Денсаулық сақтау министрлігі

Мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы талқыланды

19.08.2025 07:34

Денсаулық сақтау министрлігінде кеңейтілген кеңес өтті. Күн тәртібінде мектептердің жаңа оқу жылының басталуына дайындық мәселелері қаралды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Жиынға өңірлердің әкім орынбасарлары, денсаулық сақтау басқармалары мен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері басшылары қатысты.

Кеңес барысында білім беру нысандарының санитариялық жағдайы, оқушыларға медициналық көмекті ұйымдастыру, балалардың сырқаттанушылық деңгейі, орта медициналық персоналдың жасақталуы мен біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар мектептердегі медициналық пункттердің жарақтандырылуы сөз болды.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова оқудың қауіпсіз жағдайларын жасау және балалардың денсаулығын сақтау үшін жергілікті атқарушы органдар мектептерде жүйелі санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті. 

Оқушыларға медициналық көмекті ұйымдастыруды күшейту, кадрлармен қамтамасыз ету, мектеп мейіргерлерінің біліктілігін арттыру және медициналық пункттердің материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелерін шешу қажет. Мектептің әрбір медициналық пункті аумақтық қағидат бойынша емханаға бекітілген. Медициналық көмек көрсету үшін әр оқушыға жеткілікті қаржы бөлінеді, - деді министр.

Профилактикалық қарап-тексерулердің нәтижелері бойынша мектеп оқушыларында тісжегі мен анемия жиі кездесетіні анықталған.

Министр оқушылардың арасында анемияның профилактикасы мәселелеріне ерекше назар аударды. Осыған байланысты ведомство басшысы 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енетін және балалардың жас қажеттіліктеріне жауап беретін теңгерімді және толыққанды тамақтануды қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тамақтану стандартына сәйкес мектеп мәзірін бекітуді тапсырды.

Ведомство мәліметінше, кеңес барысында балалардағы стоматологиялық аурулардың профилактикасын күшейту қажеттілігі талқыланды. Ол үшін жалпы білім беретін мекемелерде кезең-кезеңімен стоматологиялық кабинеттер ашылатын болады. Бұл алғашқы стоматологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға, санитариялық ағартуды және ауыз қуысын уақтылы санациялауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.