақсат – билік институттарының жаңа құрылымы баршаға бірдей мүмкіндік беретін әділетті қоғам құру. Түптеп келгенде, парламенттік реформа еліміздің әлеуетін арттырады, әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қарқынын күшейтеді және сапасын жақсартады, – деді президент.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмыс тобына келіп түскен 500-ден астам ұсынысты еске салды. Оның пікірінше, бұл ұсыныстар парламент реформасын одан әрі жетілдіруге, конституциялық органдар мен жалпы мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Болашақ парламент – әділетті, кәсіби және халыққа адал орган болуы тиіс. Бұл – тұрақты мемлекеттік дамудың, әлеуметтік және экономикалық реформаларды тиімді жүргізудің кепілі, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Бірпалаталы парламентке «Құрылтай» деген атау берілетіні туралы жазғанбыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің жедел дамуы жағдайында ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне ерекше назар аударды.

