Мектептегі тамақтың жартысынан көбі қоқысқа кетіп жатыр – депутат дабыл қақты
Қазақстан мектептерінде оқушыларға тегін берілетін ыстық тамақтың едәуір бөлігі желінбей, қоқыс жәшігіне тасталып жатыр. Бұл туралы мәжіліс депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров мектептегі тамақтану мәселелеріне арналған фракция отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жүйедегі қайшылық
Депутаттың айтуынша, бүгінде мектеп асханаларында айқын қайшылық қалыптасқан. Бір жағынан қаржының жетіспеушілігі айтылса, екінші жағынан бөлінген қаражаттың бір бөлігі балалар жемеген ас түрінде ысырап болуда.
Оның пікірінше, ұсынылып отырған тағамдардың шамамен 90 пайызы балалардың талғамына бейімделмегендіктен желінбей қалады. Мәселе тек сапада емес, ас мәзірінің дұрыс жоспарланбауында және кері байланыстың болмауында.
Үйде біз баламыздың не жейтінін ескереміз. Ал мектепте неге баланың таңдауына назар аударылмайды? – деген сауал тастады депутат.
Негізгі мәселе неде?
Депутаттың пайымынша, қолданыстағы талаптар болғанымен, оларды жүзеге асыруда жүйелілік жетіспейді. Балалардың пікірі ескерілмей, мәзір формалды түрде жасалады. Соның салдарынан мемлекет қаржысы тиімсіз жұмсалып, сапасыз немесе сұраныссыз ас қалдыққа айналуда.
Қаржы жетіспейді деп айтамыз, бірақ сол қаражаттың бір бөлігі қоқысқа кетіп жатыр. Бұл – ақылға қонымсыз жағдай, – деді Айдарбек Қожаназаров.
Жаңа талаптар және шектеулер
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі мектеп асханаларына қатысты жаңа тамақтану нормаларын бекітті.
Жаңа ережеге сәйкес:
- газдалған және энергетикалық сусындарға;
- сағыз бен дәмдеуіш қосылған тәтті суларға;
- пастерленген жеміс-көкөніс шырындарына;
- кофе өнімдеріне;
- қуырылған тағамдарға тыйым салынған.
Сондай-ақ тұз бен қанттың мөлшеріне нақты шектеу қойылған:
100 грамм дайын тағамдағы тұз көлемі 0,3 грамнан, ал қант мөлшері 5 грамнан аспауы тиіс. Бұл көрсеткіштер оқушылардың жас ерекшелігіне қарай өзгеруі мүмкін.
Айдарбек Қожаназаров мектеп асханаларына арналған қазіргі стандарттарды қайта саралау керектігін айтты. Оның ойынша, тағамның құрамы ғана емес, оны ұсыну тәсілі де маңызды.
Мәселені шешу үшін рейтинг және антирейтинг жүйесін енгізу ұсынылды. Бұл тәсіл мектеп асханаларының жұмысын бағалап, тиімді тәжірибелерді анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар депутат жауапты органдардың – Оқу-ағарту министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Тамақтану академиясы, кәсіпкерлер мен депутаттардың бірлескен жұмыс тобын құруын ұсынды. Негізгі мақсат – балаларға пайдалы әрі шын мәнінде желінетін сапалы мәзір әзірлеу.

