Жаңалықтар

Мемлекет басшысы «Астана» ХҚО-ны басқару жөніндегі кеңес отырысын өткізді

Мемлекет басшысы «Астана» ХҚО-ны басқару жөніндегі кеңес отырысын өткізді
Фото: Ақорда 05.09.2024 18:33 841

Жиын басталғанға дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы орталығының экожүйесін дамытуға зор үлес қосқан қатысушылар қызметімен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Freedom Finance Global, China Construction Bank Corporation Астана филиалы, Fix Price Group, Grata International және Binance Kazakhstan Technologies компанияларының басшылары өз қызметтерінің нәтижелерін баяндап, инвестициялық жобалар, даму жоспарлары туралы мәлімет берді.

Қазақстан президентінің төрағалығымен «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) басқару жөніндегі кеңес отырысы өтті.

Отырысты ашқан мемлекет басшысы жаһандық капитал нарығындағы қарқынды өзгерістер, жаңа халықаралық сауда-экономикалық байланыстардың қалыптасуы, сондай-ақ елдер арасындағы интеграциялық процестердің нығаюы, қаржы ағынын қайта бөлу жайында айтты.

Президенттің пікірінше, қазіргі сын-қатерлер мен өзгерістер Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Осы орайда Мемлекет басшысы елдің орнықты әрі қарқынды дамуын қамтамасыз етудегі «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңызды рөліне тоқталды.

Салыстырмалы түрде алсақ, қысқа мерзім ішінде АХҚО айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Инвестиция тарту үшін өте ыңғайлы жағдай жасалды. Оның аймақта баламасы жоқ. Инвесторларымызға қолайлы салық, виза және еңбек режимі ұсынылды. Әр инвесторды жеке және кешенді қолдау қағидалары енгізілді. Әділ әрі бейтарап сот жүйесі құрылды. Жаңа цифрлық шешімдердің арқасында IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғынына қолжетімді болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы АХҚО алдында аймақтағы табысты қаржылық хаб ретіндегі мәртебесін нығайту міндеті тұрғанына назар аударды. Сондай-ақ бірқатар өзекті мәселеге тоқталды. Атап айтқанда, Президент ел экономикасына одан әрі инвестиция тартудың маңызын және инвестициялық экожүйені жақсарту қажет екенін атап өтті.

Орталық қазірдің өзінде АҚШ, Еуропа, Ұлыбритания, Азия және Таяу Шығыс елдеріндегі бірқатар серіктестермен тығыз ынтымақтастық орнатты. Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясының ірі компанияларымен инвестициялық жобаларды ілгерілету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі АХҚО-ның инвестициялық әлеуетін және Қазақстан экономикасын айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді. Дегенмен Орталық Үкіметпен және ұлттық институттармен өзара ықпалдастығын жандандырып, реттеуші базаны жетілдіруді жалғастыруы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға