Жаңалықтар

«Мектепке жол»: Астанада 200-ден астам балаға оқу құралдары таратылды

«Мектепке жол»: Астанада 200-ден астам балаға оқу құралдары таратылды
Фото: Астана әкімдігі 23.08.2024 21:44 537

Елордадағы Достық үйінде Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен Аналар кеңесінің, «Жомарт жан» орталығының қолдауымен өткен іс-шарада 200-ден астам балаға мектеп сөмкесі мен оқу құралдары берілді.

Игі шараның ашылу салтанатына Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов қатысып, акцияға қолдау көрсеткен барлық жанашыр жандарға алғыс білдірді.

Бүгін елорда тұрғындарымен бірге жыл сайын дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясының куәгері болып отырмыз. Бұл акция Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өтіп жатыр. Балаларға мектепке қажетті барлық құрал-жабдықтар беріледі. Осы орайда акцияға атсалып, көмек көрсеткен қалалық Қазақстан халық Ассамблеясына және демеушілерге алғысымды білдіремін, – деді басқарма басшысы.

Астана қаласы ҚХА төрағасының орынбасары Әміржан Әлпейісов акцияның мақсатына тоқталып өтті.

Бүгінгі акцияның мақсаты – оқушыларды мектепке қажетті барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету, тұрмыс жағдайы төмен және көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға жаңа оқу жылы аясында әлеуметтік қолдау көрсету. Аталмыш акцияға елордалық ҚХА жыл сайын белсенді түрде қатысып келеді, – деді Әміржан Әлпейісов.

Естеріңізге сала кетейік, 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін аз қамтылған, көп балалы отбасылар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарындағы білім алушыларға «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында демеушілік қаражаты есебінен керек-жарақтары бар мектеп рюкзактары түрінде көмек көрсетіледі. Барлығы 8 500-ден астам баланы қамту жоспарлануда.

Бұл акцияның мақсаты аз қамтылған, көп балалы отбасылар, жетім балалар және жаңа оқу жылының басталуына дайындық кезеңінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарындағы білім алушыларға материалдық көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу болып саналады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға