Жаңалықтар

«Мектепке жол»: Астаналық балаларға оқу сөмкелері таратылды

«Мектепке жол»: Астаналық балаларға оқу сөмкелері таратылды
Фото: gov.kz 25.08.2024 04:27 484

Астана қаласы Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы «Бақытты отбасы» қоғамдық қорымен бірлесіп, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл акцияның өткізілгеніне биыл 10 жыл толып отыр.

Осы комиссияның мүшесі, «Қазақстанның әйелдер күштері альянсы» төрайымының орынбасары ретінде және жеке кәсіпкер, қоғам белсендісі ретінде көптеген жылдардан бері аталған акцияға белсенді атсалысып келеміз. Осындай қайырымдылық іс-шарасын өткізудегі мақсатымыз - нарықта бағаның қымбаттауына байланысты мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналарға көмектесу, осындай балалары бар отбасыларды қанатының астына алып отырған қоғамдық ұйымдарға қолдау көрсету, - деді Астана қаласы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі, кәсіпкер Баян Тойкебаева.

Ол сондай-ақ комиссияның жұмысының бірі қиын жағдайға түсіп қалған әйелдер мен балаларға қолдау көрсету екенін айтты. Комиссия кей кезде аналарды жұмысқа, ал олардың балаларын балабақшаға орналастыруға және басқа да құжаттар бойынша жәрдем көрсетіп келеді.

«Бақытты шаңырақ» ҚҚ денсаулығында кінәраты бар балалар тәрбиелеп отырған отбасын қолдау үшін құрылды. Қордың қанатының астында бүгінде 850 отбасы бар. Мұнда балалар мен ата-аналар үшін оңалту бөлмелері, жалпы білім беретін курстар жұмыс істейді. Сондай-ақ заң тұрғысында және психологиялық кеңестер беріледі, - деді «Бақытты шаңырақ» ҚҚ төрайымы Ботагөз Сұлтанова.

Естеріңізге сала кетейік, 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін аз қамтылған, көп балалы отбасылар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарындағы білім алушыларға «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында демеушілік қаражаты есебінен керек-жарақтары бар мектеп рюкзактары түрінде көмек көрсетіледі. Барлығы 8 500-ден астам баланы қамту жоспарлануда.

Бұл акцияның мақсаты аз қамтылған, көп балалы отбасылар, жетім балалар және жаңа оқу жылының басталуына дайындық кезеңінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарындағы білім алушыларға материалдық көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу болып саналады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға