egemen.kz

Мектептерде ұжымдық жауапкершілікке баулу аса маңызды – Лаура Қарабасова

Қызылордада өтіп жатқан V Ұлттық құрылтайда Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің ректоры Лаура Қарабасова жастар тәрбиесі, жауапты ата-ана институты және жасанды интеллект саласындағы кадр даярлау мәселелеріне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі қоғамда дайынға иек арту құбылысы әлі де кездеседі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ректордың пікірінше, кейбір ата-аналар тәрбиедегі жауапкершілікті толығымен мемлекет пен білім беру ұйымдарына артып отыр.

Кей ата-аналар тегін жоғары білім алу, жұмысқа тұру секілді барлық мәселені институттар қамтамасыз етуі керек деп күтеді. Алайда саналы, өз ісіне жауапты, қоғамына пайдалы азаматты тек жауапкершілік арқылы ғана қалыптастыруға болады. Ол жауапкершілік ең алдымен отбасынан басталады, – деді Лаура Қарабасова.

Осыған байланысты ол «жауапты ата-ана» идеясын қоғамда терең орнықтырудың маңызын атап өтті. Ал білім беру ұйымдары бұл құндылықты білім беру үдерісінің өзегіне айналдыруы тиіс.

Ректор мектепке дейінгі және мектеп тәрбиесінде баланы қауіпсіз ортада өздігінен әрекет етуге, өмірлік маңызды дағдыларды меңгертуге басымдық беру қажет екенін айтты.

Жапония тәжірибесіндегідей, мектепте ұжымдық жауапкершілікке баулу аса маңызды. Тазалық апталықтары, өз орнын жинау, гүл егу сияқты қарапайым әрекеттердің өзі баланың жауапкершілігін қалыптастырады, – деді ол.

Ал жоғары білім беру жүйесінде студенттің өз елінің болашағы мен қоғам алдындағы жеке миссиясын қалыптастыру басты міндет болуы тиіс. Бұл бір реттік тәрбие сағаттарымен шектелмей, оқу үдерісіне толықтай интеграциялануы қажет.

Осы бағытта Лаура Қарабасова Қ.Жұбанов атындағы университетте екі жыл қатарынан жүзеге асып келе жатқан менторлар институтының тәжірибесін ерекше атап өтті.

Менторлар институты студенттердің ішкі әлеуетін мемлекетшілдік мүддемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Бұл – жастарға құндылықты бағдар беретін тиімді модель. Осы тәжірибені барлық жоғары оқу орындарына, соның ішінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына енгізуді ұсынамын, – деді ректор.

Оның айтуынша, мұндай жүйе арқылы жауапкершілігі жоғары, саналы, еркін ойлайтын адал азаматтардың жаңа толқынын қалыптастыруға болады.

Жиында жасанды интеллект тақырыбына да ерекше назар аударылды. Лаура Қарабасова мемлекет басшысының бұл бағытты стратегиялық басымдық ретінде айқындап бергенін атап өтті.

Жасанды интеллект – ойлау, еңбек және білім жүйесін түбегейлі өзгертетін өркениеттік бетбұрыс. Жоғары оқу орындары бұл үдерістен қалып қоймауы үшін бізге мықты практик мамандар қажет, – деді ол.

Алайда, ректордың айтуынша, қазіргі таңда университеттер еңбек нарығында бизнес сектормен бәсекелесуде қиындық көріп отыр. Осыған байланысты жасанды интеллект және IT саласында кадр даярлау үшін қаржыландырудың жаңа тетіктерін, икемді білім беру бағдарламаларын енгізу қажет.

Сонымен қатар ол постдокторантура бағдарламасы арқылы жасанды интеллект саласындағы білікті жас ғалымдарды өңірлерге мақсатты түрде тартуды ұсынды.

Бұл мамандар тек зерттеумен шектелмей, өңір жастарына озық технологияларды игеру жолында тәлімгер болар еді. Мұндай қадам цифрлық теңсіздікті азайтып, талантты жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді Лаура Қарабасова.

Ректор елімізде жастарға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың ауқымды екенін атап өтіп, Президенттік жастар кадрлық резерві, кәсіпкерлікті қолдау, креативті индустрияны дамыту секілді бастамалардың жастардың кәсіби және азаматтық қалыптасуына серпін беріп отырғанын айтты.

Сөз соңында ол парламенттік реформалар аясында партиялық тізімдерде жастар квотасын сақтау жөнінде ұсыныс білдірді.

Бұл – жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге ықпал етуіне мүмкіндік беретін маңызды құрал, – деп түйіндеді ректор.

Бұған дейін депутат Нұртай Сабильянов өңірлердің әлеуетін арттыруға бағытталған мәселелер көтерген болатын